Алматы облысы Қапшағай қаласының соты сәрсенбі күні белсенді Әсет Әбішевтің мерзімінен бұрын босап шығу туралы өтінішін қанағаттандырды. Бұл ақпаратты сот растады. Өтінішті судья Жайық Жанболатов қараған.
Сот өкілі прокурордың өтінішті қолдағанын-қолдамағанын нақтыламады. Шешім 15 күннен кейін күшіне енеді. Оған қарсы шағым түсуі де мүмкін.
Белсенді Әсет Әбішев "қылмыстық ұйымды қаржыландырды" және "тыйым салынған ұйымның жұмысына қатысты" (нақты жағдайда "Қазақстанның демократиялық таңдауы" қозғалысы, оны Қазақстан соты экстремистік ұйым деп танығанмен Еуропарламент бейбіт оппозициялық ұйым деп атаған) деген айыппен 2018 жылғы қараша айында төрт жылға бас бостандығынан айырған.
Бұған дейін сот оның жазаны жеңілдету туралы өтініштерін бірнеше рет қанағаттандырмады.
Қазақстандық құқық қорғаушылар белсендінің саяси себеппен қудаланғанын айтып, оны "саяси тұтқындар" тізіміне енгізген. Билік елде "саяси тұтқын" барын жоққа шығарады.
Бұған дейін құқық қорғаушылар Әсет Әбішевті дереу босатуды талап еткен.
Бір топ америкалық сенатор былтыр маусым айында Қазақстан билігін көзқарасын ашық айтып, қамалған азаматтарды дереу босатуға шақырған. Хатта Әсет Әбішевтің де аты аталды.
ПІКІРЛЕР