Өзбекстан президенті Шавкат Мирзияев "Ар-ұждан және діни ұйымдардың еркіндігі туралы" заңға енгізілген өзгертулерге қол қойды.
Заңның жаңа редакциясында қоғамдық орындарда діни киім киіп жүруге арналған тыйым алынған. Себебі, заң актілерінде "діни киім" түсінігінің заңдық анықтамасы жоқ.
Құжатқа сәйкес, діни ұйымдарды тіркеу және олардың ісін тоқтату тәртібі жеңілдетілген. Мысалы, жергілікті діни ұйымдарды құру бойынша бастамашы топтың құрамы азайтылады. Енді діни ұйым құру үшін 18 жасқа толған 50 адамның қолы болса жеткілікті.
Бұдан бөлек діни ұйымның орталық басқару мекемесін және оқу орындарын ашу үшін 100 бастамашы болуы керек деген талап жойылды. Сонымен бірге діни жиын өткізу үшін жергілікті тұрғындардың рұқсатын алуы керек деген талап да алынып тасталды.
Жаңа заң бойынша, діни ұйымның жұмысын тоқтату тек сот арқылы ғана жүзеге асырылады. Діни ұйымдар лауазымды тұлғалардың әрекетіне сот арқылы шағымданса, мемлекеттік баж салығын төлемейді.
Заң діни білімді тек діни мекемелерден ғана алуды міндеттейді, қалғаны заңсыз болып саналады.
Өзбек билігі елдегі "сақал мен хиджабқа қарсы кампания" жөнінде ашық айтпайды. Алайда Ташкент пен Наманган облысының тұрғындары осыған дейін полицияның ерлерді сақалдарын алуға мәжбүрлегенін хабарлаған. Азаттықтың Өзбек қызметі Қоқанда хиджаб киетін мектеп оқушыларының тізімі жасалатынын анықтаған.
Орталық Азияда халқы ең көп (32 млн адам) мемлекетті авторитар басшы Ислам Каримов қазасынан кейін басқарып келе жатқан Шавкат Мирзияев өзін реформатор ретінде көрсетуге тырысады. Ол саяси тұтқындарды босатып, Өзбекстан қақпасын көрші елдер мен сыртқы әлемге ашқан. Бірақ көптеген белсенділер елде реформа үстірт жүргізілді деп санайды.
ПІКІРЛЕР