Қазақстанда республикалық және халықаралық маңызы бар көлік жолдарына жауапты "ҚазАвтоЖол" ұлттық компаниясы үкімет кепілдігімен Қытайдан 200 млн доллар қарыз алғысы келеді.
Қаржы министрлігінің сайтында жарияланған қаулыда Қазақстан үкіметінің Қытай экспорт-импорт банкінен "ҚазАвтоЖол" ұлттық компаниясына 199,7 млн доллар көлемінде қарыз алып беру бойынша мемлекеттік кепілдік беретіні жазылған.
Құжатқа сәйкес, Қытай банкінен алынатын қаражат Нұр-Сұлтандағы Қабанбай батыр даңғылын қайта жөндеу жобасына жұмсалады. Нақтырақ айтқанда, Салтанат сарайынан бастап әуежайға дейінгі аумақты жөндеуге, Қабанбай көшесінен Тұран даңғылына дейінгі аралықта көлік торабын салуға жұмсалады.
Қаулы қол қойылған күннен бастап күшіне енеді.
"ҚазАвтоЖол" – жалпы ұзақтығы 24,4 мың шақырымды құрайтын республикалық және халықаралық маңызы бар автомобиль жолдарының (барлық автомобиль жолдарының шамамен 20%) ұлттық операторы.
2020 жылдың 1 қазан айындағы мәлімет бойынша, елдің сыртқы қарызы 160,9 миллиард долларға жеткен. Бұған дейін жергілікті БАҚ соңғы бес жылда мемлекеттің сыртқы қарызының екі есеге өскенін жазған. Қазақстанда жергілікті мамандар шетелден алынған қарыздың тиімді жұмсалатынына күмән келтіреді.
ПІКІРЛЕР