1 маусымда Қарағандыда 2019 жылы үйінің табалдырығында атып өлтірілген азаматтық белсенді Ғалы Бақтыбаевты ұрып-соғу және өлтіруге қатысты іс бойынша сот үкімі оқылды.
"Кісі өлтіруді ұйымдастырды" және осы қайғылы оқиғадан бірнеше ай бұрын "белсендіні ұрып-соғуды тапсырды" деп айыпталған 42 жастағы экс-полицей Ғалым Ахметжанов пен кәсіпкер Азамат Бөкенаев ақталып шықты. Сот алқасы белсендінің тапсырыспен өлтірілгені дәлелденбегенін айтып, Ахметжанов пен Бөкенаевты сот залынан босатты.
"Белсендіні өлтірді" деп айыпталған 29 жастағы Иман Мияшовты сот алқасы аталған эпизод бойынша кінәсіз деп тапты. Бірақ оның қайғылы оқиғадан бірнеше ай бұрын Бақтыбаевты ұрып-соғып, терезесіне оқ атқаны дәлелденді деді. Сол үшін Мияшов бес жылға бас бостандығынан айырылды.
Бұған дейін соңғы сөзінде Мияшов Бақтыбаевты ұрып-соққанын және үйінің терезесіне оқ атып, бұзақылық жасағанын мойындаған. Алайда қалған айыптарды терістеген еді. Ол сотта тергеу органдарына берген жауабынан бас тартып, бұл "тергеу органдарының сценарийі болатын" деп мәлімдеп, өзін солай айтуға мәжбүрлегенін жеткізді.
Сот сонымен бірге белсендіні ұрып-соғуға қатысты деп айыпталған 31 жастағы Эльдар Жәкенді кінәлі деп танып, үш жылға бас бостандығынан айырды.
Жарыссөз кезінде айыпталушылар сот алқасына қайырылып, әділ үкім шығаруға үндеген еді. Ал прокурор мен жәбірленушілер айыпталушылардың кінәлары толық дәлелденгенін айтып, ұзақ жылға соттауды сұраған. Қорғау тарабы тергеу органдары белсендінің өліміне қатысты басқа болжамды қарастырған жоқ деп мәлімдеп, соттан айыпталушыларды ақтауды сұраған.
Қайғылы оқиғадан бұрын да бірнеше рет қоқан-лоқы көріп, қастандық әрекетінен аман қалған 59 жастағы белсенді Ғалы Бақтыбаев 2019 жылғы 28 мамырға қараған түні өлтірілген. Сот 2020 жылдың мамыр айында басталды. Тергеушілер марқұм тапсырыспен өлтірілген деп санайды. Сот пен сот алқасы айыптау тарабының болжамымен келіспеді.
ПІКІРЛЕР