Андрей Дмитриевич Сахаров 20-ғасырдағы адам құқықтары үшін күресіп, Совет одағының тоталитар режиміне ашық қарсылық танытқаны үшін Нобель бейбітшілік сыйлығын алған аса көрнекті тұлғалардың бірі ретінде көптің есінде қалды. Бірақ екінші жағынан, ол – советтік "сутек бомбасының авторы", яғни адамзатты жоюы мүмкін жойқын қару жасауды тездеткен адам. Әйгілі диссиденттің туғанына биыл 100 жыл толды.
Бұл материалда кемеңгер физиктің Совет одағындағы өзгеше ойлайтындар символына қалай айналғанын көрсететін фотолар жинақталған. Суреттер Андрей Сахаровтың архиві мен өзге де дереккөзден алынды.
Андрей Сахаров 1921 жылғы 21 мамырда Мәскеуде зиялы отбасында дүниеге келген.
Ресейдегі большевиктер төңкерісінен кейін туған көптеген замандасы сияқты Андрей Сахаров та әлеуметтік теңсіздік пен әділдік секілді коммунистік идеяларды бойына сіңіріп өсті.
Оның тұлға болып қалыптасуына отбасының ықпалы зор болды.
Андрей Сахаровтың әкесі Дмитрий физика пәні мұғалімі болған, сол пән бойынша оқулықтар жазған.
Гуманистік дүниетанымы кең, ұстанымына берік және мәдениетті Дмитрий ұлының интеллектуалды дамуына көп ықпал еткен.
Оған шіркеуге барып жүретін анасы Екатерина мен әжесі, яғни, әкесінің анасы Мария Петровна да көп ықпал еткен.
Сахаров "монғолдыкіне келіңкірейтін көзінен" бөлек "қыңыр, жұртпен араласуға шорқақ мінезі" де соларға ұқсағанын жазған.
Әкесі Андрейді үйде оқытқан және бұл әдеттен тыс жағдай еді. Алайда бұл баланың біліміне пайдалы болған сыңайлы. 1933 жылы 12 жасында ресми оқуға бара бастағанда-ақ оның ғылымға икемі байқалған. Бес жылдан кейін ол Мәскеу мемлекеттік университетінің физика факультетіне оқуға түскен.
Андрейдің университеттегі оқуы әлемдегі дүрбелең кезеңге тап келді. 1941 жылы Германия Совет одағына басып кіргенде, ол әскерге жарамсыз болып шықты та, майданға қару ұстап бармады. Бірақ соғыстың еліне қандай қасірет, ойран әкелгенін көрді. Билік студенттерді әуе шабуылы, өрт сөндіру және құрал-жабдықтарды тиеу, жүк түсіру секілді жұмыстарға тартатын, көппен бірге Андрей де сондай жұмыс атқарды.
Андрей Сахаров оқитын топ оқуды Түркіменстанда аяқтауға мәжбүр болды. Оқу орны Ашғабатқа көшіріліп, Сахаров 1942 жылы оқуды үздік бітірді.
Сахаров әскерге көмектесу үшін оқуын тоқтатты. Осылайша ол Ульяновск қаласындағы оқ-дәрі зауытына ғылыми жұмысқа жіберілді.
Жұмыстың қиындығына қарамастан, кейінірек ол "өндірісті басқару саласында көп нәрсе ойлап тапқанын" айтты.
Бос уақытында ол физика теориясы бойынша академиялық мақалалар жазды.
Мақалалар еш жерде жарияланбағанымен, оның сөзінше, жазу процесі оған "әр зерттеуге қажет сенім" ұялатқан.
Андрей Сахаров алғашқы жары Клавдия Вихиревамен Ульяновск қаласында танысты. Бойжеткен болашақ жары жұмыс істеген зауытта зертханашы болған.
1943 жылы үйленген ерлі-зайыптының үш баласы бар. Клавдия 1969 жылы қатерлі ісік дертінен қайтыс болды.
Соғыс аяқталған соң Андрей Сахаров Мәскеуге оралып, ФИАН физика факультетіне оқуға түсті. Ол жерде Андрейге Игорь Тамм жетекші болды.
Кейін Нобель сыйлығын алған танымал физик ғалым Тамм студент Сахаровқа көп ықпал жасады. Кәсіби деңгейі өте жоғары, зерттеулерінде моральды стандарттан ауытқымайтын Тамм академиялық дүниетанымымен Сахаровты өзіне тәнті етті.
Игорь Тамм да Андрей Сахаровты құрметтеген. Ол бірде жас шәкіртінің "бар интеллектуалды күш-жігерін физикаға жұмсайтынын" айтқан.
Сахаров таңдаған саласын құлшыныспен қабылдағанымен, 1945 жылғы тамызда Хиросимаға алғашқы атом бомбасы тасталғанын естігеннен кейін істеп жатқан жұмысы туралы мазасыздана бастаған.
"Күйзелгенім сонша, аяғым дірілдеп кетті. Менің және басқа да көп адамның, тіпті, бүкіл әлемнің тағдыры бір түнде өзгеріп шыға келгенін түсіндім. Біздің өмірімізге жаңа және өте қорқынышты нәрсе кірді, әрі бұл мен басымды иетін саланың, ғылымның жемісі" деді ол.
"ҰЛЫ МІНДЕТ"
Зерттеу саласының даму бағытына ерте қауіптенгеніне қарамастан, Андрей Сахаров 1947 жылы екі жылдың ішінде физика бойынша доктор дәрежесін қорғап, бір жылдан кейін Игорь Тамм жетекшілік ететін сутек бомбасын жасау тобына қосылды.
Алдымен Сахаров қару жасау ісімен беріліп айналысты. "Біз бәріміз бұл жұмыстың әлемдегі қауіпсіздік үшін өмірлік маңызы барына сендік. Біз міндеттің ұлылығына таңданумен болдық" деп жазды ол кейін.
Андрей Сахаровтың Саров деген "құпия қаладағы" ядролық зерттеулер нысанында пайда болған идеяларының көбі СССР-дің 1955 жылы жарылған алғашқы "нағыз" сутек бомбасын жасау үшін өте маңызды деп саналды.
Совет одағы Сахаровтың ғылыми жұмысын жоғары бағалады. Ол 32 жасында Совет академиясына қабылданған ең жас ғалым атанды. Сонымен қатар көптеген атақ алып, Коммунистік партияға кіруден бас тартса да, большевиктер элитасына тән артықшылықтың бәріне ие болды.
Жеткен жетістігіне қарамастан, Сахаров кейінірек "бұл жұмыстың моральдық жағын көбірек түйсіне бастағанын" айтты.
Өзі жасауға көмектесіп жатқан қарудың жойқын күшінен қауіптенген Сахаров радиоактивті қалдықтың бірнеше ұрпақ бойы мыңдаған адамның ажалына себеп болатынын түсініп, ядролық қаруды жер үстінде сынауға қарсы шықты.
"Радиоактив көміртектің салдары болашақтағы құрбандардың алдындағы моральды жауапкершілікті азайтпайды. Ой-өрістің тарлығы ғана біздің көз алдымыздан тыс жерде болып жатқан қасіретті елемеуге мүмкіндік береді" деді ол.
Сахаровтың интеллектуалды дамуына әсер еткен оқиғалардың бірі - "Царь бомбаны" әзірлеу болуы мүмкін. Мұндай қаруды жасаудың дұрыс шешім екеніне күмәнданса да, Сахаров партия нұсқауына бағынып, осы күнге дейін адамзат жарған ең қуатты қарудың сынағын өткізуге көмектесті.
Сахаров 1962 жылы Екінші дүниежүзілік соғыстағы жарылыстардан қуаты 10 есе көп бомбаны тастау бұдан да күшті қаруды сынағысы келген совет билігін қанағаттандырды деп ойласа, қателескен болар еді.
Мұндай қаруды сәтті сынау пропаганданы тым қатты еліктіреді. Сахаровтың ресми қарсылығына қарамастан, совет лидері Никита Хрущев бірнеше айдан кейін ғалымдарға тағы бір көп тонналық бомба жаруды жүктеді.
Сахаровтың совет режиміне төзімі таусылды.
"Сұмдық қылмыс жасалды және мен оның алдын ала алмадым. Дәрменсіздік, адам төзгісіз күйініш, ұят пен қорлық сезіндім. Басымды үстелге қойып, жыладым. Бұл менің өмірімдегі ең сұмдық сабақ болды: екі кеменің басын ұстаған суға кетеді" деді ол.
Хрущевтің әрекеті Сахаровты ядролық қару сынағына ымырасыз қарсы тұруға итермеледі. Кейбіреулер 1963 жылы Совет одағының сынаққа жартылай тыйым салуына Сахаровтың маңызды рөл атқарғанын айтады.
Андрей Сахаров қуғынға ұшырағандарды қолдап, адам құқығын қорғаушылар қатарына қосылды. Осылайша ол Совет одағындағы өзгеше ойлайтындардың символына айналды.
1968 жылы Андрей Сахаров "Даму, бейбіт өмір мен интеллектуалды еркіндік туралы ойлар" деген эсселер жинағын шығарып, өзі қызмет еткен совет режимімен байланысын үзді.
Бұл еңбек Батыс елдеріне жетіп, The New York Times газетінде жарияланды. Адамзатты ядролық және экологиялық апат секілді "үлкен қауіпке" қарсы бірге күресуге үндейтін еңбек резонанс туғызды.
Әрине, билік "өз адамы" санаған ғалымның сынын және адам құқығын сыйлайтын демократиялық социализм орнатуға үндеуін қош көрмеді.
Сахаров әскери бағдарламалардан аластатылып, барлық сый-сияпат, жеңілдіктен айырылды.
Ғылыми жұмысы іргелі физиканы зерттеумен шектелген кейінгі бірнеше жылда ол саяси белсенділікке ден қойып, көпшілік алдында адам құқығын қорғап сөйлейтін болды. Бұл ресми Мәскеудің ашу-ызасын туғызды.
1970 жылы құқық қорғаушылардың соты кезінде ол дисседант әріптесі Елена Боннэрмен танысты. Екеуі екі жылдан кейін үйленіп, Сахаров өмірден өткенше бірге болды.
Андрей Сахаровтан Мәскеуде барлығы сырт айнала бастағанына қарамастан, Батыста оның аты жиі аталды және ол ең танымал совет диссидентіне айналды.
Ол Боннэр екеуі адам құқықтары саласында тынбай жұмыс істеп, оппозициялық ой-пікір орталығына айналды. Олардың Мәскеудегі пәтері құқық қорғаушы топтар жиналатын жер болатын.
Совет билігі басқа диссиденттерді ұстап, жиі қудалайтын. Ал Сахаровтың танымал ғалым болуы әйелі екеуіне шетел тілшілеріне сұхбат беруге мүмкіндік берді. Дегенмен, оларды КГБ жиі аңдып, баспасөз құралдары айыптап жататын.
Сахаровтың "адамзаттың ар-ожданы" ретіндегі беделі артып, ғалым 1975 жылы бейбітшілік бойынша Нобель сыйлығын алды. Бұл Совет одағы басшылығын ашуландырғаны сонша, билік оған Ослоға сыйлықты алуға баруына рұқсат етпеді.
Сол кезде шетелге көзіне операция жасатуға шыққан Елена Боннэр күйеуінің атынан сыйлықты өзі барып алды.
Норвегияда Боннэр оқып берген сөзінде Андрей Сахаров "бейбітшілік пен адам құқықтары принциптері жеңіске жететініне" сенім білдірді.
Ол осы сыйлықты басқа диссиденттерге де арнап, бұл сыйлық "Совет одағындағы барша ар-ождан тұтқындарына және еркіндік үшін күресіп жүрген Шығыс Еуропа елдеріне ортақ" болуы керегін айтты.
Нобель сыйлығының иегері атануы қудалаудан қорғады. Бірақ 1979 жылы Сахаров совет өкіметінің Ауғанстанға әскер кіргізуін сынап, Мәскеуде өтетін олимпиада ойындарына бойкот жариялауды қолдаған соң оның диссидент қызметі Мәскеудің дегбірін қашырды.
1980 жылдың басында билік оны Мәскеуден аластап, ел астанасынан 400 шақырым жердегі Горький қаласына тергеу-сотсыз жер аударды. Боннэр төрт жылдан кейін жер аударылды.
Совет билігі бұл әрекет Сахаровтың үнін шығармайды деп ойласа, олар қателескен. Халықаралық БАҚ-та батыс ғалымдары оның атынан науқан жүргізгендіктен Сахаровтың аты бұрынғыдан да тез танылды.
Оның бірнеше рет аштық жариялауы оппозиция символы ретіндегі мәртебесін нығайта түсті. Коммунистік элита да оның ұстанымының ықпалында болды деген де сөз бар.
Қайта құру дәуірі жылдам күш алып, Сахаровтың жұмысы реформа қозғалысының интеллектуалды негізіне айналды.
Совет лидері Михаил Горбачевтің қайта құру және жариялық саясаты нығайып, 1986 жылғы желтоқсанда Сахаровтың Мәскеуге оралуына рұқсат берілді.
Саяси бюро Сахаровтың бостандығы олар жүзеге асырмақ боп жатқан реформаның заңдылығын көрсетеді деп үміттенді. Ал Сахаров Мәскеуге оралған соң басқа саяси тұтқындарды босатуды талап етіп, өзгеріске үндеді.
Денсаулығы сыр бергеніне қарамастан, Сахаров бірнеше жыл өзгерістер үшін жұмыс істеп, Халық депутаттары съезіне сайлануға тырысты. Сол жерде ол конституциялық реформалар мен биліктегі коммунистік партия монополиясын тыю туралы үнемі айтып жүрді.
Боннэр мен Сахаров өз елінде де, шетелде де совет оппозициясының ең танымал өкілдері болды.
Танымалдығының арқасында Сахаров бұдан да ауқымды реформаларға халықаралық қолдау табу үшін шетелге шықты. Ол көптеген әлем лидері мен ықпалды адамдардың назарында болды.
Бұл белсенділік денсаулығына әсер етіп, Сахаров 1989 жылы 14 желтоқсанда, айдаудан оралғаннан кейін үш жыл өткен соң кенеттен жүрегі тоқтап қайтыс болды.
Ол Берлин қабырғасының құлағанын көріп, ұзақ өмір сүргенімен, еліне керек кезде дүние салды.
"АР-ОЖДАН СИМВОЛЫ"
Чехословакияның бірінші посткоммунист президенті, бұрынғы диссидент Вацлав Гавел журналистерге: "Сахаровтың көз жұмғаны Совет одағы үшін үлкен трагедия, себебі өлмегенде, ол президент болар еді" деді.
Вацлав Гавел "біріктіруші дара тұлға" деп сипаттаған адам СССР құлаған кезде тірі болғанда не болар еді деген жорамал жиі айтылады.
Совет одағының сарқыншағынан құрылған ел Сахаров елестеткен "адамның негізгі азаматтық және саяси құқықтарын құрметтейтін ашық плюралистік қоғамнан" әлдеқайда алыс.
Бірақ ол табандылықпен күрескен идеалдардың әлемнің түкпір-түкпірінде әлі де мәні бар. Құрылуына Сахаров атсалысқан "Мемориал" және Мәскеу Хельсинки тобы секілді құқық қорғау ұйымдары бүгінгі күні ондаған жыл бұрынғыдай әлі де маңызды.
1988 жылы Еуропарламент Сахаровтың келісімімен адам құқықтарын, негізгі бостандықтарды қорғайтын ұйымдар мен адамдарға Сахаров атындағы "ой еркіндігі үшін" сыйлығын бере бастады.
Сахаров сыйлығын алғандар тізімі өзгеше ойлайтындар тізімі секілді көрінеді. Онда саяси тұтқын Нельсон Мандела (ОАР), пәкістандық белсенді Малала Юсуфзай, украин кинорежиссері Олег Сенцов және Беларусьтің қазіргі наразылық қозғалыстары бар.
"Авторитар режимдер мен популистік күштер негізгі бостандықты шектеп, адам құқықтары принциптеріне күмән келтіргенде", Андрей Сахаров секілді мораль символы демократия принциптері үшін күресушілерге рух берді" дейді Еуропарламент президенті Давид Мария Сассоли.
ПІКІРЛЕР