Accessibility links

Алматыда ереуілге шыққан Glovo курьерлері көшені жабуға тырысты


Еңбек жағдайын жақсартуды талап еткен Glovo курьерлері компания басшыларының шығуын күтіп тұр. Алматы, 7 шілде 2021 жыл.
Еңбек жағдайын жақсартуды талап еткен Glovo курьерлері компания басшыларының шығуын күтіп тұр. Алматы, 7 шілде 2021 жыл.

7 шілдеде Алматыда Glovo тамақ жеткізу қызметінің ондаған курьері ереуілге шығып, еңбек жағдайын жақсартуды талап етті. Компания өкілдерінен мардымды жауап ала алмаған олар "Нұрлы Тау" кешені маңындағы Желтоқсан көшесін жабуға тырысты. Әкімдікке барған оларды кейінірек компания басшылығы келіссөзге шақырды.

Сәрсенбі күні елу шақты наразы әуелі компанияның Байтұрсынов – Жамбыл көшелерінде орналасқан кеңсесіне барды. Бірақ ол жақта компания менеджерлері ереуілшілермен келіссөз жүргізуден бас тартты. Бұдан соң курьерлер компания басшылығы отыратын "Нұрлы Тау" кешеніне қарай бет алды.

Ереуілшілер компания басшылығына 23 талап қойып отыр. Олардың арасында базалық төлемді өсіру, бонустар жинау жүйесін өзгерту, тапсырыс рәсімдеу жүйесін жақсарту, күту кезіндегі төлемді көбейту деген сияқты талаптар бар. Көшеде мопед, велосипедтермен жүретін курьерлер сақтандыру қажеттігін де айтып отыр. Олардың сөзіне қарағанда, қазіргі жағдай бойынша көліктер оларды қағып кетсе де өмірі сақтандырылмаған.

– Бағана сөйлескен адамдар проблеманы шеше алмаймыз деді. Сол себепті басшылар отыратын осы жерге (Нұрлы тауға) келдік. Біз қойып отырған 23 талап бар. Солардың бірде-біреуіне дұрыс жауап қайтармады. "Ештеңе өзгермейді" деді. Тым болмағанда ауа райы жағдайындағы бонустарды қосыңдаршы, екі тапсырыс мәселесін реттеп беріңдерші деп келіп тұрмыз, – деді наразылардың бірі Жеңіс Орынәлиев Азаттық тілшісіне.

7 шілдеде түстен кейін компания өкілдері баспасөз хабарламасын таратты. Онда курьерлердің еңбекақысы қалай төленетіні түсіндіріліп, кейбір талаптардың орындалып қойғаны, кейбірі біртіндеп жүзеге асатыны жазылған. Компания өкілдері курьерлердің жұмысқа орналасар кезде еңбек шартына келіскенін меңзейді.

"Аталған жүйе мен тарификация бойынша келісім алдын ала онбординг-сессия кезінде талқыланады, әріптестер (жұмыс беруші мен жұмысшы - ред.) келісім-шартқа қол қояды. Жүйе мен тарификациямен келіспеген жағдайда партнер өзге компаниямен әріптестікті таңдай алады" деп жазылған компания хабарламасында.

Түстен кейін ереуілшілердің алдына Бостандық ауданы әкімінің орынбасары Маржан Балбаева шықты. Ол курьерлерге еңбек шарттарымен келіспесе, сотқа жүгіне алатынын айтты. Әкімдік өкілі "мәселені неге бұрын айтпадыңдар" деп ереуілшілерді сөкті. Ал наразылар бұған дейін арыз-өтініш жазғанын, бірақ оған ешкімнің құлақ аспағанын айтты.

Компания басшылығынан дұрыс жауап ала алмаған ереуілшілер "Нұрлы тау" маңындағы Желтоқсан көшесін жабуға тырысқан. Әлеуметтік желіде мопед мінген наразылардың сигнал беріп, Желтоқсан көшесінде тұрғаны туралы видео тарады. Ақпаратқа қарағанда, олар қозғалысты көп уақыт жаппаған. Сәлден соң наразылар әкімдікке барып, шағымданған. Осыдан кейін оларды компания басшылығының келіссөзге шақырғаны хабарланды.

Glovo басшылығы "курьерлердің алдындағы міндетімізді толық атқарып отырмыз, әзірге ешқандай шартты өзгертпейміз" деп жауап берді.

Шамамен бір ай бұрын Wolt компаниясының курьерлері ереуілге шығып, бұрынғы төлем жүйесін қалпына келтіруді талап еткен еді. Олардың талаптары орындалды.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG