Accessibility links

Қазақстанда коронавирус жұқтырғандар 5343 адамға көбейді


Жедел жәрдем көліктері.
Жедел жәрдем көліктері.

18 шілдеде Қазақстанда 5317 адамның анализінен коронавирус анықталды. Денсаулық сақтау министрлігінің мәліметінше, екі күн бұрын 26 адамға коронавирус пневмониясы диагнозы қойылған.

Кейінгі бірнеше аптада бұрын-соңды болмаған коронавирус көрсеткіші тіркеліп жатыр. Қазір "жасыл аймақта" бірде-бір облыс не қала қалмады. Түркістан, Жамбыл және Шығыс Қазақстан облысы ғана "сары аймақта". Қалғаны – "қызыл аймақта".

Өткен тәулікте Нұр-Сұлтанда 1367 адамнан коронавирус анықталды. Алматыда – 798, Қарағанды облысында – 689, Атырау облысында – 293, Шымкентте – 470, Батыс Қазақстан облысында – 204, Ақмола облысында – 178, Маңғыстау облысында – 203, Павлодар облысында – 170, Ақтөбе облысында – 159, Алматы облысында – 126, Қостанай облысында – 126, Қызылорда облысында – 127, Маңғыстау облысында – 203, Павлодар облысында – 170, Түркістан облысында 176 науқас тіркелді. Қалған облыстарда анықталған науқастар жүзге жетпейді: Солтүстік Қазақстан облысында – 91, Шығыс Қазақстан облысында – 87, Жамбыл облысында 53 науқас анықталды.

14 шілдеден бері күн сайын 5 мыңнан астам науқас тіркеліп келеді. Індет басталғалы ауруға шалдыққандар 494 222-ге жетіп отыр. Бұл вирус жұқтырғаны ПТР тестімен расталғандар ғана. Бұдан бөлек ПТР тесті теріс нәтиже көрсетіп, бірақ ауру белгілері коронавирустыкіне ұқсайтын пневмония есебі бар. Үкімет бұл есепті былтыр 1 тамызда бастаған. Содан бері пневмонияның бұл түріне 58 мыңнан астам адам шалдыққан.

2020 жылдың наурыз айынан бері коронавирус тесті оң шыққандар арасында 4997 адам қайтыс болған. 17 шілдеде коронавирус 41 адамның өліміне себеп болды. 7 адам коронавирус пневмониясынан қайтыс болды.

Індеттің күрт өршуін "дельта" вариантының тарауымен байланыстырады. Коронавирустың бұл варианты Қазақстанда маусымының соңында тіркелген. Тез жұғатын және кәдімгі түрінен әлдеқайда қауіптірек бұл вариант қазір әлемнің жүзден астам елінде анықталып, доминант вариантқа айналып келеді.

Зерттеулер қолда бар вакциналардың "дельта" вариантынан қорғай алатынын көрсетіп отыр.

19 шілдедегі дерек бойынша, Қазақстанда 4 миллион 895 мың адам коронавирус екпесінің кемі бір компонентін салдырған. Екпені толық алғандар 2,8 миллион адамға жуықтады.

Елде ресейлік "Спутник V", қазақстандық QazVac, қытайлық Hayat-Vax және CoronaVac екпелерін салады. Кейінгі аптада соңғы екеуінің қоры сарқылып қалған. Ал QazVac екпесінің көлемі өндіріс қуатының әлсіздігіне байланысты шектеулі болып отыр.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG