Accessibility links

Беларусьтік саяси тұтқын Витольд Ашурок колонияда қайтыс болды


Витольд Ашурок
Витольд Ашурок

Беларусьтің Шклов қаласындағы колонияда елдің құқық қорғаушылары "саяси тұтқын" деп таныған белсенді Витольд Ашурок қайтыс болды. Ол былтыр билікке қарсы наразылыққа шыққаны үшін 5 жыл бас бостандығынан айыру жазасына кесілген. Бұл жөнінде Азаттықтың Беларусь қызметі хабарлады.

Ашуроктың қайтыс болғанын Беларусьтің тәуелсіз ақпарат құралдары мен белсендінің әріптестері растады.

"Наша Нива" басылымының хабарлауынша, 50 жастағы Ашуроктың жүрегі тоқтап қалған.

Витольд Ашурок – былтыр тамыздағы президент сайлауынан соң болған жаппай наразылықтар үшін қамалғандардың арасында колонияда көз жұмған бірінші адам.

Сайлауда авторитар басшы Александр Лукашенко жеңімпаз деп танылған. Оппозиция да, Батыс елдері де сайлау нәтижесімен келіспей, Беларусь басшылығын жаңа сайлау өткізуге шақырған. Батыс елдері Александр Лукашенко мен оның айналасындағыларға, наразылықты басып-жаныштап жатқан билік өкілдеріне санкция салды.

Колониядан хат жазған Ашурок колониядағы саяси тұтқындардың киіміне арнайы сары белгі жапсырып қоятынын, абақтыда саяси тұтынның "тым көп" екенін айтқан.

Витольд Ашурок Лида қаласының маңындағы Березовка ауылында тұрған. 9 тамызда Лидада өткен наразылық жиынына қатысқан оны полиция ұстап, он күн әкімшілік қамауға алған. Қыркүйекте қайта ұсталған ол содан кейін бостандыққа шықпады. Оған "қоғамдық тәртіпті бұзды", "милиционерге күш қолданды" деген айып тағылып, үстінен қылмыстық іс қозғалды. Іс жабық жағдайда қаралды.

Ашурок оппозициялық "Беларусь халық майданы" (БНФ) партиясының белсенді өкілі болып, депутат сайлауына түсуге талпынған, экология мәслелерін көтерген.

Былтыр жаз бен күзде өткен Александр Лукашенко режиміне қарсы жаппай наразылық акцияларына жүздеген мың адам қатысып, ондаған мыңы ұсталған, олардың көбі соққыға жығылып, зорлық көрді. Жүздеген адамның үстінен қылмыстық іс қозғалып, біразы колонияға жіберілген, кейбірі әлі тергеу абақтысында отыр.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG