Accessibility links

Министр жүргізушілер наразылығы туралы: Кім жолды пайдаланса, сол жағдайына да жауапты


Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Бейбіт Атамқұлов.
Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Бейбіт Атамқұлов.

Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Бейбіт Атамқұлов 2 маусымда халыққа есеп беру жиынында жүргізушілердің наразылығы туралы айтты. Қазақстанның бірнеше аймағында жолдардың ақылы болуына байланысты бірнеше күннен бері жүргізушілер наразылығы жалғасып жатыр.

Министрдің айтуынша, "Қазавтожол" АҚ, "Атамекен" ұлттық кәсіпкерлер палатасы" және "Қазлогистик" қауымдастығы және өзге мекемелер жүргізушілер арасында түсіндірме жұмыстарын жүргізген.

"Ақылы жол бұл әлемдік тәжірибеде бар нәрсе. Көптеген елдерде ақылы жол жүйесі әділет принципіне негізделген. Кім жолды пайдаланса, сол жағдайына да жауапты. Жүк көліктері көбірек пайда табамыз деп жолды тоздырады" деді ол.

Оның сөзіне қарағанда, Қазақстанда 2025 жылға дейін 11 мың автомобиль жолы ақылы болады. Бірінші кезеңде яғни, биыл 5,8 мың шақырым жол ақылы бола бастайды.

"Бірден атап өтетін нәрсе, мұның жөнделмеген жолдарға қатысы жоқ. Бірінші кезекте ой-шұқыры жоқ жөнделген бірінші категориядағы жолдар ақылы болады. Кейінірек екінші категорияға өтеміз" деді ол.

Ақтөбе, Батыс Қазақстан облысындағы жүргізушілердің шағымына тоқталған министр:

"Шын мәнінде Ақтөбе облысында жолдар әзірге ақылы болмайды. 2025 жылға дейін ол жақта жөндеу жұмыстары жүргізіледі. Содан кейін мемлекеттік стандартқа сәйкес категориясы анықталады. Тек содан кейін ғана ақылы жүйе енгізіледі" деді.

Ол жол тарифтеріне де тоқталды. "Қазақстан жол ғылыми-зерттеу институты" бірінші категориялы жолдармен бір шақырым жүргені үшін ауыр жүк тасымалдайтын жүргізушілерге 37 теңге төлеуді ұсынған. Бірақ министрлік бұл тарифті әзірге мақұлдамаған.

"Қазіргі кезде 2013 жылы қабылданған тариф күшінде тұр. [Ақылы жол жүйесі] бекітілген ой-шұқыры жоқ аумақтарға біртіндеп енгізіледі" деді ол.

Министрліктің мәліметінше, қазір 682 шақырым ақылы жүйеге енгізілген:

  • Нұр-Сұлтан - Щучинск (211 шақырым);
  • Нұр-Сұлтан – Теміртау (42 шақырым);
  • Алматы – Қапшағай (42 шақырым);
  • Алматы – Қорғас (295 шақырым);

Биыл 5,8 мың шақырым жер ақылы жүйеге енгізілуі тиіс. (Ақылы болуы тиіс 18 учаскенің тізімін мына жерден көріңіз).

Қазақстанның бірқатар аймақтарында бірнеше күннен бері жүргізушілер жолдың ақылы болуына қарсылық танытып келеді. Алыс жолға жүретін көлік айдаушылар жол сапасының нашарлығын, жанармайдың қымбаттағанын, тасымал бағасының төмендігін алға тартқан. Бұған дейін түркістандық жүргізушілер Түркістаннан Ақтөбеге дейін барып қайтатын болса, жүк көлігіне шамамен 60 мың теңге салық төлетуі мүмкін екенін, табыстан қағылатынын айтқан.

Видео: Жүргізушілер жолдың ақылы болғанына қарсы (31 мамыр 2021 жыл).

Жүргізушілер жолдың ақылы болғанына қарсы
please wait

No media source currently available

0:00 0:03:11 0:00

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG