Accessibility links

Қырғызстан: Әйелі Орхан Инандының Түркия елшілігінде ұсталып отырғанын айтты. Дипөкілдік үнсіз


Түркия елшілігі алдында Орхан Инандыны табуды талап етіп тұрған адамдар. Бішкек, 2 маусым 2021 жыл.
Түркия елшілігі алдында Орхан Инандыны табуды талап етіп тұрған адамдар. Бішкек, 2 маусым 2021 жыл.

Рейхан Инанды әлеуметтік желі арқылы күйеуін "Түркияның Қырғызстандағы елшілігінде күштеп ұстап отырғаны жайлы" хабар алғанын мәлімдеді. "Сапат" мектептер желісінің Бішкекте тұратын президенті Орхан Инанды 1 маусымға қараған түні хабарсыз кеткен.

Рейхан Инанды Азаттықтың Қырғыз қызметіне әлеуметтік желіден күйеуі туралы хабар алғанын растады. Бірақ ақпаратты кімнің жібергенін айтпады.

"Өкінішке қарай, дереккөзді аша алмаймын, өйткені Орханның өміріне қауіп төніп тұр. Ердоған бастаған [Түркия] билігі осыған дейін елшіліктері арқылы 23 елден 95 адамды ұрлап әкетті. Бұл адамдардың бәрі түрмеде отыр" деді ол.

Рейхан Инанды әлеуметтік желі арқылы осыған дейін де үндеу жолдаған. Онда ол күйеуінің Қырғызстан азаматы екенін, күйеуінің Қырғызстандағы Түркия елшілігінде ұсталып отырғаны туралы, елшілікте оған қырғыз азаматтығынан бас тарту туралы қысым көрсетіліп жатқаны туралы ақпарат барын айтқан.

Түркияның Қырғызстандағы елшілігі әзірше бұл мәлімдемелер туралы сөз айтпады. Журналистер Түркияның Бішкектегі дипломатиялық өкілдігіне хабарласа алмай жатыр.

Қырғызстанның ішкі істер министрлігі "Сапат" мектептер желісінің хабарсыз кеткен президентін әлі іздеп жатқанын айтады. Министрлік Инандыны Түркия елшілігінде ұстап отырған болуы мүмкін деген пікір туралы мәлімдеме жасамады.

5 маусым күні Қырғызстан ішкі істер министрлігі Орхан Инандыны іздеу жұмыстары бүкіл республика бойынша жүріп жатқанын хабарлады. Мекеменің мәлімдеуінше, істі ішкі істер министрі Ұлан Ниязбековтің өзі бақылап отыр.

Инанды соңғы рет байланысқа 31 мамыр күні кешкі 6-да шыққан. Содан бері оның қайда екені белгісіз. Көлігі келесі күні таңертең табылды. Көліктің есіктері ашық болған, іштегі бағалы заттар орнында қалған.

Жағдайға ел президенті Садыр Жапаровтың өзі араласып, құзырлы органдарға іздеу жұмыстарын күшейтуді тапсырған.

Осының алдында "Сапат" білім беру ұйымы Орхан Инандының қайда екені туралы ақпаратқа сыйақы тағайындағанын мәлімдеген. Сыйақы көлемі айтылған ақпаратқа байланысты.

Ел арасында қырғыз-түрік лицейлері, оқу орындары деп аталып кеткен "Сапат" білім беру мекемесі Қырғызстанда 1992 жылдан бері жұмыс істейді. Түркия билігі бұл мектеп пен оның басшыларын Анкара режимінің қарсыласы, қазір АҚШ-та тұратын түрік имамы Фетхуллах Гюленмен байланыстырады.

2016 жылы Түркияда әскери төңкеріс талпынысы болып, Ердоған билігі өз күшін сақтап қалған. Артынан Анкара бұл істі Гюленнің "Хизмет" қозғалысы ұйымдастырды деп, оны террористік ұйым деп жариялаған.

2019 жылы Анкара "Сапат" мектебінің Инандыдан өзге екі қызметкерін қайтаруды талап еткен, бірақ Қырғызстан билігі бұл талапты орындамаған.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG