Ресей мен Беларусьтің кейінгі уақыттағы қарым-қатынасы НАТО-ны алаңдатып отыр деді әскери одақтың бас хатшысы Йенс Столтенберг.
Welt am Sonntag неміс басылымына берген сұхбатында ол НАТО елдері Ресей президенті Владимир Путин мен Беларусьті басқарып отырған Александр Лукашенко қарым-қатынасының күшейгеніне алаңдаушылық білдіреді деді.
НАТО бас хатшысының сөзінше, бұл қарым-қатынаста Беларусьтің Ресейге тәуелдігі күшейіп барады.
Столенберг Мәскеу мен Минскіні НАТО одағының шығыс бөлігіндегі жағдайды ушықтырмауға шақырды, қажет болған жағдайда одақтың қорғануға дайын екенін ескертті.
Бас хатшы сондай-ақ Ресей мен Қытайдың саяси және әскери әріптестігін күшейтіп жатқанын атап өтті. Оның сөзінше, Мәскеу мен Пекин кейінгі уақытта халықаралық ұйымдардағы қадамдарын өзара ақылдасып, ортақ әскери жиындар өткізеді, қару-жарақ пен интернетті бақылау саласында тәжірибе алмасады.
"Бұл жаңа өлшем және салмақты қатер" деді ол.
Баспасөз құралдарының хабарлауынша, "Ресейдің агрессиялы әрекеттері", Қытайдың күшеюіне байланысты қауіпсіздік саласындағы халықаралық өзгерістер НАТО-ның 14 маусымға белгіленген саммитінде бас тақырыптардың бірі болмақ. Саммитке АҚШ президенті Джо Байден де қатысады. Жиында Беларусьтегі жағдай да талқыланбақ.
ПІКІРЛЕР