Accessibility links

Алматыда полиция "Демпартия" жақтастарын кеттлингке алды


"Назарбаев, кет!" Алматыда арнайы жасақ наразыларды құрсауға алды
please wait

No media source currently available

0:00 0:02:37 0:00

Алматыда полиция тіркелмеген "Қазақстанның демократиялық партиясы" жақтастарын кеттлингке алды. Бұл туралы оқиға орнынан Азаттық тілшісі хабарлады. Наразылар мен полиция арасында текетірес те туындаған.

6 шілдеде күндізгі сағат 12 шамасында Балуан Шолақ атындағы спорт кешенінің алдына "Демпартияның" ондаған өкілі жиналып, митинг өткізе бастаған еді. Бұдан соң жергілікті әкімдіктен қызметкер келіп, оларға шараның заңсыз екенін ескертті. "Демпартия" өкілдері әкімдік өкілінің ескертуіне ашулы реакция білдірді. Топ жетекшісі Жанболат Мамай "билік бізге митинг өткізуге рұқсат бермейді, оданша шеру жасап жүреміз" деп жылжи бастаған кезде наразылар полицияның қарсылығына тап болды.

Олар жолдың қарама-қарсы жағына өткеннен кейін арнайы жасақ өкілдері наразыларды жан-жақтан қоршап, жылжытпай қойды. Наразылар мен арнайы жасақ өкілдері бірнеше рет ұрысып-жұлқыласып қалды. Полиция қызметкерлері олардың плакаттарын жұлып, итеріп күшпен ұстап тұрды.

Күндізгі сағат 1 шамасында кеттлингте шамамен отыз шақты адам болды. Олар наразылық акциясын кеттлинг ішінде жалғастырып, кезек-кезек пікірлерін айтты. Ара-тұра "Назарбаев, кет!" деп те айқайлады.

Полиция Балуан Шолақ атындағы спорт сарайы маңына жиналмақ болған тіркелмеген Қазақстанның демократиялық партиясының жақтастарын жылжытпай ұстап тұр. Алматы, 6 шілде 2021 жыл.
Полиция Балуан Шолақ атындағы спорт сарайы маңына жиналмақ болған тіркелмеген Қазақстанның демократиялық партиясының жақтастарын жылжытпай ұстап тұр. Алматы, 6 шілде 2021 жыл.

"Халық қымбатшылықтан, қуаңшылықтан, індеттен қиналып жатқан кезде елде Назарбаевтың ескерткіштері ашылып жатыр. Назарбаев кетсін! Екі жыл ішінде ешқандай нәтиже шығара алмаған Тоқаев та кетсін!" деді Жанболат Мамай.

Белсенді Абзал Достияров Асқар Мамин үкіметін сынап, "саяси жауапкершілік Назарбаев пен Тоқаевтың мойнында" деді. Белсенді Әйгерім Тілеужан "Назарбаев жүйесінің жемқорлығы салдарынан Қазақстан Қытайдың отарына айналып бара жатыр. Осылай жалғаса берсе, олардың бір провинциясына айналамыз. Елде Қытайсыз да зауыт, кәсіпорын аша аламыз" деді.

6 шілдеде Қазақстанда Астана күні және бұрынғы президент Нұрсұлтан Назарбаевтың туған күні қатар атап өтіледі. Осы күнге орай тіркелмеген Қазақстанның демократиялық партиясы және қуғында жүрген оппозициялық саясаткер, бұрынғы банкир Мұхтар Әблязов бұған дейін жақтастарын билікке қарсы акцияға шақырған.

Бір-бірін сынайтын Әблязов пен Мамай митингіні тәуліктің басқа уақытына белгілеген.

Билік Жанболат Мамайдың "Қазақстанның демократиялық партиясын" ресми тіркеуден өткізбеген. Мұхтар Әблязовтың "Қазақстанның демократиялық таңдауы" қозғалысын "экстремистік ұйым" деп таныған.

Бірақ Еуропарламент ҚДТ-ны "бейбіт оппозициялық ұйым" деп атап, Нұр-Сұлтанды экстремизм баптарын оппоненттеріне қарсы қолданбауға шақырған.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG