Павлодардағы бір аурухананың қызметкерлері 200-ден астам вакцинаның жалған паспортын сатты деген күдікке ілінді. Бұл туралы Polisia.kz сайты хабарлады.
"Аурухана меңгерушісі, жалпы практикадағы дәрігер, сонымен бірге екі медбике ақша үшін вакцина алғандардың дерегіне жалған мәлімет енгізген. Тергеу барысында медицина қызметкерлерінің 200-ден астам вакцинаның жалған паспортын жасағаны анықталды" делінген хабарламада.
Оқиғаға байланысты Қылмыстық кодекстің 385-бап ("Жалған құжаттарды, мөрлердi, бланкілерді, мемлекеттiк пошта төлемі белгілерін, мемлекеттiк наградаларды қолдан жасау, дайындау немесе өткiзу") 2-бөлігі бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары басталған.
Қазақстанда індет өршіп тұрған шақта коронавирусқа қарсы вакцинаның жалған паспортын сатушылар мен алушылардың көбейгені жайлы ақпарат жиіледі. Өткен аптада Алматы мен Нұр-Сұлтанда осындай құжатты қолдан жасаған медицина қызметкерлерінің ұсталғаны хабарланған еді. ІІМ бұған дейін "жалған вакцина паспортын жасау жаппай сипат алды" деген ақпаратты жоққа шығарған.
ПІКІРЛЕР