Accessibility links

Астана LRT-дағы ақша жымқыру ісі бойынша үкім шықты. Ең ауыр жаза – 10 жыл түрме


Аяқталмаған "Астана LRT" жобасы. Нұр-Сұлтан, 17 шілде 2019 жыл.
Аяқталмаған "Астана LRT" жобасы. Нұр-Сұлтан, 17 шілде 2019 жыл.

28 мамырда Нұр-Сұлтан қаласының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотында "Астана LRT" жобасы бойынша айыпталғандарға үкім оқылды.

Сот үкімі бойынша:

  • Нұр-Сұлтан қаласының жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының бұрынғы жетекшісі Рашид Аманжолов 10 жылға бас бостандығынан айырылды. Оған мемлекеттік қызметпен айналысуына тыйым салынды. Қауіпсіздігі жоғары мекемеде (қатаң режимдегі колонияда) жазасын өтейді;
  • Нұр-Сұлтан қалалық мәслихатының хатшысы, бұрынғы депутат Жанат Нұрпейісов 8 жылға бас бостандығынан айырылды. Бес жыл мемлекеттік қызметпен айналысуына тыйым салынды. Қауіпсіздігі орташа мекемеде жазасын өтейді. "Құрмет", "Парасат" орденінен айырылды;
  • Astana Innovations компаниясы басқармасының бұрынғы төрағасы Талғат Әшімге 7 жыл түрме жазасы берілді;
  • Еншілес компания өкілі Ұлықбек Ачилов 8 жылға бас бостандығынан айырылды. Қауіпсіздігі орташа мекемеде жазасын өтейді. Ол 642 мың теңге мемлекетке төлеуге міндеттелді;
  • Еншілес компания өкілі Тимур Қасабаев 8 жылға бас бостандығынан айырылды. Қауіпсіздігі орташа мекемеде жазасын өтейді. Сот оны мемлекетке 574 мың теңге төлеуге міндеттелді;
  • Еншілес компания өкілі Дулат Мүсенов 7 жылға бас бостандығынан айырылды. Ол мемлекет қазынасына 649 мың теңге төлеуі тиіс;
  • Еншілес компания өкілі Дәурен Әбдіхамитов 8 жылға бас бостандығынан айырылды. Ол мемлекетке 15 млн теңге төлеуге міндеттелді. Қауіпсіздігі орташа мекемеде жазасын өтейді.

Сот үкімі күшіне енген жоқ, екі тараптың апелляциялық шағым түсіруге мүмкіндігі бар. Айыпталушыларға "ұйымдасқан топ құру және оған жетекшілік ету" және "өзіне сеніп тапсырылған мүлікті иемдену және жұмсау" баптары бойынша айыптар тағылған еді.

Жұма күні сот үкімінен кейін Рашид Аманжолов "Кінәсіздігімді сот процестері кезінде дәлелдедім. Үкіметтің тапсырмасын ғана орындадым. Демек үкімет маған заңсыз тапсырма берді ме?" деп үкімге қарсылық білдірді. Қалған сотталушылар да айыптау актісі мен сот үкімі арасында айырмашылық жоғын алға тартып, наразы болды.

Бұған дейін прокурор оларды 7-11 жылға бас бостандығынан айыруды сұраған. "Елдегі ірі жемқорлықтың көрінісі" деп аталған іс бойынша сот процесі былтыр күзде қарала бастаған еді. Биыл сәуір айында іс аяқталуға жақын қалғанда бірқатар жайттарды анықтау үшін қайта созылды.

Осыған дейін істі тергеген жемқорлықпен күрес іс-қимыл агенттігі "ақша жымқыру схемасын Нұр-Сұлтан қаласы әкімінің бұрынғы орынбасары Қанат Сұлтанбеков, "Астана LRT" компаниясының бұрынғы басшысы Талғат Ардан ұйымдастырған" деп мәлімдеген еді. Оларға халықаралық іздеу жарияланған.

Тергеу органдарының мәліметінше, шенеуніктер кәсіпкерлермен бірге жоба құнын жасанды түрде қымбаттатып, жалған кәсіпорындардың көмегімен миллиард теңгені қағаз ақшаға айналдырған.

LRT жобасының тиімділігі жайлы мәселе Қытайдан инвестиция тартылып, құрылысы басталған сәттен (2017 жыл) бері жиі айтылып келеді. Қазақстандағы алғашқы жеңіл рельсті транспорт жүйесі астананың сол жағалауынан әуежай және темір жол вокзалына дейін жолаушылар тасымалдауы тиіс болған.

2019 жылы жазда премьер-министрдің бірінші орынбасары, қаржы министрі Әлихан Смаилов LRT жобасын жүзеге асыру үшін Қазақстанның Қытайдың даму мемлекеттік банкінен 1,5 млрд доллар көлемінде қарыз алғанын хабарлаған, оның 344 млн доллары құрылысқа жаратылып қойған.

Бірақ Қытай банкі мердігерлерге қатысы бар проблемаға байланысты қаржыландыруды тоқтатып, ақыры үкімет құрылысты аяқтау үшін қаржы бөлетінін айтқан.

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев 2019 жылы күзде жобаны ашық сынап, "даулы жоба" деп атаған.

Дегенмен астана билігі кейінірек LRT құрылысын жалғастыра беретінін хабарлады. Станциялар мен жерасты жаяу жүргіншілер өткелі қысқарады.

ҚазТАГ-тың жазуынша, "Астана LRT" ЖШС жемқорлық дауынан кейін City Transportation Systems (CTS) болып өзгертілген.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG