Accessibility links

Белсенді Мұхаммедовтің соты басталды, ол "полицияны қорлау" бабы бойынша тағы күдікке ілінді


18 мамыр күні Шымкенттің Қаратау аудандық соты тергеу изоляторында бес айдан бері қамауда жатқан азаматтық белсенді Нұржан Мұхаммедовтің ісін қарай бастады. Мұхаммедов "тыйым салынған ұйымның ісіне араласты" деп айыпталып, қаңтарда қамауға алынған. Сейсенбі күні істі қарау кезінде оның "полицияны қорлау" бабы бойынша да күдікке ілінгені белгілі болды.

Мұхаммедовтің айыптау актісін оқыған прокурор оның "ауыр санаттағы қылмыстық іс бойынша айыпталғанын", Нұр-Сұлтан соты қызметіне тыйым салған "Қазақстанның демократиялық таңдауы" және "Көше партиясының" қызметін үгіттеп, насихаттағанын атап өтті. (Аталған екі ұйымды Қазақстан соты "экстремистік ұйым" деп танығанмен Еуропарламент "бейбіт оппозициялық қозғалыс" деп атаған).

Прокурор сотта сонымен бірге Мұхаммедовтің жұртты рұқсат етілмеген митингіге шақырып, билікті алмастыруға тырысқанын, полицияны жария түрде қорлап, тікелей эфирге шығарғанын жеткізді.

Сот құжаттарындағы мәліметке сүйенсек, Мұхаммедов 2020 жылы қараша айында көлікті тоқтатқан патрульдік полиция қызметкерлеріне "тіл тигізген", ал сот психологиялық-филологиялық сараптама оның балағат сөздер айтқанын растаған.

Белсенді Нұржан Мұхаммедов онлайн процеске қатысып отыр. Шымкент, 18 мамыр 2021 жыл.
Белсенді Нұржан Мұхаммедов онлайн процеске қатысып отыр. Шымкент, 18 мамыр 2021 жыл.

Сәуле мөлтекауданындағы ИЧ-167/11 мекемесінен онлайн режимде сотқа қатысқан Мұхаммедов тағылған айыппен ішінара келісетінін айтты. Ол "тыйым салынған ұйымның ісіне араласты" деген айыппен келіспейді. Дегенмен полицияны қорлағанын мойындап, мұндай қадамға құқық қорғау қызметкерінің Конституцияда жазылған құқықтарын шектеп, жүріп-тұруға кедергі келтіргеннен кейін барғанын айтты.

Сейсенбі күні жиырма шақты адам Мұхаммедовті қолдап, сот алдына жиналды. Олар белсендінің саяси көзқарасы үшін қудаланып жатқанын айтып, босатуды талап етті.

Мұхаммедов бұған дейін тағылған айыппен келіспей, екі рет аштық жариялаған. Екеуінде де прокурормен кездескеннен соң аштығын тоқтатқан.

46 жастағы белсенді соңғы бірнеше жылда"саяси тұтқындарға бостандық" талап еткен жиындарға, Қытай экспансиясына, жердің сатылуына қарсы шығып, бірнеше рет әкімшілік жауапқа тартылған. Сот оны "заңсыз митингілерге" қатысқаны үшін бірнеше рет 5 күннен 15 күнге дейін қамаған.

Былтыр қазан айында ол "полицияны қорлады" деп айыпталып, 220 мың теңге (80 айлық есептік көрсеткіш көлеміндегі) айыппұл алған.

Қазақстандық құқық қорғаушылар Нұржан Мұхаммедовті "саяси тұтқындар" тізіміне енгізген.

2019 жылдың 19 қарашасында саяси көзқарасын ашық айтып жүрген белсендінің ауласында тұрған жеке көлігінің айнасын шағып, жүргізуші орындығына иттің басын тастап кеткен. Ол мұны азаматтық белсенділігімен байланыстырған. Бұл туралы полицияға арыз түсіргенімен, әлі күнге иттің басын кім тастағаны анықталмаған.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG