Accessibility links

Ақтөбелік белсенді Рейхерт "билік өкілін қорлады" деп айыпталып, соты басталды


Белсенді Роман Рейхертті облыс әкімдігі жанынан полиция ұстап әкетіп барады. 26 қазан 2019 жыл, Ақтөбе қаласы
Белсенді Роман Рейхертті облыс әкімдігі жанынан полиция ұстап әкетіп барады. 26 қазан 2019 жыл, Ақтөбе қаласы

30 маусым күні Ақтөбе облысы Мәртөк аудандық соты "билік өкілін қорлады" және "билік өкіліне күш қолданды" деп айыпталған белсенді Роман Рейхертке қозғалған қылмыстық істі қарай бастады.

Тергеу тарабы Рейхерт биыл 22 наурыз күні өзі тұратын Мәртөк ауылында полиция капитанын "ағаш сабы бар кетпенмен салып қалған", "полицейлерді тілдеген" дейді. Тергеушілер сотқа жәбірленуші полицейдің рапорты мен оқиға орнынан түсірген видеосын ұсынды.

Судья Саламат Ноғаев пен отырысқа қатысушылар видеоны 30 маусымда Мәртөк аудандық сотының ғимаратында отырып көрді. Сотқа онлайн қатысқан Азаттық тілшісіне видео жазбадағы адамдардың дауыстары ғана естіліп тұрды. Яғни, ашулы ер адамды екінші біреудің "Рома, сабыр ет", "Рома, бала жылап тұр" деп сабырға шақырғаны естілді.

Роман Рейхерт бұған дейінгі жазасын өтеп бітпестен тағы да сотқа тартылып отыр. Сот 2020 жылғы маусымда "тыйым салынған ұйымның жұмысына қатысқаны үшін" бір жылға пробация бақылау тағайындаған. Оған бұл іс Қазақстанда "экстремистік" деп танылып, қызметіне тыйым салынған ҚДТ және "Көше партиясы" қозғалысына қатысы бар деп қозғалған еді. Еуропарламент өз қарарында ҚДТ мен "Көше партиясын" "бейбіт оппозициялық қозғалыс" деп атайды.

Айыптау актісіне сай, биыл 22 наурыз күні полицейлер пробация бақылауындағы Рейхерттің Мәртөк ауылындағы үйіне барып, әйелі Регина Белаловаға шақырту қағазын тапсырмақ болады.

"Полицейлер Регина Белалованың "Көше партиясы" мен "Қазақстанның демократиялық таңдауы" қозғалысына қатысы бар-жоғын білмек болған" дейді айыптаушы тарап.

Ерлі-зайыптылар Рейхерт пен Белалова 22 наурыз күні шақыртуды алмай, полиция қызметкерлерін үйіне кіргізбей жіберген. Сәлден соң ұлын ертіп, дүкенге шыққан Рейхертті полиция қызметкерлері көшеден ұстап әкетеді. Кейін көшеде полиция қызметкерлерімен жанжалдасқан Роман Рейхерт басынан жарақаттанып, ауруханаға түскені хабарланды. Тергеу тарабының айтуынша, Рейхерт жанжал кезінде полицейлерге "таяқ көтерген".

Бүгін, 30 маусымда басталған сот осы төбелестен кейін болып жатыр.

Азаттық тілшісі Роман Рейхерттің өзіне тағылған айып туралы пікірін біле алмады. Рейхерттің телефоны өшірулі болды. "Роман үйге кешкі алтыдан соң келеді" деген белсендінің әйелі Регина Белалова да кешкілік тұтқаны көтермеді.

Ақтөбе облысындағы Мәртөк ауылында тұратын 33 жастағы Роман Рейхерт – төрт баланың әкесі, қарапайым жұмысшы. Мәртөк ауылынан Ақтөбедегі хром қосындылары зауытына қатынап жұмыс істейді.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG