Accessibility links

Талибан ауған-тәжік шекарасының маңындағы аймақты басып алды


Ауғанстанның Құндыз провинциясында жүрген ауған әскерилері. 22 маусым 2021 жыл.
Ауғанстанның Құндыз провинциясында жүрген ауған әскерилері. 22 маусым 2021 жыл.

Талибан тобы 22 маусымда ауған-тәжік шекарасындағы Шерхан-Бандар аймағына бақылау орнатты. Ауғанстанның Құндыз қаласынан 50 шақырымда жатқан бұл жер ауған-тәжік шекарасындағы кедендік аймақ саналады.

Құндыз провинциясы кеңесінің мүшесі Халиддин Хакми AFP агенттігіне тәліптер 22 маусымда "Шерхан портын және шекара постарын" басып алғанын айтқан.

Тәжікстан тарабы 22 маусымда Ауғанстан жақтан атыстың даусын естігенін, түстен кейін тынышталғанын хабарлады. Душанбе шекарадағы жағдайдың тыныш екенін, ауған солдаттарының Тәжікстан жаққа өтпегенін мәлімдеді.

Талибан өкілі Забихулла Муджахид "Шерхан-Бандар және Тәжікстанмен шекара маңындағы аудандар тәліптердің толық бақылауына өткенін" айтты.

Құндыз провинциясы кеңесінің мүшесі Гулам Раббанидің сөзінше, атыс Құндыздан тысқары жерлерде де жүріп жатыр. Атыстың салдарынан адамдар қаланы тастап кеткен. Ауғанстан қорғаныс министрлігі Құндыздағы кейбір маңызды аудандарды тәліптерден қайтарып алғанын мәлімдеді.

Талибан содырлары 21 маусымда Балх провинциясының орталығы Мазари-Шарифтің шетіне жеткені хабарланды. Тәліптердің өкілі Муджахидтің сөзінше, содырларға қалаға кірмеуге бұйрық берілген. Талибан жетекшілері бұл провинциядан АҚШ күштерінің толық шыққанын күтпек.

АҚШ президенті Джо Байден биыл мамырда "11 қыркүйекке дейін Ауғанстаннан америкалық әскерилер толық шығарылатынын" мәлімдеп, бұл процесс басталып кеткен. Осыдан соң Талибан басқыншылықты үдетіп, Ауғанстандағы көп жерлерге бақылау орната бастады.

Ауғанстандағы БҰҰ арнайы өкілі Дебора Лайонс 22 маусымда мәлімдеме жасап, "мамырдан бері тәліптер Ауғанстандағы 370 ауданның 50-ден астамын басып алғанын, бұл басқа да елдерге қауіп төндіретінін" айтты.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG