Accessibility links

БҚО-да наразы тұрғындар республикалық маңызы бар тас жолды бөгеді


Батыс Қазақстан облысында жолды бөгеп тұрған тұрғындар. Сырым ауданы Жымпиты ауылы. 18 маусым, 2021 жыл.
Батыс Қазақстан облысында жолды бөгеп тұрған тұрғындар. Сырым ауданы Жымпиты ауылы. 18 маусым, 2021 жыл.

Батыс Қазақстан облысы Сырым ауданы Жымпиты ауылының ондаған тұрғыны Орал – Ақтөбе тас жолын бір жарым сағат бойы көліктерімен жауып тастады. Олар жаңа мешіт ашылған соң ескі мешітті жабуға осылай қарсылық білдірді.

Жымпитының 70-тей тұрғыны жұма күні кешкісін трассаға шықты. Машиналарын жолға көлденең қойған олар жергілікті биліктен жақында жабылған мешітті қайта ашуды талап етті.

— Маусымның басында ескі мешітті жауып тастады. 19 ғасырда салынған тарихи ғимарат болғандықтан, оны музейге айналдырамыз деді. Бірақ біз қарсы болдық: әкімге, бас имамға президентке дейін жаздық. Мешіт жабылғаннан кейін де оны қайта ашпаса трассаны жабатынымызды ескерттік. Енді, міне, шығып тұрмыз, — деді шараға қатысушылардың бірі Мұқат Арыстанов Азаттық тілшісіне.

Оның айтуынша, жақында ашылған жаңа мешітке көп адам сыймайды, сондықтан жергілікті тұрғындар намаз оқу үшін ескі мешіттің ауласына барып жүрген.

— Қозғалысты бөгеп, бір жарым сағаттай тұрдық. Содан соң полицейлер, имам және әкімдік қызметкерлері келді. Мешітті ашып берді, бірақ ол қайта жабылып қала ма деп қорқамыз, — деді Мұқат Арыстанов.

Оның айтуынша, жергілікті халық мешітті музейге айналдыру шешімінің күшін жоюды көздеп отыр.

Сырым аудандық әкімдігінің хабарлауынша, "жаңа мешіт салынып, пайдалануға берілген соң дін өкілдері ескі мешіттен әлеуметтік нысан ашу үшін оны жергілікті атқарушы органға беруді жөн деп шешкен".

— Олармен [наразылыққа шыққандармен] әңгімелестік, дін қызметкерлерімен бірлесе отырып, ескі мешіттің де халыққа қайта ашылатынын айттық, — деді аудан әкімінің орынбасары Асланбек Сарқұлов.

Полиция Азаттыққа бұл жағдай бойынша мағұлмат беруге уәде еткен, бірақ осы уақытқа дейін ешқандай хабар болмады.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG