28 маусымда Шымкентте бес белсендінің бірі денсаулығына байланысты аштықты тоқтатты. Алматы, Нұр-Сұлтан, Орал, Шымкент және Түркістан облысында бір топ белсенді бір аптадан астам уақыттан бері аштық жариялап келеді. Олар "Көше партиясы" мен "Қазақстанның демократиялық таңдауы" қозғалыстарын "экстремистік ұйым" деп тану туралы сот шешімінің күшін жоюды, қудаланған белсенділерді босатуды талап етеді.
"Денсаулығыма байланысты аштықты тоқтатуға мәжбүр болдым" деді бір күн бұрын аштығын тоқтатқан Мұрат Байдәулетов Азаттық тілшісіне. Қазір ол Түркістан облысы Ленгер қаласындағы үйінде, жұмысқа барып жүр.
Байдәулетов 24 маусым күні белсенділер Ерлан Файзуллаев, Жанмұрат Аштаев, Нұржан Әбілдаев, Ермек Қонышбаевпен бірге Түркістан облысы Төлеби ауданы Ұзынарық ауылында аштық жариялағанын мәлімдеген. Сот 2020 жылдың қараша айында "тыйым салынған ұйымның жұмысына араласқаны үшін" 1 жылға оның бас бостандығын шектеген. Ол – үшінші топ мүгедегі.
Осыған дейін "экстремистік" деп таныған екі ұйымның жұмысына араласты деп айыпталған Нұржан Әбілдаев, Ерлан Файзуллаев, Жанмұрат Аштаевтың да бас бостандығы 1 жыл 6 айдан 2 жыл 6 айға дейін шектелген, 3 жылға дейін қоғамдық-саяси жұмыспен айналысуға тыйым салынған.
Аштық акциясына қатысып жатқан белсенділер саяси тұтқындарды босатуды, саяси көзқарасы үшін қудалауды тоқтатуды, Еуропарламент қарарындағы адам құқығына қатысты талаптарды орындауды, ҚДТ мен "Көше партиясын" "экстремистік ұйым" деп таныған сот шешімін жоюды, Қазақстанның сыртқы қарызы туралы есеп беруді талап етеді.
Аштық жариялағандар одан бөлек, Еуроодақтан белсенділердің конституциялық құқығын шектеп, құқығын таптағаны үшін Қазақстанның экс-президенті Нұрсұлтан Назарбаевқа, президент Қасым-Жомарт Тоқаевқа, Ұлттық қауіпсіздік комитетінің төрағасы Кәрім Мәсімовке, Бас прокурор Ғизат Нұрдәулетовке жеке санкция салуды сұрайды.
28 маусым күні оралдық белсенді Маруа Ескендірдің асқазанындағы жарасы асқынып, аштықты тоқтатуға мәжбүр болған. Оның орнына аштықты басқа белсенді жалғастырып жатыр.
Әзірге билік өкілдері белсенділердің аштық акциясына реакция білдірген жоқ.
Қарай отырыңыз: Белсенділердің "Аштық акциясы" басталғанына бір аптадан асты (28 маусым 2021 жыл).
ПІКІРЛЕР