Өзбекстанның Шортепа ауданы жеріне 23 маусымда еніп кеткен Ауғанстанның шекара әскері мен жергілікті жасағының 53 қарулы сарбазы ұсталған. Өзбекстан сыртқы істер министрлігінің бспасөз қызметі олардың "тиісті жауап алу мен тергеу шарасынан кейін өз еліне қайтарылғанын" айтты деп хабарлады Азаттықтың Өзбек қызметі – Oзодлиқ радиосы.
Ресми Ташкент Ауғанстандағы, оның ішінде осы елдің солтүстігіндегі шекаралас аймақтардағы әскери-саяси ахуалды мұқият қадағалап отырғанын айтады. Өзбек сыртқы істер министрлігі жанжалға қатысушы барлық тараптарды күш қолданудан бас тартып, бейбіт тұрғындар арасында адам қанының төгілуіне жол бермеуге шақырды.
"Өзбекстан Ауғанстанмен дәстүрлі достық және тату көрші қатынасын берік сақтауға барынша қолдау көрсетуге, бейтараптықты сақтау және көрші елдің ішкі ісіне араласпау ұстанымынан ешқашан айнымайтынын нық сеніммен мәлімдейді" деген министрлік.
Бейсенбіде Тәжікстан ұлттық қауіпсіздік комитетінің шекара әскері мемлекеттік шекараны Ауғанстан үкімет күштерінің 134 әскери қызметшісі кесіп өткенін хабарлаған. Тәжік шекарашылары "гуманизм мен тату көрші принциптерін басшылыққа ала отырып, ауған әскерилеріне Тәжікстан аумағына еркін кіруге рұқсат берді" делінген ресми хабарламада.
25 маусымда Тәжікстан, Қазақстан және Өзбекстан басшылары Ауғанстанның солтүстігіндегі жағдайды талқылады.
Ауғанстандағы "Талибан" қозғалысының қарулы жасағы кейінгі бірнеше аптада ондаған ауданды басып алды. Бұған дейін АҚШ пен халықаралық коалиция күштері 2021 жылдың 11 қыркүйегінен қалмай Ауғанстаннан шығып кететіні хабарланған, "Талибан" ол мерзімді күтпестен белсенді іс-қимылға көшкен.
Тәліптер қазір Ауғанстан аумағының 70 пайызына дейінгі бөлігін бақылауында ұстап отыр.
Кейінгі кезде олар Тәжікстанмен шекаралас өлкедегі бірқатар ауданды бағындырды. 22 маусымда "Талибан" күштері Ауғанстан мен Тәжікстан шекарасы арқылы өтетін негізгі өткелді – Шерхан-Бандарды басып алды. Бұл шекара өткелі Құндыз уәлаятының әкімшілік орталығынан 50 шақырым жерде орналасқан, қазір ол қаланың өзі де "Талибан" қоршауында қалып отыр.
ПІКІРЛЕР