Accessibility links

Covid: Бір күнде 2700-ден астам науқас анықталды, 30 адам қайтыс болды


Қорғаныш киім киген медицина қызметкері.
Қорғаныш киім киген медицина қызметкері.

Өткен тәулікте 2711 адамның коронавирус тесті оң шықты. Бұл бір күн бұрынғы көрсеткіштен 93 адамға көп. Елде "үндістандық штамның" тарағаны жайлы ақпарат шыққалы бері коронавирус жұқтырғандар үздіксіз көбейіп келе жатыр.

Ресми мәлімет бойынша, 2020 жылдың наурыз айынан бері 442 291 адамның коронавирус тесті оң шыққан.

5 шілдеде 27 адам пневмонияның коронавирусқа ұқсас түріне шалдыққан. ПТР нәтижесі теріс, бірақ симптомдары коронавирусқа ұқсас "пневмония" статистикасы былтыр тамыздан бері жүргізіліп келеді. Министрлік мәліметінше, содан бері елде 57 464 адам "пневмонияның" сол түріне шалдыққан.

Дүйсенбі күні елде коронавируспен байланысты 30 адам өлімі тіркелген: 27 адам – коронавирустан, 3 адам – коронавирус пневмониясынан қайтыс болды деп айтылады. Індет басталғалы бері коронавирустан – 4516 адам, коронавирус пневмониясынан 3470 адам қайтыс болған.

Коронавирусқа қатысты адам өлімі статистикасына вирусқа шалдыққан мыңнан аса адам марқұм енбей қалды. Министрлік құрған комиссия олардың қазасына басқа дерт себеп болды деп тапқан.

Қазір елде Нұр-Сұлтан, Алматы, Шымкент қалалары, Ақмола, Атырау, БҚО, Қарағанды, Маңғыстау және Павлодар облыстары қаупі көп "қызыл аймақта", Ақтөбе, Қостанай, СҚО, Қызылорда, Алматы, Жамбыл облыстары вирус тарауы жағынан орташа "сары аймақта" тұр. Қалған облыстар "жасыл аймақта".

7 шілде күнгі ақпарат бойынша, 34 189 адам (32 876 адамның Covid тесті оң шыққан) коронавирустан емделіп жатыр. Стационарда 10 708-і емделіп жатыр. 710 адамның жағдайы ауыр, 143 науқастың жағдайы өте ауыр, 75 адам жасанды тыныс аппаратына қосылған.

Министрліктің дерегінше, 7 шілдеге дейін 3 млн 906 мың адам коронавирусқа қарсы екпенің бір дозасын; 2 млн 236 мың адам екі дозасын да алған. Елде ресейлік "Спутник V", қазақстандық QazVac, HayatVax (БАӘ елінде дайындалған Қытайдың екпесі), қытайлық Coronavac екпесін салып жатыр.

2 шілдеде Қазақстан денсаулық сақтау министрлігі коронавирустың тез жұғатын түрі "үндістандық штамм" барлық облыс пен қалада анықталды деп мәлімдеген.

АҚШ-тағы Джонс Хопкинс университетінің есебінше, індет басталғалы бері әлемде 184,5 млн адам Covid дертіне шалдыққан. 3,9 млн адам қайтыс болған.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG