Accessibility links

Ақтөбеде заңды пикетке "Шал, кет!" деген жазумен шыққан адамды полиция ұстады


Ақтөбеде қала әкімдігінің келісімін алып, бес күн қатарынан жалғыз адам пикетіне шыққан жергілікті құқық қорғаушы Ольга Климонова. Ақтөбе, 4 шілде 2021 жыл.
Ақтөбеде қала әкімдігінің келісімін алып, бес күн қатарынан жалғыз адам пикетіне шыққан жергілікті құқық қорғаушы Ольга Климонова. Ақтөбе, 4 шілде 2021 жыл.

Ақтөбеде қалалық әкімдіктің келісімін алып, бес күн қатарынан жалғыз адам пикетіне шыққан жергілікті құқық қорғаушы Ольга Климонованы акциясының соңғы күні полиция ұстаған. "Шал, кет!" деген жазуы бар плакат көтеріп тұрған Климонованы полиция 9 шілде күні облыс әкімдігі алдындағы алаңнан әкеткен. Климонова бұған дейін "жемқорлық жайлаған полиция жүйесіне" наразылық ретінде жалғыз өзі пикетке шығатыны жайлы қала әкімдігіне бір айда ондаған хабарлама жіберген. Әкімдік оған 4 шілдеден бастап бес күн (6 шілдеден басқа күндері) бойы осы алаңда бір сағаттан пикет өткізуіне келісім берген болатын.

Ақтөбе полициясы Ольга Климонова рұқсат етілген пикеттің "тақырыбы мен мақсатын бұзған" дейді. Құқық қорғаушы онымен келіспейді.

– Қазақстанның полиция жүйесі толық деградацияға ұшыраған. Әйтпесе рұқсат етілген пикетке шыққан адамды ұстамас еді. Пикетке рұқсат алмас бұрын мен әкімдікке 35 хабарлама жібердім. Соның бәрінде санкция қолдану туралы да пункт бар. Иә, хабарламаларда [Қазақстанның экс-президенті Нұрсұлтан] Назарбаевтың фамилиясы атап көрсетілмеген. Бірақ санкцияның мемлекет басшыларына қолданылатыны айтпаса да түсінікті емес пе?! Демек пикет тақырыбын да, мақсатын да бұзған жоқпын, – дейді Ольга Климонова.

"Шал, кет!", "Назарбаев, кет!" деген ұрандар әдетте билік келісім бермейтін оппозиция митингілері мен өзге де наразылық акцияларында үнемі айтылады. Оппозиция бұдан екі жарым жыл бұрын президенттіктен кеткен 81 жастағы Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстанда әлі күнге билікке ықпал етіп отыр деп санайды.

Климонова өзін полиция қызметкерлері Зауыт бөлімшесінде 2,5 сағат бойы ұстап, телефонындағы видео мен фотоларды және Youtube-парағында жариялағанын түгелдей жойып, барлық хат-хабарын көшіріп алып, телефон кітапшасындағы байланыс нөмірлерін өшіріп тастағанын айтты.

Ақтөбе полициясы "пикет тақырыбы мен мақсатын бұзған" Ольга Климоновамен профилактикалық әңгіме жүргізілгенін хабарлады.

Климонованың пикетке шығуына жұбайы, Ресей азаматы Владимир Хмелевскийдің атына "досы" осыдан үш жыл бұрын рәімдеген Ресейде тіркелген КАМАЗ жүк көлігіне байланысты дау ілік болған. Климонова Хмелевскийдің құжат жүзінде көлік қожайыны болғанын, ал көлікті пайдаланған Қазақстан азаматы мүлік салығын төлемегендіктен, құжат ауыстыратын мерзім жеткен кезде Ресейге барған Хмелевскийді Қазақстанға қайтадан кіргізбей қойғанын айтады. Күйеуі құзырлы органдарға шағымданған, тергеу ұзаққа созылып, кейін істі жауып тастап, одан соң қайта тергеуге жіберген. Ольга Климонова пикетке шығып, бұл мәселеге көптің назарын бұруды ұйғарған.

– Біздің шағымымыздан соң арнайы автотұраққа қойылған КАМАЗ көлігін біраздан кейін үшінші бір адамға берді. Яғни, полиция алаяқтарды бүркемелеп отыр, – дейді Климонова.

Ақтөбе әкімдігінің хабарламасында "ҚДТ экстремистік ұйымы 6 шілде күні қазақстандықтарды митингіге шақырғандықтан" Ольга Климонованың жалғыз адам пикетін өткізуіне 6 шілде күні ғана рұқсат берілмейтіні жазылған. Яғни Климонова 4 шілде күні бастаған пикетін 9 шілде күні аяқтауы тиіс болған.

Нұрсұлтан Назарбаевтың туған күнімен дөп келетін Астана күні мерекесі атап өтілетін 6 шілде күні Қазақстанда оппозициялық топтар билікке наразылық акциясын өткізуді жоспарлаған еді. Алматыда "Демократиялық партия" құруға ынталы топ мүшелері мен жақтастарын полиция бірнеше сағат бойы көшеде құрсауда ұстады. Бірнеше адам зардап шегіп, билік үш белсендіні ұстап әкеткен.

6 шілде күні жұртты билікке наразылық акциясына шығуға тағы бір ұйым – шетелде қуғында жүрген оппозициялық саясаткер, бұрынғы банкир Мұхтар Әблязов құрған "Қазақстанның демократиялық таңдауы" (ҚДТ) қозғалысы да шақырған. Әблязов митинг орны деп атаған жерге келген адамдарды полиция ұстап әкеткендіктен акция өтпей қалды. Қазақстан билігі 2018 жылғы наурызда ҚДТ қозғалысын "экстремистік ұйым" деп танып, тыйым салған. Ал Еуропарламент бұл ұйымды "бейбіт оппозициялық қозғалыс" деп атаған.

6 шілде күні Ақтөбеде ҚДТ жариялаған наразылық жиыны өтпей қалды, бірақ сол күні полиция митинг өтеді деп белгіленген орынға барған бірнеше адамды ұстап әкеткен.

Ақтөбеде Әблязов митингіcіне келген он шақты адам ұсталды
please wait

No media source currently available

0:00 0:02:33 0:00

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG