Коммерциялық жолаушы ұшағын Минскіге бұрып, онда болған журналисті тұтқындағаны үшін АҚШ Беларуське тағы қосымша санкция салды.
3 маусымнан бастап АҚШ Беларусьтің тоғыз мемлекеттік мекемесіне толық санкция енгізеді. Бұл жөніндегі 28 мамырда Ақ үйдің баспасөз хатшысы Джен Псаки мәлімдеді.
«Режимді өз әрекеті үшін жауап беруге көндіру және Беларусь халқының ұмтылысына қолдау білдіру мақсатында серіктестеріміз бен одақтастарымызбен бірге осы шараларды қолға алдық» деді Псаки.
Америка Құрама Штаттары Беларусь үкіметіндегі «адам құқықтарын бұзуға, жемқорлыққа, 2020 жылғы сайлау нәтижесін бұрмалауға және 23 мамырдағы оқиғаларға қатысы бар» адамдарға жекелеп санкция салу үшін Еуропа одағындағы серіктестерімен бірлесіп жұмыс істеп жатыр деді Псаки.
Беларусь 23 мамырда Ryanair рейсін "өтірік сылтаумен" мәжбүрлеп бұрды деген ол Еуропа одағының екі мүшесі арасындағы рейсті Минскіге күштеп қондыру және оның бортында болған Беларусь журналисі Роман Протасевичті тұтқындау - «халықаралық нормаларды өрескел бұзу» деп атады.
Беларусьтің тоғыз мемлекеттік мекемесі бұдан бұрын да санкцияға ілініп, кейіннен АҚШ-тың қаржы министрлігі бұл шектеулерді біраз бәсеңдеткен.
Жаңа ереже бойынша, АҚШ азаматтарының бұл мекемелермен қарым-қатынасқа түсуіне шек қойылады.
Бұған қоса, АҚШ мемлекеттік департаменті өз азаматтарына Беларуське бармау жөнінде кеңес берді әрі федералдық авиация басқармасы (FAA) Беларусьтің әуе кеңістігімен ұшатын ұшақтарға аса сақ болуды ескертті.
23 мамырда Афиныдан Вильнюске ұшып бара жатқан Ryanair әуе компаниясының ұшағында бомба бар деген ақпарат алғанын айтқан Беларусь басшылығы әуеге МиГ-29 жойғыш ұшағын көтеріп, рейсті Минск халықаралық әуежайына қондырған. Ұшақ бортынан ешқандай бомба табылмаған.
Псакидің айтуынша, «Беларусь халқы демократия мен адам құқықтарын қорғауға ұмтылып жатқанда» Лукашенко режимі осындай әрекетке барды.
Ол ұшақтың бұрылу себебін зерттеу үшін «сенімді халықаралық тергеу» жүргізуге, саяси тұтқындардың бәрін босатуға, «ЕҚЫҰ шеңберінде және осы ұйымның бақылауымен әділ де ашық президент сайлауын өткізу үшін демократиялық оппозицияның және азаматтық қоғамның лидерлерімен шынайы саяси диалог орнатуға» шақырды.
АҚШ ЕҚЫҰ-ны «халықаралық нормаларға қайшы келіп, демократия мен адам құқықтарын бұзып отырған» Лукашенко режиміне қарсы шара қолдануға шақыра береді деді Ақ үйдің баспасөз хатшысы.
28 мамырда Сочиде Ресей президенті Владимир Путинмен кездескен Александр Лукашенко ұшақты бұру оқиғасына Батыстың реакциясын «эмоцияның көрінісі» деп атады.
Оқиғадан соң әлемнің көп елінің ұшақтары Беларусь әуе кеңістігін айналып өте бастады, кейбірі тіпті бұл елге қатынайтын рейстерін тоқтатты.
Роман Протасевич – Беларусьте былтыр тамыздан бері толастамаған оппозиция шерулерінен хабар таратқан NEXTA телеграм-арнасының негізін қалаушылардың бірі. Қазір ол қамауда отыр.
ПІКІРЛЕР