Accessibility links

МАГАТЭ-мен жасалған келісім мерзімінің бітуіне Иранның бей-жай қарауы АҚШ пен Францияны алаңдатты


Атом энергиясы жөніндегі халықаралық агенттіктің (МАГАТЭ) Венадағы штаб-пәтері.
Атом энергиясы жөніндегі халықаралық агенттіктің (МАГАТЭ) Венадағы штаб-пәтері.

БҰҰ-ның атом энергетика саласын қадағалаушы агенттігі 25 маусымда ядролық мониторинг туралы жасалған уақытша келісім мерзімін ұзарту туралы өз хатына Ираннан жауап алмағанын мәлімдеді. Бұл мәлімдеме АҚШ пен Францияның уақытша келісімді ұзартпау 2015 жылы Иран мен әлемдік державалар отырған келісімді қайта жандандыру келіссөзіне қауіп төндіруі мүмкін екенін ескерткеннен кейін жасалып отыр.

Атом энергиясы жөніндегі халықаралық агенттік (МАГАТЭ) пен Иранның арасында жасалған ядролық мониторинг туралы уақытша келісімнің мерзімі 24 маусымда аяқталды. Осылайша ақпанда жасалған келісім күшін жояды. Бұл келісім–шарт халықаралық қауымдастыққа Иранның ядролық бағдарламасының даму барысына бақылау жасап отыруға мүмкіндік беріп келген еді.

МАГАТЭ басшысы Рафаэль Гросси өз мәлімдемесінде 25 маусымдағы ахуал бойынша, ұйым жолдаған тиісті сауалға Тегераннан ешқандай жауап келмегенін әрі ол елдің мониторинг туралы келісімді жаңартуға құлықты не құлықсыз екенін білдірмегенін атап өткен.

"Бұл мәселе бойынша Ираннан жедел жауап қажет" деген Гросси бұған қоса агенттіктің Ирандағы (ядролық энергетика саласындағы) белсенділікті бақылау және мониторинг жүргізу ісін әрі қарай жалғастыруының "аса маңызды" екендігіне де назар аударған.

Егер аталған келісім мерзімі ұзартылмаса, бұл жайт Венадағы алты апта бойы жүргізіліп келген Иранмен 2015 жылғы ядролық келісім–шартты қайта жаңғырту жөніндегі келіссөздерге қауіп төндіруі мүмкін.

"МАГАТЭ-ге келетін болсақ, бұл (келісімдер жайы) алаңдаушылық тудырып отырған маңызды мәселе болып қала береді" деп мәлімдеді АҚШ мемлекеттік хатшысы Энтони Блинкен франциялық әріптесі Жан-Ив Ле Дрианмен бірге 25 маусымда Парижде өткізген баспасөз конференциясында.

  • Иран және тағы алты ел (Ұлыбритания, Германия, Қытай, Ресей, АҚШ, Франция) арасында 2015 жылы шілдеде ядролық келісімге қол қойылған. Келісім Иранның ядролық бағдарламасы мен қарулануына уақытша шектеу қояды. Келісім-шарт бойынша есесіне Тегеранға салынған халықаралық санкция жұмсаруы тиіс.
  • 2018 жылғы мамырда АҚШ президенті Дональд Трамптың әкімшілігі бұл келісімнен шығып, Иранға біржақты санкция салған. Бұл құжатқа қол қойған өзге елдердің наразылығын туғызған. Тегеран жауап ретінде өз міндеттерінен біртіндеп бас тарта бастаған.
  • Кейін АҚШ-тың жаңа президенті Джо Байден әкімшілігі ядролық келісімге қайта қосылу мәселесін қарастыруға әзір екенін мәлімдеген. Екі тарап келісімді қайта күшіне енгізуге ынта танытып, биыл сәуірде келіссөз басталған.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG