Нұр-Сұлтандағы сот 21 маусымда "экстремистік ұйымның жұмысын ұйымдастырды" деп айыпталған азаматтық белсенді Асқар Қайырбекке үкім шығарып, бір жарым жылға бас бостандығынан айырды. Бұл туралы Азаттыққа оның адвокаты Гүлшат Дүйсенова айтты. Белсендінің сотталғанын "Ар.Рух.Хақ" қоғамдық қорының жетекшісі, құқық қорғаушы Бақытжан Төреғожина да Facebook парақшасында хабарлады.
Сот Қайырбекті Қылмыстық кодекстің 405-бабының 1 ("экстремистік ұйым қызметін ұйымдастыру") және 2 тармағы ("экстремистік ұйым ісіне араласу") бойынша айыпты деп таныды. Қайырбек жазасын қоныс колониясында өтеуі тиіс және сот оны бес жылға қоғамдық жұмыстармен айналысуға тыйым салды.
- Қайырбек тергеу кезінде алты ай изоляторда отырды. Бұл заң бойынша изолятордағы бір күні екі күн деп есептеледі. Демек, ол жазасының бір жылын өтеді, енді алты ай жазасы қалды. Апелляцияға шағым түсіреміз, - деді адвокаты Азаттыққа.
Дүйсенова прокурор сотқа дұрыс қатыспағанын, бірақ жарыссөзде Қайырбекті бір жарым жыл бас бостандығынан айыруды сұрағанын айтады.
Адвокаттың сөзінше, Қайырбек өзіне тағылған айыпты басынан-ақ мойындамаған.
44 жастағы Асқар Қайырбек былтыр 22 желтоқсанда қамауға алынған. Оған қуғындағы банкир, оппозициялық саясаткер Мұхтар Әблязов басқаратын "Қазақстанның демократиялық таңдауы" (ҚДТ) ұйымына қатысы бар деп қамалған.
Қазақстан билігі ҚДТ қозғалысын "экстремистік" деп танып, қызметіне тыйым салған. Еуропарламент бұл ұйымды "бейбіт оппозициялық қозғалыс" деп атаған.
Асқар Қайырбек – Нұр-Сұлтанда адам құқығын қорғауды, саяси тұтқындарды босатуды талап еткен наразылықтарға белсене қатысып жүрген адам. Ол бұған дейін де азаматтық белсенділігі үшін бірнеше мәрте 5-тен 15 тәулікке дейін қамалған.
ПІКІРЛЕР