Орал қаласының әкімшілік соты 14 маусымда қала тұрғыны Бекболат Өтебаевты "бейбіт жиын өткізу ережесін бұзғаны үшін" (Әкімшілік кодекстің 488-бабы 6-бөлігі) кінәлі деп таныды. Судья Ернар Халықов Өтебаевқа 87,5 мың теңге көлемінде (шамамен 200 доллар) айыппұл салды.
Ақпаратқа қарағанда, Бекболат Өтебаев 29 мамырда Оралда саябақта өткен "митинг үшін" жауапқа тартылып отыр. Сотта Өтебаев пен бірнеше адамның саяси қуғын құрбандарын еске алу монументі маңында плакат ұстап, ұрандатқаны айтылды. Судья Ернар Халықовтың айтуынша, жиналғандар ішкі саясат бөлімінің жетекшісі Ербол Көшековтің "митингіні тоқтат" деген талабына бағынбаған.
Өтебаев өзіне тағылған айыптарды жоққа шығарды. Ол сотта әкімдік өкілі плакаттарды жиюды талап еткеннен кейін қатысушылардың акцияны тоқтатқанын айтты.
Өтебаевтың уәжіне қарамастан, судья оны 488-бап 6-бөлігі бойынша кінәлі деп танып, 30 айлық есептік көрсеткіш көлемінде (87,5 мың теңге) айыппұл салды.
Сенбі күні осы акцияға қатысқаны үшін тағы үш тұрғын әкімшілік жауапқа тартылған еді.
ПІКІРЛЕР