Accessibility links

Зеленский: Украина мен Ресей президенттер кездесуі туралы келіссөз жүргізіп жатыр


Украина президенті Владимир Зеленский. 20 мамыр 2021 жыл.
Украина президенті Владимир Зеленский. 20 мамыр 2021 жыл.

Ресей мен Украина арасында екі ел басшысының кездесуін ұйымдастыру бойынша келіссөз жүріп жатыр. Бұл туралы бейсенбі күнгі баспасөз мәслихаты кезінде Украина президенті Владимир Зеленский мәлімдеді.

Зеленский бұл жайлы сәуір айында да айтқан, кездесуді қарулы қақтығыс жалғасып жатқан Донбаста өткізуге болатындығын да алға тартқан. Артынша Путин Зеленскийді Мәскеуге шақырып, одан кейін бұл мәселе жария түрде талқыланбаған.

Кремльдің баспасөз хатшысы Дмитрий Песков Киев пен Мәскеу арасында келіссөз жүріп жатқанын жоққа шығармады, бірақ "процесс оңай өтіп жатқан жоқ" және әзірге тек болжамнан асқан жоқ деді.

Зеленский баспасөз мәслихаты кезінде Путинмен кездесу керектігін, онсыз Донбастағы соғысты тоқтату мүмкін емес екенін айтты. Украина басшысы сонымен бірге Путинге мінездеме беруден де бас тартты. Көптеген украиналық саясаткер оны "агрессор" әрі "қылмыскер" деп атайды.

"Егер анау-мынау деп оқиғаны ушықтырып алсам, бұған кешірім жоқ. Мен үшін басты нәрсе – соғысты аяқтау, ал одан кейін кім жайлы не ойлайтынымды айта жатармын" деді ол.

Зеленский баспасөз жиыны барысында Украинаның шетел одақтастарының қолдауына үміт артатынын, бірақ Германия мен Францияның "соңғы кезде Ресейге қатысты ұстанымы біраз әлсіреп кеткенін" атап өткен.

Зеленский сонымен бірге тамыз айында Украина тәуелсіздігінің 30 жылдығын атап өту жоспарына тоқталған. Жоспарда "Қырым платформасы" халықаралық форумы, әскери және теңіз парадтарын ұйымдастыру қарастырылған.

Ішкі саясат мәселелеріне тоқталған Зеленский өзіне дейін елді басқарған Петр Порошенко мен алдағы президент сайлауына қатысуы мүмкін делінген Киев мэрі Виталий Кличконы сынаған.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG