Accessibility links

Өзбекстанда коронавирусты емдейтін ауруханаларда орын жоқ


Өзбекстан денсаулық сақтау министрлігі таратқан мәліметтерге қарағанда, елде коронавирус жұқтырғандар екі есеге өскен.

Ақпаратқа қарағанда, Ташкент облысы Зәңгіата ауданында пандемия кезінде арнайы салынған екі жұқпалы аурулар ауруханасында орын жоқ.

№1 аурухана директорының орынбасары Олимжон Исхаковтың "Өзбекстан 24" телеарнасына хабарлауынша, 2 мың адамға шақталған мекемеде 2550 науқас жатыр. Оның айтуынша, мұнда күнде шамамен 350 адам түседі. Аурухана толып қалғандықтан, мұнда науқастарды қабылдау тоқтаған.

Әлеуметтік желілерде тараған видеоларға қарағанда, ауруханада төрт адамға шақталған палатада қазір алты-сегіз адамнан жатыр.

Ташкент қаласының басшысы Жахонгир Артыкхожаев астанадағы төрт ковид-орталықты іске қосуды тапсырды.

Үкімет карантин шектеулерін күшейтуге мәжбүр болды. Республикада тәулігіне орта есеппен үш адам коронавирустан қайтыс болады.

Соған қарамастан, денсаулық сақтау министрлігі коронавирустың жаңа толқыны келгенін жариялауға асығар емес.

Биыл 24 маусымда Өзбекстанда коронавирустың аса жұқпалы "дельта" штаммы тіркелгені хабарланған еді.

Ресми мәлімет бойынша, 6 шілдеде Өзбекстанда 496 адамнан коронавирус анықталған. Індет басталғалы бері 114 мыңнан астам адамға Covid жұққан. 754 адам қайтыс болған.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG