Accessibility links

Полиция қоршауында қалған бірнеше адам жарақаттанды


"Демпартия" жақтастары полиция қызметкерлеріне сөйлеп жатыр. Алматы, 6 шілде 2021 жыл.
"Демпартия" жақтастары полиция қызметкерлеріне сөйлеп жатыр. Алматы, 6 шілде 2021 жыл.

Алматыда Абай - Байтұрсынов көшелерінің қиылысында полиция қоршауында қалған бірнеше адам жарақаттанды.

Оқиға орнында жүрген Азаттық тілшісінің хабарлауынша, полиция "Демпартия" жақтастарына шеру жасап жүруіне мүмкіндік бермеген соң наразылар әр тұстан кеттлингті бұзуға тырысты. Бірақ оларды арнайы жасақ өкілдері ішке қарай кері итеріп, жібермеген.

Осындай сәттердің бірінде полиция күшпен итерген кезде бірнеше адам құлады. Соның салдарынан белсенді Даная Қалиеваның екі қолы көгерді. Белсенді Ырысбек Тоқтасынның киімі жыртылып, аяғы жарақаттанды. Оқиғаны суретке түсіріп тұрған журналист Күлтегін Аспанұлы да құлады. Жедел жәрдем көлігінің қызметкерлері жарақаттанғандарға медициналық көмек көрсетті.

Медицина қызметкері кеттлинг кезінде аяғын жарақаттап алған белсенді Ырысбек Тоқтасынға көмек көрсетіп жатыр. Алматы, 6 шілде 2021 жыл.
Медицина қызметкері кеттлинг кезінде аяғын жарақаттап алған белсенді Ырысбек Тоқтасынға көмек көрсетіп жатыр. Алматы, 6 шілде 2021 жыл.

Полиция мен наразылар қайта-қайта жұлқыласып қалды. Оқиға орнында Бостандық ауданы әкімі Алтай Рахымбеков пен қоғамдық даму басқармасының бастығы Диас Есдәулетов те жүр. Олар наразылықты сырттай бақылап тұр.

6 шілдеде тіркелмеген "Қазақстанның демократиялық партиясының" өкілдері Балуан Шолақ спорт сарайы алдында митинг өткізбек болған. Жергілікті билік шараның заңсыз екенін айта бастаған соң наразылар шерулетіп жүре бастады. Бірақ полиция оларға кедергі жасап, Абай - Байтұрсынов көшелерінің қиылысында қоршауға алды. Олардың қоршауда тұрғанына бірнеше сағат болған.

Наразылар Назарбаев пен Тоқаевтың биліктен кетуін, Қытай экспансиясына жол бермеуді талап етті. Бұған қоса, елдегі індет, қымбатшылық пен қуаңшылықты да айтып, үкіметтің тиімді "күреспей отырғанын" сынады.

6 шілдеде Қазақстанда Астана күні және бұрынғы президент Нұрсұлтан Назарбаевтың туған күні қатар атап өтіледі. Осы күнге орай тіркелмеген "Қазақстанның демократиялық партиясы" мен қуғында жүрген оппозициялық саясаткер, бұрынғы банкир Мұхтар Әблязов бұған дейін жақтастарын билікке қарсы акцияға шақырған.

Бір-бірін сынап жүрген Әблязов пен Мамай митингіні тәуліктің басқа уақытына белгілеген.

Билік Жанболат Мамайдың "Қазақстанның демократиялық партиясын" ресми тіркеуден өткізбеген. Мұхтар Әблязовтың "Қазақстанның демократиялық таңдауы" қозғалысын "экстремистік ұйым" деп таныған.

Бірақ Еуропарламент ҚДТ-ны "бейбіт оппозициялық ұйым" деп атап, Нұр-Сұлтанды экстремизм баптарын оппоненттеріне қарсы қолданбауға шақырған.

6 шілде күні қарсаңында Қазақстанның түрлі аймағында белсенділер қамалып, құқық қорғаушылар саяси қуғын күшейгенін хабарлаған.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG