Солтүстік Қазақстан облыстық соты "тыйым салынған ұйым қызметіне араласты" деп қамалған белсенді Нұрбол Өнерханның апелляциялық шағымын қанағаттандырып, түрмеден шығару туралы шешім шығарды. Қамаудағы белсенді 7 маусымда бостандыққа шықты.
- Енді жазамды бұрынғыша бас бостандығымды шектеу жазасын өтеуді жалғастырамын. Бес ай қалды. Бұл шешімді күтпедім, қамауда қалдырады деп ойлаған едім, қуаныштымын. Петропавлдағы 4 мамырдан 6 маусымға дейін қамауда отырдым. Жалпы өзіме шыққан сот шешімдері әділетсіз деп ойлаймын, - деді Өнерхан Азаттыққа.
Белсендінің қамаудан шыққанын #IHaveAChoiсe #ActivistsNotExtremists тобы Facebook парақшасында да жариялады. Ақпаратты Солтүсік Қазақстан облыстық соты шешімнің бірден орындалатынын мәлімдеді. Істі судья Любовь Тригуб қарады.
Солтүстік Қазақстан облысы Бірлік ауылының тұрғыны Нұрбол Өнерханды 2020 жылы 2 қарашада Петропавл соты "тыйым салынған ұйымның ісіне араласты" деп айыптап, оның бостандығын бір жылға шектеген. Ал биылғы 4 мамырда Петропавлдағы Ғабит Мүсірепов аудандық соты оны "пробация шарттарын бұзды" деп бас бостандығын шектеу жазасын 6 ай 2 күнге түрмеде өтеу туралы қаулы қабылдаған еді.
27 сәуірде жергілікті пробациялық бақылау қызметі Өнерхан жазаны өтеу шарттарын бұзды деп, оның бас бостандығын шектеу жазасын түрме жазасына ауыстыруды сұраған.
27 жастағы Нұрбол Өнерханның мамандығы - мұғалім. Ол 2019 жылдың қазанынан бері Youtube, Instagram әлеуметтік желілерде видео жариялап, билікті "диктаторлық жүйе орнатты" деп сынап жүрген. Өнерхан белсенділігі үшін мектептен шығарылған.
Оған Қылмыстық кодекстің 405-бабының 2-тармағына сай, Қазақстанда "экстремистік" деп танылып, қызметіне тыйым салынған ҚДТ қозғалысының жетекшісі, шетелде тұратын оппозициялық саясаткер Мұхтар Әблязовтің "идеологиялық және заңға қарсы әрекеттерін әлеуметтік желіде қолдады" және "Көше партиясы" қызметіне араласты" деп айып тағылаған. Нұрбол Өнерханның өзі "ҚДТ-ны қолдайтынын, бірақ қозғалысқа мүше емес" екенін айтады.
Қазақстандық құқық қорғаушылар Өнерханды "саяси тұтқындар" қатарына қосқан.
Қазақстанда қазір ҚДТ мен "Көше партиясына" қатысы бар деген айыппен ондаған белсенді істі болып жатыр.
Құқық қорғаушылар мәліметінше, елде жалпы ҚДТ мен "Көше партиясының" ісіне араласты деп айыпталған немесе күдікке ілінгендердің саны 300-ден асады.
Нұр-Сұлтан "экстремистік" деп таныған екі ұйымды Еуропарламент өз қаулысында "бейбіт оппозициялық қозғалыс" деп атаған.
ПІКІРЛЕР