Accessibility links

Оралда билікке наразылардың рұқсат етілмеген жиыны өтті


Оралдағы билікке наразылық жиыны. 5 маусым, 2021 жыл.
Оралдағы билікке наразылық жиыны. 5 маусым, 2021 жыл.

Сенбіде Батыс Қазақстан облысының орталығы – Орал қаласының Мәншүк Мәметова алаңында 10-нан аса адам наразылық жиынын өткізді. Жиналған жұрт Қазақстандағы жолдарды ақылы етуге қарсылық білдірді, зейнет жасын азайтуды және белсенділерді қудалауды тоқтатуды талап етті.

Әкімдік келісім бермеген жиын сағат 12-де өтуі тиіс болған. Бірақ алаңда балалар мерекесі тойланып жатқандықтан, митинг сағат 2-ге қарай басталды. Шараға жиналғандар Қазақстан туын көтеріп, «Алға, Қазақстан!", «Оян, Қазақстан!", «Шал, кет!", Саяси тұтқындарға бостандық!" деп ұрандады.

– Үкіметтен белсенділерді қудалауды тоқтатуды, саяси тұтқындарды босатуды талап етеміз. Белсенділердің өз ойын еркін айтуына қақысы бар, біз экстремист емеспіз, – деді бейбіт шаралар ұйымдастырғаны үшін көп мәрте тұтқындалған белсенді Бекболат Өтебаев.

Өтебаевтың айтуынша, митинг кезінде алаңда байланыс нашарлап, әлеуметтік желіде тікелей эфирден видео тарату қиындаған.

– Біз зейнет жасын төмендетуді, зейнетақыны доллардың курсына қарай есептеуді талап етеміз, Қазақстанда доллар қымбаттаған сайын зейнетақы да өсуі керек. Бағаның өсуіне, ақылы жолдардың енгізілуіне қарсымыз, себебі жолдардың ақылы болуы азық-түліктің және басқа тауарлардың қымбаттауына алып келеді, – деді Бекболат Өтебаев.

Жиынды ұйымдастырушылардың бірі Маруа Ескендірова әкімдік коронавирусқа байланысты енгізілген карантинді желеу етіп митинг өткізуге рұқсат бермегенін айтты. Биылдыққа белсенді әкімдікке митинг өтізу жөнінде алтыншы рет хабарлама жіберді, билік соның алтауына да рұқсат бермеген.

– Шара басталмай тұрып-ақ маған ішкі саясат бөлімінің басшысы Ербол Көшеков келіп, тарамасаңдар «шара қолданамыз" деп ескертті. Біз шараны тоқтатпай, сөз сөйлей бердік. Бірер күнде маған [полиция] келетін шығар, – деді Маруа Ескендірова.

Оның айтуынша, ішкі саясат бөлімінің басшысы «рұқсат етілмеген митинг өткізудің жауапкершілігі" туралы ескерткен соң кетіп қалған.

Ұйымдастырушылар шара ойдағыдай өтті деп санайды.

Қазақстан Конституциясы бойынша, азаматтардың митинг, пикет және басқа да бейбіт шара ұйымдастыру бостандығына кепілдік берілген. Былтыр мамырда мұндай қоғамдық жиындарды өткізудің тәртібіне қатысты заң жаңартылды. Ол елде митинг өткізу тәртібін «жеңілдетуді" көздейді деп айтылған. Қазақстанның және шетелдің белді құқық қорғау ұйымдары заңның жаңа ережелерін сынға алды. Олардың айтуынша, өзгерістер тек көзбояу сипатында болған, елде наразылық шарасын ұйымдастыруға кедергі көп, ал жергілікті басшылықтың «ыңғайсыз" шараларды өткіздірмей тастайтын мүмкіндігі жеткілікті.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG