Accessibility links

Нұр-Сұлтанда мүгедектер кезексіз баспана беруді және жәрдемақыны өсіруді талап етті


"35 мың теңгеге өмір сүріп жүрміз, жұмыс істей алмаймын". Мүгедек адамдар үкіметке наразы
please wait

No media source currently available

0:00 0:02:31 0:00

28 мамырда Нұр-Сұлтан қалалық әкімдігі алдына он шақты мүгедек жиналып, наразылық білдірді. Олар денсаулығына байланысты жұмыс істей алмайтынын, мемлекет беретін жәрдемақының жетпейтінін айтып, үкіметтен 3-топтағы мүгедектерге кезексіз баспана беруді талап етті.

Наразылардың қолында "Мүгедектерге кезексіз баспана берілсін!" және "Жәрдемақы көбейсін!" деген жазуы бар плакаттар болды. Әкімдік алдына келгендердің кейбірі 3-топтағы мүгедек. Олар өздерін 1 және 2-топтағы мүгедектермен теңестіруді қажет екенін жеткізді.

Мәселе көтере келген мүгедектердің жанында ата-анасына еріп келген балалар да болды. Олар да баспана мен жәрдемақыға қатысты талап жазылған плакаттар ұстап тұрды.

9 жасынан бері талма (эпилепсия) дертіне шалдыққан, екі бала тәрбиелеп отырған 3 топтағы мүгедек Назгүл Шоқаева мемлекеттің көмегіне зәру екенін айтты.

- Мүгедектік жәрдемақы – 35 мың теңге. Бала кезімнен ауырғандықтан тағы 7 мың теңге береді. Барлық жәрдемақының көлемі 43 мың теңгедей ғана. Өзім уақытша баспана жалдап тұрамын. Айына бірнеше рет талып қалатыным бар. Одан кейін 10 күндей өткесін ғана есімді жинаймын. Осы 10 күнде адам танымай, зомби сияқты жүремін. Ауыратынымды білгеннен кейін ешкім жұмысқа алмайды, - дейді Шоқаева.

Әкімдік алдында плакат ұстап тұрған наразылар. Нұр-Сұлтан, 28 мамыр 2021 жыл.
Әкімдік алдында плакат ұстап тұрған наразылар. Нұр-Сұлтан, 28 мамыр 2021 жыл.

Нұр-Сұлтан қаласындағы мүгедек азаматтардың құқығын қорғап жүрген құқық қорғаушы Болатбек Біләлов баспана мәселесін шешудің жолын айтып, әкімдікке де, үкіметке де хат жазғанын айтады. Оның сөзінше, билік қаласа, қоғамның қорғансыз тобының тұрмыстық жағдайын реттеуге болады. Ол осы мәселеге орай арнайы жоба дайындап, билікке өткізген.

- Мүгедектердің баспана мәселесін пәтер жалдауға қаржы бөлу арқылы шешуге болады. Үкімет өзін-өзі асырай алатын, тепсе темір үзетін әскерилер мен полицияға пәтер жалдауға ақша береді. Ал қауқарсыз мүгедектерге көңіл бөлмейді. Бұл әділдікке жатпайды, - дейді құқық қорғаушы.

Болатбек Біләловтың сөзінше, Қазақстан мүгедектер құқын қорғау туралы халықаралық құжаттарға қол қойып, міндеттеме алса да, мәселені шешу үшін іс жүзінде ешқандай шаруа жасамай отыр.

Шара өтіп жатқан жерге полиция келмеді. Бірақ тұрғындар жинала бастағанда әкімдіктен бірнеше қызметкер шықты. Журналистерге пікір берген қала әкімінің әлеуметтік мәселе бойынша кеңесшісі Қуаныш Молдабек әкімдікте де, үкімет пен парламентте мүгедектер жағдайы қаралып жатқанын, бұл бағытта бірнеше кездесу өткенін айтты. Ал наразы топ әкімдіктің мәселені шешпейтінін, шараның журналистер арқылы қоғамға мәселесін жеткізу мақсатында ұйымдастырылғанын алға тартты. Жиналғандар бір сағаттан соң тарады.

Нұр-Сұлтан қаласында бұған дейін де мүгедектігі бар азаматтар әлеуметтік жағдайдың нашарлығына шағымданып, наразылық өткізген.

2015 жылы Қазақстан БҰҰ-ның мүгедектер құқығы жөніндегі Конвенциясын ратификациялап, мүмкіндігі шектеулі азаматтарға қатысты көп міндеттемені мойнына алған. Бірақ кейбір мамандар осы уақыт аралығында мүгедектер жағдайына байланысты айтарлықтай өзгеріс көрмегенін айтады.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG