Ирак билігі 13 маусымда "Ислам мемлекеті" (ИМ, Қазақстанда ДАИШ деп те аталады) террористік тобының содырларының қолынан қаза тауып, бір жерге жаппай көмілген 123 адамның сүйегін қазып алды. Бағдат жаппай көмілгендердің кім екенін анықтамақ.
Марқұмдардың көбі 2014 жылы Бадуш түрмесінде болған қырғын кезінде қаза болған. ИМ 2014 жылы Ирактың үштен бір бөлігіне бақылау орнатқан соң елдегі Бадуш түрмесіне шабуыл жасап, суннит мұсылмандарды босатып, 583 шиит мұсылманды жүк көлігіне тиеп, далаға апарып атып тастаған.
Ирак үкіметі ИМ содырлары жаппай көмген молаларды қазу процесін 2017 жылы бастаған. Өткен аптада құрбандардың туысқандары қан тапсырған, олардың қандарын 2017 жылы қазылып алынған марқұмдардың ДНҚ-сымен салыстырып, сүйектің кімге тиісілі болғанын анықталмақ.
"Мыңдаған отбасы жақындарына не болғанын білгісі келеді" дейді Бадуш түрмесі орналасқан Ниневия провинциясының губернаторы Наджм әл-Жуббури AFP агенттігіне.
БҰҰ мәліметінше, ИМ террорлық тобы 12 мыңнан аса адамды өлтіріп, 200-ден астам жерге жаппай көмген. Ұйым ИМ тобының Ирактағы әрекетін геноцид деп айыптаған еді.
Бадуш түрмесіндегі қырғынның құрбандарының сүйегі жаппай көмілген жер 2017 жылы, Ирак әскерилері бұл аймаққа бақылау орнатқан соң, табылған.
Ирак тұрғыны Аббас Мохаммедтің ұлы 2005 жылы сотталып, Бадуш түрмесіне қамалған. Ол ұлының өлі-тірісін әлі білмейді.
"Ұлымнан 17 жылдан бері хабар жоқ. Оның өлі-тірі екенін де білмеймін. Мен соны білгім келеді" дейді ол AFP агенттігіне.
Иракта сүйектер жаппай көмілген орындар көп. Диктатор Саддам Хусейн ел басқарып тұрғанда да талай адам дарға асылып, жаппай көмілген.
Мұндай жерлерге көмілгендердің кім екенін анықтау қиын. Себебі сүйектер өртелген я табиғи құбылыстардың әсеріне ұшыраған.
"Жұмыс қиын. Күн ыстық. Бәрі бір жерге көмілгендіктен сүйектер шатасып жатыр. Оның үстіне жылан мен шаян көп" дейді Бадуш құрбандарын анықтау комиссиясының мүшесі Салех Ахмед.
2014 жылы "Ислам мемлекеті" террористік тобы Ирактың басым бөлігін басып алып, шариғатқа сүйенген заңдар орната бастады. Ирактың Мосул қаласын өздері жариялап алған халифаттың астанасы деп белгіледі. ИМ содырлары басып алған қалалардың көбін қиратқан. Кейін бұл топ Сирия аумағына ауысып, мұнда да біраз аумақты басып алды.
2017 жылдан бастап бұл топ өз бақылауындағы аймақтардан айырыла бастады. 2019 жылы ИМ содырлары Ирак пен Сирия шекарасының маңындағы соңғы аумағынан айырылды.
ПІКІРЛЕР