Қарағанды облысы Ұлытау ауданындағы дала өртін сөндіру әлі жалғасып жатыр. Өрт сөндірушілерге орман шаруашылығының мамандары көмекке келген.
6 шілдеде жергілікті билік өрт Шеңбер ауылдық округіне де жеткенін мәлімдеді. Олардың айтуынша, өрт Қостанай облысы жақтан келген. Әкімдік өртке найзағай себеп дейді.
5 шілдеде Ұлытау ауданындағы Жангелдин, Ақтас, Амангелді ауылдық округтерінде дала өртіне байланысты төтенше жағдай жарияланған.
Дала өртінің шығыны әлі есептелген жоқ. Облыс әкімдігі арнайы комиссия құрылғанын хабарлады.
— Комиссия әлі жұмыс істеп жатыр. Өрт толық сөндірілген соң шығынды есептейміз, — деді облыс әкімдігі Азаттық тілшісіне.
Түнде өрт ауылдарға жақындағаны айтылған еді, бірақ қазір қауіптің беті қайтқаны хабарланды. Өртті сөндіруге жергілікті тұрғындар да көмектесіп жатыр.
5 шілдеде өрт болған жерден 23 жастағы ер адамның мәйіті табылған. Қазір оның қазасына қатысты тергеу жүріп жатыр. Қарағанды облысы әкімдігі екі жүз ұсақ мал, оннан аса ірі-қара өлгенін де мәлімдеді.
Облыс билігі Ұлытау ауданында өрт алты жерде шыққанын, жалын қатты аймақтарға Қарағанды қаласынан қосымша 40 құтқарушы мен техника жіберілгенін, тағы 150 солдат баратынын айтады.
Жергілікті билік "өртті сөндіру үшін қолдан келгеннің бәрін жасаймыз" деп мәлімдеген. Бірақ тұрғындар өрт жайлы уақтылы әрі дұрыс ақпарат бермегені үшін облыс әкімінен бастап жергілікті шенеуніктерді жазалауды талап етіп жатыр.
Қоғамдағы сыннан кейін облыс әкімдігінің баспасөз қызметі "фактілерді тексергенге уақыт кеткенін", "ешкім ештеңе жасырмағанын" айтты. Әкімдіктегілер Азаттыққа "ресми түрде расталған соң ақпарат берілді" деп жауап берді.
Облыс әкімдігі шенеуніктерді жазалау туралы талапқа ешқандай жауап қатпады. Ал Азаттық тілшісінің халықтың жергілікті әкімдікке сыны жайлы сұрағына баспасөз қызметі "ол – жұрттың пікірі" деп жауап берді.
ПІКІРЛЕР