Accessibility links

Алматыда 44 адамға дельта штамы жұққаны анықталды, қалада шектеу қайта енгізілді


Коронавирус пандемиясы кезінде Алматы көшесінде. Көрнекі сурет.
Коронавирус пандемиясы кезінде Алматы көшесінде. Көрнекі сурет.

Алматыда коронавирустың дельта вариантын жұқтырып алған адамдар анықталған шақта қала вирустың тарау қарқыны бойынша "қызыл аймаққа" қайта оралды. Осыған байланысты сенбі күні Алматының бас санитар дәрігері Жандарбек Бекшин қоғамдық нысандардың жұмысына жаңа шектеулер енгізу жөніндегі ережелерді қамтитын қаулы шығарды. Ол 28 маусымнан бастап күшіне енеді.

Құжатта қалада халыққа жаппай вакцина егумен айналысатын көшпелі бригадалар шығатыны айтылған.

Қаулыда Ashyq жобасына қатыспайтын нысандарға салынатын тыйымдар егжей-тегжейлі баяндалған. Мысалы, 28 маусымнан бастап Ashyq жүйесіне енбеген мекеменің бәрі таңертеңгі 7.00-ден 20.00-ге дейін ғана жұмыс істейтін болады, ал демалыс күндері өнімін тек сырт жақтағыларға ғана сата алады. СПА-салон, фитнес орталығы және басқа да осыған ұқсас (Ashyq тізіміне кірмейтін) нысандарға демалыс күні жұмыс істеуге тыйым салынады.

Сұлулық салондары алдын ала жазылған клиенттерге қызмет көрсетіп, жұмыс істеуіне болады.

Сауда және ойын-сауық орталықтары мен жабық базарлар – вакцина салатын орындарды қоспағанда – демалыс күндері жұмыс істемейді.

Бұға қоса бас санитар дәрігер "жаппай маска тағу режимін және халықтың қоғамдық орындар мен жұмыс істеуіне рұқсат берілген нысандарға барғанда, сонымен қатар, қоғамдық көлікті пайдаланған, ашық аспан астындағы көпшілік орында болған кезде маска тағу, әлеуметтік арақашықтық сақтау және антисептик қолдануға байланысты қойылатын талаптарды бұлжытпай орындауын" қамтамасыз ету туралы қаулы шығарды. 5 жасқа дейінгі балаларға және таза ауада спортпен шұғылданушыларға бұл қаулының күші жүрмейді.

Сонымен бірге COVID-19 коронавирусының белсенді ошақтары бар үйлердегі кіреберіс пен лифтіде, көппәтерлі үй ауласы мен ойын алаңында, қоғамдық көлікте, таксиде, метрода, вокзалдарда профилактикалық дезинфекция шарасы жүргізілуі тиіс. Бұған қоса, індеттің алдын-алу мақсатында мемлекеттік қызметкерлерді, еріктілерді және әлеуметтік қызметкерлерді ай сайын тексеріп отыру жайлы ереже енгізілді.

Кейінгі бес күнде Алматыда коронавирус инфекциясы тәулігіне 110-217 адамға жұғатын қарқынмен өршіп жатыр деп хабарлады Азаттыққа қалалық санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаменті мамандары.

Ал 20 маусымнан бастап штамдарға арналған 125 сынаманың шифры шешілді. Соның нәтижесінде 77 үлгіден британ штамы, 45 адамға – үнді штамы (оның 44-і кейінгі үш тәулікте), екеуіне – Оңтүстік Африка штамы, бір адамға – Нью-Йорк штамы жұққаны анықталды. 23 маусымда Алматыда коронавирус мутацияларының қазір әлемге белгілі барлық түрі арасындағы ең қауіптісі саналатын "үнді" штамы алғаш рет анықталды.

26 маусымда осы кезге дейін Нұр-Сұлтан қаласы ғана болып келген "қызыл аймаққа" Алматы қаласымен бірге Атырау, Батыс Қазақстан және Қарағанды облыстары да енгізілді.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG