Accessibility links

Байден Ауғанстан басшыларына "елінің тағдыры өздерінің қолында" екенін айтты


АҚШ президенті Джо Байден (оң жақта) Ауғанстан президенті Ашраф Ғани (ортада) және осы елдің Ұлттық татуласу жөніндегі жоғарғы кеңесінің басшысы Абдулла Абдулламен кездесіп отыр. Ақ үй, АҚШ, 25 маусым 2021 жыл.
АҚШ президенті Джо Байден (оң жақта) Ауғанстан президенті Ашраф Ғани (ортада) және осы елдің Ұлттық татуласу жөніндегі жоғарғы кеңесінің басшысы Абдулла Абдулламен кездесіп отыр. Ақ үй, АҚШ, 25 маусым 2021 жыл.

АҚШ президенті Джо Байден 25 маусымда Ақ үйде Ауғанстан президенті Ашраф Ғани және елдің Ұлттық татуласу жөніндегі жоғарғы кеңесінің басшысы Абдулла Абдулламен кездесті. Байден оларды "өз елінің болашақ тағдырын шешуге" үндеді.

Байден Ауғанстан басшыларын "екі ескі дос" деп атады. АҚШ бастаған халықаралық күштердің жиырма жылға жуық уақытқа созылған соғыстан кейін Ауғанстаннан отанына оралу процесі аяқталуға жақын қалса да, АҚШ Ауғанстанға көрсетіп келген қолдауын тоқтатпайды деп мәлімдеді ол.

Ақ үйдегі Сопақ бөлмеде Байденнің жанында отырып сөйлеген сөзінде Ашраф Ғани Байденнің Ауғанстаннан АҚШ әскерін шығару жайлы шешімін құрметтейтінін айтты. Бұл шешім "барлық адамдарды "өз есебін қайта түгендеп, қайтадан қарастыруға мәжбүр етті" деп мәлімдеді Ғани.

Президент Байден Ауғанстанның берекесін қашырған әрі әлі күнге жалғасып келе жатқан "мағынасыз зорлық-зомбылық" аяқталуы тиіс деген пікір айтты. Және де АҚШ "сіздердің қарамағыңызда қажет құралдардың болуы" үшін қолдан келгеннің бәрін жасайды деді ол.

Кейінгі бірнеше апта ішінде "Талибан" қозғалысының қарулы адамдары осы кезге дейін үкіметке қарап келген ондаған ауданды бақылауына алды. Ауғанстанның үкімет шенеуніктері 25 маусымда Азаттыққа берген сұхбатында елдің қауіпсіздік күштерінің "Талибан" жасағына қарсы шабуылға шыққанда қатты қарсылыққа тап болғанын айтты.

Президент Ғанидың сөзінше, Ауғанстан қауіпсіздік күштері 25 маусымға қарай алты ауданды өзіне қайтарып алған. Ақ үйдегі кездесуден соң журналистермен жүздескен Ашраф Ғани (коалиция күштері кетуінің) "салдарын басқару" Кабулдың міндеті екенін атап өтті.

АҚШ президенті Джо Байден биыл мамырда "11 қыркүйекке дейін Ауғанстаннан америкалық әскерилер толық шығарылатынын" мәлімдеп, бұл процесс басталып кеткен. Осыдан соң "Талибан" басқыншылықты үдетіп, Ауғанстандағы көп жерге бақылау орната бастады.

Ауғанстандағы БҰҰ арнайы өкілі Дебора Лайонс 22 маусымда мәлімдеме жасап, "мамырдан бері тәліптер Ауғанстандағы 370 ауданның 50-ден астамын басып алғанын, бұл басқа да елдерге қауіп төндіретінін" айтты.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG