Әзербайжан тұтқынға түскен 15 армян сарбазын мина алаңдарының картасына алмастырды. Бұл туралы 3 шілде күні екі елдің сыртқы істер министрліктері хабарлады.
Былтыр күзде Әзербайжан мен Армения арасында Таулы Қарабақ пен оның айналасындағы аумақ үшін алты апталық соғыс болып, оның соңы Ресейдің араағайындығымен аяқталды. Бітім келісімі бойынша, Баку Таулы Қарабақтың едәуір бөлігі мен соның айналасындағы жеті ауданды қайтарып алды, даулы аймаққа Ресейдің бітімгер әскері кіргізілді.
Әзербайжан сыртқы істер министрлігі өз мәлімдемесінде тұтқынды картаға алмастыру келісіміне Ресейдің ұйытқы болғаны жазылған. Келісім бойынша, Армения Баку қарамағына өткен Физули және Зангелан аймақтарындағы 92 мың минаның орналасқан жері белгіленген картаны беруі тиіс. Бұл миналар танкі мен жаяу әскерге қарсы қойылған.
"Адамдық амалы ретінде Әзербайжан Арменияға ұлты армян 15 адамды экстрадициялады" делінген мәлімдемеде.
Сарбаздар еліне қайтарылған соң, Армения олардың аты-жөнін атап, олардың бәрі елдің солтүстігіндегі Ширак облысының тумасы екенін айтты.
"Қайырым ниеті ретінде Армения тарабы Әзербайжанға Физули және Зангелан аймақтарындағы мина алаңдарының картасын берді" деді Армения үкіметі.
Таулы Қарабақ пен оның айналасындағы аудандар пост-советтік кеңістіктегі ең қатты миналанған аумақ саналады.
Қарашадағы бітім келісімінен бері миналардың жарылуынан Әзербайжанның жеті сарбазы мен 18 бейбіт тұрғыны қазаға ұшырады, жүзден астам адам жарақат алды.
Әзербайжан үкіметі мина алаңдарының картасы көптеген адамды ажалдан сақтап, құрылыс жұмыстарын күшейтуге мүмкіндік береді деп үміттенеді. Баку осылайша 1990-жылдары үйін тастап көшуге мәжбүр болған әзербайжандарды туған жеріне қайтармақ.
Маусым айында Әзербайжан мен Армения осыған ұқсас келісім жүзеге асқан. Онда Баку 15 армян тұтқынын Ағдам аймағындағы мина алаңдарының картасына алмастырған.
Әзербайжан қолындағы армян тұтқындарының жалпы саны белгісіз.
Бітім келісімінен соң желтоқсанда Әзербайжан 44 армян тұтқынын, Армения 12 әзербайжан тұтқынын қайтарған.
Бірақ бітімнен кейінгі кішігірім дау кезінде Әзербайжан Арменияның 60 шақты сарбазын тұтқынға алған. Мәселені қиындатқаны, Әзербайжан қамауға алынғандарды соғыс тұтқыны деп санамай отыр. Женева конвенциясы аясында соғыс тұтқындарына ерекше мәртебе берілген.
ПІКІРЛЕР