Азаттық радиосы

Қай елдер Covid екпесін міндеттеп жатыр?

Азаттық радиосы

Шілде 17, 2021

Қазақстан – коронавирус екпесін салдыруды міндеттеген жалғыз ел емес. Бірақ міндеттеу ауқымы әр мемлекетте әрқалай. Бірі вакциналануды тек медқызметкерден талап етсе, бірі қызмет көрсетушілерге де міндеттеп жатыр.

Қазір әлемде коронавирустың тез тарайтын әрі қаупі жоғары "дельта" варианты өршіп тұр. Ал басында үлкен қарқынмен күш алған вакциналау науқаны көп елде тежеліп қалды. Осының салдарынан біршама ел коронавирус вакцинасын салдыруды міндеттеуге көшті. Сол мемлекеттерді шолып өтсек.

АВСТРАЛИЯ

Австралия Covid екпесін міндеттеу туралы шешімін маусымның соңында қабылдады. Оған қауіп тобындағы қарттарға қарайтын қызметкерлер мен карантин қонақүйлерінің жұмысшылары жатады. Сондай-ақ Токиоға баратын паралимпиада атлеттері де екпе салдыруы тиіс.

Қарттар үйінің қызметкерлері алғашқы дозаны қыркүйектің ортасына дейін алуы қажет.

25 миллионнан астам халқы бар Австралияда індет басталғалы коронавирус 31,5 мың адамнан ғана табылған, оның ішінде 912 науқас қайтыс болған.

Елде вирус жұқтырғандардың аздығы – қатаң карантин шараларының, шекарадағы шектеулердің нәтижесі.

Қазір ел халқының 10 пайызы ғана Covid екпесін толық алған. Ал 17,4 пайызы кемі бір доза салдырған. Елде негізінен Pfizer, AstraZeneca және Johnson & Johnson екпелерін егіп жатыр.

ҰЛЫБРИТАНИЯ

Вакциналау қарқыны жоғары Ұлыбритания мүгедектер мен қарттарға қарайтын қызметкерлерді екпе салдыруға міндеттемек. Өйткені олар күтетін адамдар қауіп тобына жатады. Бірақ бұл шешімнің жаппай қарсылыққа тап болуы екіталай. Себебі елдегі 1,2 миллион әлеуметтік қызметкердің 78 пайызы міндеттемей-ақ вакцина салдырып алған.

Лондондағы екпе алу орталығы

67 миллионға жуық халқы бар Ұлыбританияда 35 миллион адам вакцинаны толық алған. 11 миллионға жуық адам екінші дозаны күтіп отыр.

Елде Pfizer, Moderna, AztraZeneca және Johnson & Johnson екпелері мақұлданған.

Ұлыбритания – Еуропада індеттен ең қатты зардап шеккен елдердің бірі. Індет басталғалы коронавируспен 5,2 миллион науқас тіркелген, оның 129 мыңға жуығы қайтыс болған.

ФРАНЦИЯ

Дүйсенбі, 12 шілде күні Франция президенті Эммануэль Макрон денсаулық саласының барлық қызметкері, кинотеатр қонақтары мен пойыз жолаушылары вакцина салдыруға міндетті немесе қолдарында теріс нәтижелі ПТР анықтамасы болуы қажет деді.

Қарттар үйінде жұмыс істейтіндер де екпе салдырмай жұмыс істей алмайды.

Осыған дейін Макрон мәжбүрлі вакциналау болмайтынын мәлімдеген. Бірақ елде вакциналау науқаны бәсеңдеп, коронавирус жұқтырғандар қатары арта бастады. Сәуірдің соңында күн сайын 42 мың науқас тіркелген Францияда маусымда күніне 2 мың науқас анықталып жүрді. Бірақ кейінгі күндері бұл көрсеткіш 4 мыңға жуықтады. Вирус жұқтырғандардың жалпы саны бойынша Франция әлемде төртінші орында. Індет басталғалы коронавирус 5,9 миллионға жуық адамнан табылып, оның 111,6 мыңы көз жұмды.

Ашық деректерге қарағанда, 67 миллион халқы бар Францияда халықтың 36 пайыздан астамы толық вакциналанған.

Президенттің бұл шешімі денсаулық қызметкерлерінің қарсылығына тап болды. Олар мұны алалау және құқығының тапталуы деп бағалайды, екпе салдыру ерікті болуы қажет дейді.

Франция денсаулық сақтау министрлігінің дерегінше, қарттар үйі мен ұзақмерзімді емделу орталықтары қызметкерлерінің бар-жоғы 43 пайызы толық вакциналанған.

Франция да ел азаматтарына Pfizer, Moderna, AztraZeneca және Johnson & Johnson екпелерін ұсынады.

ГРЕКИЯ

12 шілде күні Грекия да қарттар үйі мен денсаулық сақтау қызметкерлерін вакцина алуға міндеттейтінін айтты. Алғашқысы екпені дереу алуы керек, кейінгісі қыркүйектен бастап салдыруы қажет. Сондай-ақ бар, кинотеатр, театр және өзге де жабық жерлерге бару үшін де вакцина салдыру міндет.

Сәрсенбі, 14 шілде күні Афины қаласында 5 мың адам жиналып, вакцинаны міндеттеуге наразылық білдірді. Өзге елдердегідей, олар да таңдау болғанын қалайды. Бірақ Reuters агенттігі мұндай наразылықтар Грекия үшін қалыпты жағдай екенін жазады.

11 миллион халқы бар Грекияда індет басталғалы барлығы 445 мың адам коронавирус жұқтырған, оның 12,8 мыңға жуығы көз жұмған. Билік сәрсенбіде бір күнде 3 мың адамнан коронавирус табылғанын хабарлады.

Үкіметтің есебінше, халықтың 41 пайызы ғана екпені толық алған.

Грекия да Pfizer, Moderna, AztraZeneca және Johnson & Johnson екпелерін мақұлдаған.

ИНДОНЕЗИЯ

Индонезия вакцинаны міндеттеуге ақпанда-ақ көшіп кеткен. Ел астанасы Джакартада екпеден бас тартқандарға 357 доллар айыппұл салады.

Үкімет 270 миллион адамның 70 пайызын вакциналап, ұжымдық иммунитет қалыптастыруды көздейді. Әзірге бұл межеге тек ел астанасы ғана жеткен. Мемлекетте шілде айында орташа есеппен күн сайын 850 мың доза салынып жатыр.

Елде Pfizer, Moderna, Sinopharm және Sinovac екпелері мақұлданған. Әзірге барлығы 55 миллионға жуық вакцина салынған. Бұл халықтың 10 пайызын ғана толық вакциналауға жетеді.

ИТАЛИЯ

Италия үкіметінің наурызда қабылданған қаулысы денсаулық қызметкерлері мен фармацевтердің барлығын екпе салдыруға міндеттеді. Бас тартқандар жыл аяғына дейін жұмыссыз қалып, айлығынан қағылатын болды.

Ел билігі мұндай қадамға вакцинаға қарсы көңіл-күй күшейген тұста, коронавирустан көз жұмғандар саны 109 мыңнан асқанда барған. Кей аурухана қызметкерлерінің өзі екпен салдырудан бас тартқан. Бұл шешім қабылданғанға дейін елде бар-жоғы 10 миллион ғана доза салынған, 60 миллионға жуық халықтың тек 3,1 миллионы толық вакциналанған болатын.

Қазір елде халықтың 38 пайызы толық вакциналанған.

Италияда Pfizer, Moderna, AztraZeneca және Johnson & Johnson вакциналары салынады.

ПОЛЬША

Маусымның соңында Польша билігі қатер тобындағы адамдары вакцина салдыруға міндеттейтінін мәлімдеді. Екі апта бұрын 38 миллион халқы бар елде барлығы 12,8 миллион адам толық вакциналанған. Бірақ үкімет екпеге деген күдіктің күшейгенін, вакциналау науқанының бәсеңдегенін айтқан.

Наурыздың соңында күн сайын 30 мыңға жуық науқас тіркеліп жүрген Польшада кейін күндері күніне жүзге жетер-жетпес науқас анықталады. Індет басталғалы елде вирусты 2,9 миллион жуық адам жұқтырған, оның 75 мыңы қайтыс болған.

Польша да америкалық және еуропалық вакциналарды ғана мақұлдаған.

РЕСЕЙ

Маусымның ортасында Ресей үкіметі қызмет көрсету, сауда-саттық, білім және денсаулық саласы қызметкерлерінің 60 пайызы міндетті вакциналауға жатады деп қаулы шығарды. Қалған 40 пайыздың ішінде денсаулық жағдайы екпе алуға жарамайтындар бар. Айдың соңында Мәскеу билігі кинотеатр мен ресторан секілді жабық орындарға бару үшін не теріс нәтижелі ПТР анықтамасы (үш күнге жарамды), не соңғы жарты жылда ауырып шыққаны туралы анықтама, не вакцина паспорты талап етіледі деді.

Ресейдегі екпе алу орталығының бірі.

Кейінгі апталарда Ресейде індеттің тарауы күрт күшейді. Маусымның басында күн сайын 9 мың науқас тіркеліп жүрсе, өткен аптада бұл көрсеткіш 25 мыңнан түспеді. Бейсенбі, 15 шілде күні ел билігі коронавируспен бір күнде 25 293 науқас, 791 кісі өлімі тіркелгенін мәлімдеді. Осылайша, елде коронавирус жұқтырғандар 5,9 миллионға жуықтап, оның 146 мыңы көз жұмды.

Әзірге 146 миллион халқы бар Ресейде жұрттың 19,5 пайызы ғана (28,6 миллион) вакцинаның кемі бір дозасын алған.

Ресейде тек отандық вакциналар мақұлданған. Олар: Гамалея институтының "Спутник V" екпесі, Чумаков орталығының КовиВак екпесі, Вирусология және биотехнология ғылыми орталығының ЭпиВакКорона екпесі.

Вакцина салдыруға міндеттелгендер бірінші дозаны 15 шілдеге дейін, екіншісін 15 тамызға дейін салдыруы керек.

САУД АРАБИЯСЫ

Сауд Арабиясы мамыр айында жеке және мемлекеттік сектор қызметкерлерінің бәрін екпе салдыруға міндеттеген. Салдырмағаны жұмыс орнына бара алмайды. Бірақ билік нақты мерзімді атамады.

Сондай­-ақ үкімет ғимараттарына, білім орындарына кіру үшін және қоғамдық көлікке міну үшін де вакцина қажет.

Былтыр маусымда күн сайын 5 мыңға жуық науқас тіркелген Сауд Арабиясында қысқа қарай індеттің беті қайтып, күніне жүзден сәл ғана асатын науқас саны тіркеліп жүрген. Бірақ көктемнен бастап науқас саны қайта арта бастаған. Қазір күніне мыңнан астам науқас тіркеліп отыр.

Сауд Арабиясындағы екпе алу орны.

Індет басталғалы коронавирус 506 мың адамнан табылған, оның 8 мыңы қайтыс болған.

Елде 34 миллион адам тұрса, оның 53,1 пайызы екпенің кемі бір дозасын алған. Толық вакциналанғандар үлесі 8,5 пайыз шамасында.

Үкімет Pfizer және AstraZeneca вакциналарын мақұлдаған.

ТҮРКІМЕНСТАН

7 шілде күні коронавирус науқасы барын мойындамайтын Түркіменстанда денсаулық министрлігі 18 жастан асқандардың вакцина салдыруға міндетті екенін айтты. Міндеттеуден тек екпені көтере алмайтындар ғана босатылған.

Азаттықтың Түркімен қызметі елде коронавирус індеті өршіп тұрғанын айтады. Бірақ ресми органдар Covid вирусының елге барын мойындамай келеді. Сол себепті ауруға шалдыққандардың нақты санын білу мүмкін болмай отыр.

Reuters агенттігі түркімендерге Ресей және Қытай екпелерінің салынып жатқанын хабарлады.

ҚАЗАҚСТАН

Вакциналау науқанын 1 ақпанда бастаған Қазақстан шілденің басында қызмет көрсету саласы жұмысшыларын екпе салдыруға міндеттейтінін мәлімдеді. Сөйтіп 2 шілдеден бастап 20 адамнан артық қызметкері бар ұжымдар екпе алуы тиіс болды. Сонымен қатар сауда-сауықтыру орталықтарында екпе салдырушылар арасында ұтыс тігіліп, вакциналау қарқыны артқандай болды.

Бірақ аймақтарда міндеттеуге қарсы наразылық күшейді, кәсіп иелері міндеттеуден туған қиындықтар туралы шағым айта бастады.

Бастапқыда міндеттеуге жататын адамдар 15 шілдеге дейін вакцинаның кемі бір дозасын алып үлгеруі керек болған. Бірақ өткен аптаның соңында ел президенті Қасым-Жомарт Тоқаев шағын және орта кәсіп қызметкерлерін вакциналау мерзімі қисынды болуы керек деп асықпауға шақырды. Осыдан кейін құзыретті органдар бірінші дозаны алу мерзімін 10 тамызға дейін, екіншісін алу мерзімін 1 қыркүйекке дейін ұзартты.

Алматыдағы екпе алу орталығының бірі.

Ресми статистика бойынша, кейінгі күндері Қазақстанда коронавирустың тарауы күшейген. 16 шілде күні денсаулық сақтау министрлігі 5,7 мың науқастың тіркелгенін айтты. Бұл – бұрын-соңды болмаған көрсеткіш. Рекорд үшінші күн қатарынан жаңарып отыр. Коронавирустан қайтыс болып жатқан адамдар саны да едәуір артқан. Тәулік сайын елуден астам кісі қайтыс болып жатыр. Індет басталғалы елде коронавируспен 536 мың адам тіркелген, оның 8,3 мың адам қайтыс болған. Оған коронавирус жұқтырғаны расталған 2367 кісінің өлімі кірмеген.

Әлемнің өзге елдеріндегідей, Қазақстанда коронавирустың өршуін "дельта" вариантымен байланыстырады. Бұл вариант елде өткен айдың соңында тіркелген.

Денсаулық сақтау министрлігінің мәліметінше, 19 миллион халқы бар Қазақстанда 4,8 миллионға жуық адам екпенің кемі бір дозасын алған. Толық алғандар саны 2,7 миллионға жуық.

Қазақстандықтарға төрт вакцина – ресейлік "Спутник V", қазақстандық QazVac, қытайлық Hayat-Vax және CoronaVac екпелері ұсынылған. Кейінгі екеуінің қоры азайып, көбіне Ресей екпесі салынып жатыр. Қазақстан ғалымдары әзірлеген QazVac екпесі зертхана қуатына байланысты шектеулі болып жатыр.

Reuters агенттігінің ақпаратына сүйеніп әзірленді