Accessibility links

Тоқаев пен Пашинян армян-әзербайжан шекарасындағы жағдайды талқылады


Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев (сол жақта) және Армения премьер-министрі Никол Пашинян Еуразия экономикалық одағы жиынында. 2019 жыл.
Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев (сол жақта) және Армения премьер-министрі Никол Пашинян Еуразия экономикалық одағы жиынында. 2019 жыл.

Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Армения премьер-министрі міндетін атқарушы Никол Пашинянмен армян-әзербайжан шекарасындағы ахуалды талқылады. Бұл туралы Армения премьер-министрінің ресми сайты хабарлады. Хабарламада мәселені Ұжымдық қауіпсіздік шарты ұйымына мүше екі мемлекет билігінің талқылағаны атап өтілген.

"Никол Пашинян Әзербайжанға Арменияның суверенді территориясына қол сұғуға жол бермеу қажеттігін және мәселені шешу үшін ҰҚШҰ бойынша әріптестердің ұстанымын қатар қоюдың маңыздылығын атап өтті" делінген хабарламада. Онда басқа ақпарат айтылмайды.

Ақорда сайты әзірге Тоқаев пен Пашинянның телефон әңгімесі жайлы хабар таратпады.

Бірнеше күн бұрын Армения құрамында Ресей, Қазақстан, Армения, Қырғызстан, Беларусь және Тәжікстан бар Ұжымдық қауіпсіздік шарту ұйымына қайырылып, Әзербайжанмен шекара мәселесі бойынша кеңес өткізуді сұраған. Бұл ұйымға Әзербайжан мүше емес.

Осыған дейін Армения билігі Сюник облысында "әзербайжан әскерінің шекарадан өтіп, бірқатар елді мекендерге жақындағанын" хабарлаған. Әзербайжан жағы Армения аумағына кіргенін жоққа шығарып, сарбаздар бар болғаны қыс айларында жете алмай қалған Әзербайжанның бірқатар ауданына барды деп мәлімдеді. Бакудегі сыртқы істер министрлігі Совет одағы құлағалы бері бұл аумақта демаркация жұмыстары жүргізілмегенін де атап өткен.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG