Accessibility links

"Үндістандық штамм" жайлы ақпарат тараған шақта Қазақстанда науқастар күрт көбейді


Екпе пункті. Алматы, сәуір айы 2021 жыл.
Екпе пункті. Алматы, сәуір айы 2021 жыл.

Қазақстанда коронавирус жұқтырғандар күрт көбейді. 22 маусымда 1248 адамның анализінен коронавирус анықталды. Бір күн бұрын бұл көрсеткіш 943 болған. Екі күн бұрын 81 адамға коронавирус пневмониясы диагнозы қойылған. 13 адам қайтыс болған: 12 адам - коронавирустан, 1 адам коронавирус пневмониясынан көз жұмды деп айтылады.

Осы аптада Қазақстан денсаулық сақтау министрлігі елде коронавирустың "үндістандық штамына" ұқсайтын мутациясы анықталды, сынақ қорытындысы шыққаннан кейін анығын білетін боламыз деп мәлімдеген. 22 маусымда Нұр-Сұлтан әкімдігі астанада қосымша тексеру нәтижелері "үндістандық штамм" барын көрсетті деп хабарлады. Сейсенбі күні қалада карантинді күшейту туралы шешім қабылданды. 23 маусымда Алматы қаласының санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаменті де қалада "үндістандық штамм бар болуы мүмкін" деді. Мамандардың айтуынша, "үндістандық штамм" коронавирустың кәдімгі түріне қарағанда тез жұғады, аурудың асқыну ықтималдығы жоғары.

Қазір коронавирус бойынша "қызыл аймақта" тұрған Нұр-Сұлтанда вирус күшейген. Ресми мәлімет бойынша, өткен аптамен салыстырғанда мұнда ауру өсімі 43 пайызға көбейген. 22 маусымда астанада коронавиру жұққан 413 науқас анықталды. Бұл республика бойынша ең жоғары көрсеткіш. Қарағанды облысында – 146, Алматыда 117 адамға Covid жұққан. Қалған облыстар мен қалаларда бір тәулікте анықталған науқастар жүзге жетпейді.

2020 жылдың наурыз айынан бері елде 411 771 адамның коронавирус тесті оң шыққан. 4261-і қайтыс болған. Бұған қоса, коронавирус пневмониясына шалдыққандар 56 627 адамға жетті. 3431-і көз жұмған деп айтылады. Елде коронавирус пен коронавирус пневмониясына шалдыққандар бөлек есептеледі. Бірақ халықаралық ұйымдардың сайтында екі көрсеткіш біріктірілген.

Қазір 21 449 адам коронавирустан емделіп жатыр. (20 мыңнан астамының ПТР тесті оң шыққан). Стационарда 6325 адам емделіп жатыр. 15 124 адам амбулаторлық жағдайда емделіп жүр. 413 адамның жағдайы ауыр, 95 пациенттің жағдайы өте ауыр, 66 адам жасанды тыныс аппаратына қосылған.

Қазақстанда 2 млн 857 мың адам коронавирусқа қарсы вакцинаның кемінде бір дозасын алған. 1 млн 753 мыңы екі дозасын алған. Азаматтарға ресейлік "Спутник V", қазақстандық QazVac және қытайлық Sinopharm және "Sinovac Biotech Ltd" компаниясының CoronaVac (Sinovac) вакцинасы егіліп жатыр.

Америкалық Джонс Хопкинс университетінің дерегінше, індет басталғалы бері әлемде 179 млн 107 мың адамнан коронавирус анықталған. 3 млн 880 мың адам қайтыс болған.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG