Accessibility links

Қызылжарда жүзден аса адам дәрігер көмегіне жүгінді, олар ауру себебін ауыз судан көреді


Солтүстік Қазақстан облысының картасы.
Солтүстік Қазақстан облысының картасы.

Солтүстік Қазақстан облысы Қызылжар ауданында соңғы 4-5 күнде жүзден астам адам жүрегі айнып, іші өткенін айтып, дәрігер көмегіне жүгінген. Олардың барлығы дерлік Қызылжардан шамамен 12 шақырым жердегі Бескөл ауылында тұрады. Азаттық тілшісіне сұхбат берген тұрғындар аурудың себебін ауыз судан көріп отыр.

- Ұлым қазір ауруханада жатыр. 28 мамыр күні ауыра бастады, қызуы көтеріліп, диарея белгілері байқалды. Ал кешке қарай кіші балам да ауырып, оны да ауруханаға алып кетті. Ауру себебі судан емес дейді, бірақ біз судан деп ойлаймыз. Өзім ауырған жоқпын, себебі шикі су ішкен жоқпын. Әжем де ауырып қалды, оның да қызуы көтеріліп, іші ауырып, жүрегі айныды. Кіші балам екі күн бойы ауруханада тамырдан сұйық дәрі алып жатыр. Ал үлкен баламның жағдайы жақсарды, бірақ бүгін тағы да жүрегі айныды, – деді 2 маусымда Бескөл ауылының тұрғыны Оксана Деликова.

Тұрғындардың сөзіне қарағанда, Бескөл ауылында жұрт орталық құбыр арқылы келетін суды пайдаланады.

Қызылжар аудандық ауруханасы бас дәрігерінің орынбасары Жанар Қаппарқызының айтуынша, 28 мамыр мен 3 маусым аралығында адамдардан әлгіндей белгілер байқалғаны жайлы 139 шағым түскен. Кейбірінің дене қызуы көтерілген. "Қазір 11 бала облыстық балалар инфекциясы ауруханасында жатыр, 3 ересек адам бірінші қалалық ауруханада емделіп жатыр, жағдайы орташа" деді ол.

– Алдын ала қойылған диагноз – энтеровирус инфекциясы. Барлық материалдар жинақталып, бактерологиялық зертханаға жіберілді. Нәтижесі әзірге белгісіз. Сол себепті ауруды не қоздырғанын әзір айта алмаймыз, – деді Жанар Қаппарқызы Азаттық тілшісіне.

Солтүстік Қазақстан облысының денсаулық сақтау басқармасы 3 маусымда СЭС, әкімдік өкілдерінің оқиғаға байланысты брифинг өткізетінін хабарлады.

Наурыз айында Шығыс Қазақстан облысында 70-тен астам оқушының бір мезетте іші ауырып, мектеп жабылған еді. Ол кезде оқушылар дене қызуы көтеріліп, құсқан, көбінен диарея белгілері байқалған.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG