Accessibility links

Қытайда алғаш рет адамға құс тұмауының H10N3 штамы жұқты


Шанхайдағы құс фабрикасы. Көрнекі сурет.
Шанхайдағы құс фабрикасы. Көрнекі сурет.

Әлемде алғаш рет құс тұмауының H10N3 штамы адамға жұқты. Денсаулық сақтау жөніндегі ұлттық комиссияның хабарлауынша, Қытайдың шығысындағы Цзянсу провинциясында 41 жастағы ер адамнан аталған ауру түрі анықталған.

Чжэньцзян қаласының тұрғыны сәуірдің соңында дене қызуы көтерілген күйде ауруханаға түскен. Диагнозы тек бір ай өткен соң – 28 мамырда анықталған. Қазір оның жағдайы тұрақты деп айтылады. Бұған қоса, дәрігерлер оны ауруханадан шығаруға болады деп санайды. Онымен араласқан адамдардан әзірге тұмау белгілері анықталмаған.

H10N3 – үй құстары арасында тарайтын төменгі патогенді вирус түрі. Қазір оның тұрғынға қандай жолдармен жұққаны анықталып жатыр.

Reuters-тің жазуынша, Қытайда құс тұмауының түрлі штамы бар. Кейбірі құс шаруашылығымен айналысатын адамдардан табылған. Соңғы рет құс тұмауының H7N9 түріне байланысты індет 2016-2017 жылдары өршіген. Ол кезде аурудан шамамен 300 пациент қайтыс болған.

2019 жылдың соңынан бастап Қытайдан коронавирустың жаңа түрі әлемге тараған. Америкалық Джонс Хопкинс университетінің мәліметінше, індет кезінде 170 миллионнан астам адамға вирус жұққан, шамамен 3,5 млн адам қайтыс болған.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG