Accessibility links

Шымкентте прокурор соттан үш белсендінің бас бостандығын шектеуді сұрады


Шымкенттік белсенділер Ерлан Файзуллаев, Нұржан Әбілдаев, Жанмұрат Аштаев. (Сол жақтан оң жаққа қарай). Шымкент, 26 ақпан 2021 жыл.
Шымкенттік белсенділер Ерлан Файзуллаев, Нұржан Әбілдаев, Жанмұрат Аштаев. (Сол жақтан оң жаққа қарай). Шымкент, 26 ақпан 2021 жыл.

28 мамыр күні Шымкенттің Қаратау аудандық сотында прокурор "тыйым салынған ұйымның қызметіне араласты" деп күдікке ілінген азаматтық белсенді Жанмұрат Аштаевтың бостандығын – 2 жылға, Ерлан Файзуллаев пен Нұржан Әбілдаевтың бостандығын 1 жыл 6 айға шектеуді сұрады. Бұл туралы сотқа онлайн қатысқан Азаттық тілшісі хабарлады.

Прокурор Әйгерім Балтабаева үш белсенді жұртты митингіге шақырып, Нұр-Cұлтан экстремистік деп танып, жұмысына тыйым салған "Қазақстанның демократиялық таңдауы" және "Көше партиясының" қызметіне араласқанын айтады. Мұны бірнеше сараптама дәлелдегенін де алға тартты.

Белсенді Жанмұрат Аштаев "тыйым салынған ұйымның қызметіне араласу" бабынан бөлек "Есірткі, психотроптық заттармен заңсыз жұмыс істеу" бабы бойынша да күдікке ілінген. Тергеу органдары есірткі заттың Аштаев жалға алып, отбасымен бірге тұрып жатқан үйдің жанынан табылғанын айтады.

Ал белсенділер тағылған айыппен келіспейді. Олар тағылған айыпты саяси белсенділігімен байланыстырады. Аштаев есірткі затын пайдаланбағанын, сақтамағанын айтады. Оның сөзіне қарағанда, полиция үйін тінтуге келгенде көрші үйдің аумағынан есірткі затын тапқан. Ол есірткі заттың ол жаққа қалай келгенінен бейхабар.

Жұма күні белсенділердің соты өтіп жатқан кезде оларды қолдап келген отыз шақты адам наразылық ретінде ауыздарына скотч жапсырып отырды.

Белсенділерді қолдап келген адамдар. 28 мамыр 2021 жыл.
Белсенділерді қолдап келген адамдар. 28 мамыр 2021 жыл.

Ақпаратқа қарағанда, Аштаев, Файзуллаев, Әбілдаев 2020 жылы 19 қазанда Файзуллаевтың Facebook парақшасынан тікелей эфирге шығып, "тыйым салынған ұйымдарды" қолдаған. Былтыр қараша айында полиция үш белсендінің үстінен қылмыстық іс қозғап, үйін тінткен. Екі күннен кейін үйқамаққа қамаған.

Азаматтық белсенділер Нұржан Әбілдаев, Мұрат Аштаев пен Ерлан Файзуллаев бұған дейін "Жерді сатуға қарсы шығып", "саяси тұтқындарға бостандық" талап еткен, "Қытай экспансиясына қарсы" наразылық шараларына да қатысқан. Сол үшін бірнеше рет әкімшілік жазаға тартылып, қамалған.

Нұр-Сұлтан соты "Қазақстанның демократиялық таңдауы" мен "Көше партиясы" қозғалыстарын "экстремистік ұйым" деп танып, қызметіне тыйым салған. ҚДТ-ны бұрынғы банкир, шетелде қуғында жүрген оппозициялық саясаткер Мұхтар Әблязов құрған. Еуропарламент екі ұйымды да "бейбіт оппозициялық қозғалыс" деп таныған.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG