Accessibility links

Жаңаөзенде "БатысГеофизСервис" жұмысшылары ереуілге шықты


Жаңаөзен әкімдігіне жиналған "Батысгеофизсервис" жұмысшылары. 19 шілде 2021 жыл.
Жаңаөзен әкімдігіне жиналған "Батысгеофизсервис" жұмысшылары. 19 шілде 2021 жыл.

"Өзенмұнайгаз" ұңғымаларына геофизикалық зерттеу жүргізетін "БатысГеофизСервис" компаниясының 30 шақты қызметкері 19 шілдеде Жаңаөзен әкімдігінің алдына жиналды. Компания басшылығының жауабына қанағаттанбаған жұмысшылар мәселеге әкімдік араласса дейді.

Жұмысшылар басшылыққа бірнеше талап қойып отыр: жалақыны 50 пайызға өсіру, ақылы еңбек демалысын 30 күнге дейін ұзарту, демалыс күндерін нақты әрі заңды түрде кесте бойынша бекіту және ереуілдеген жұмысшыларды қудаламау.

– Біз денсаулыққа зиянды қалдықтармен жұмыс істейміз. Ауа райына қарамастан еңбек етеміз. Жұмыста демалыс жоқ. Демалысты тұрақты әрі заңды түрде бекітіп берсін. Жылына ақылы 24 күн демалыс беріледі. Біз оны бір айға дейін ұзартуды талап етіп тұрмыз, - деді партия бастығы Оразымбек Сапақов.

Шамамен 150 қызметкері бар компанияның 50 шақты жұмысшысы қазір ереуілге шығып, жұмысын тоқтатқан. "Егер біз тоқтатсақ, компаниядағы өзге жұмысшылардың да жұмысы тоқтайды, олардың жұмысы бізге байланысты" дейді наразылар.

Жұмысшыларды таситын жүргізуші Аманғали Айдарбековтің сөзіне қарағанда, өзге компаниямен салыстырғанда мұндағы жұмысшылардың жалақысы өте төмен.

– Мен өзім газель айдаймын. 31 күн жұмысқа шығамын. 6-шы күні түске дейін істеймін. Бір күн демаламын. 70-80 мың теңге айлық аламын. Ал енді мұндағы жігіттердің жұмысы мүлде қиын. Таңертең, кешке, түнде кетіп жатады. Бағана бастығымыз "сіздерге ақшаны қайдан тауып береміз?" дейді. Біздің компания кіріс түсетін мекеме. Әр айда түсетін ақшаны көріп отырмыз. Оның қайда кетіп жатқаны белгілі болып отыр. Үш-төрт адамның қолынан өтеді. Ал көлікке бөлшектерді өзіміз алып отырмыз. Айта берсең, мәселе көп, – деді Аманғали Айдарбеков Азаттық тілшісіне.

Дүйсенбі күні жұмысшылар қала әкіміне арыздың бір данасын қалдырды. Түстен кейін прокуратураға да шағымданатынын айтты. Олар талаптары орындалғанша кеңсе алдында ереуілдеуге бекінген.

"БатысГеофизСервис" компаниясының басшысы Қанат Нұркенұлы Азаттық тілшісіне берген сұхбатында "егер жұмысшылар талабын орындасақ, мекеме банкротқа ұшырайды" деді. Оның айтуынша, бір ай бұрын жұмысшылардың жалақысы 10 пайызға артқан.

– Біз тендермен жұмыс істейміз. Тендердің ақшасы белгілі. Бізді жалдаушы компания ақша төлемейді. Бәрі "Өзенмұнайгаз", "Қазмұнайгаздың" қолында. Олар бізге қызмет құнын көтеріп берсе, онда [жағдай басқаша]. Олар көтере алмай отыр ғой. Тендер де өтіп қойды. Егер көтерсе, заңсыз болады...Қазір партия басшысы – 350 мың теңге, техник 150 мың теңге алады. Мұндай айлық басқа жерде жақсы болып есептеледі. Бірақ Жаңаөзенде бәрі қымбат. Барлығы тасылады. Сондықтан мұнда ондай ақшамен өмір сүру қиын. Бірақ ол біздің қолымызда емес. Біз оны тоқтата алмаймыз ғой, – деді ол.

Компания басшысы ақылы демалыс мерзімін ұзарту мәселесі де қаражатқа келіп тірелетінін, оны да шеше алмайтынын жеткізді. Оның сөзіне қарағанда, мекеме жылына 1 млрд теңге – айына орташа есеппен 80 млн-дай табыс табады. 10 пайызы мердігер компаниясына беріледі. 25-26 млн айлыққа жұмсалады. "Бұған қоса, салық, зейнетақы жарнасы, өзге де шығындар бар. Ал жұмысшылар барлығы айлық ретінде берілуі керек деп санайды" дейді ол.

2004 жылдан бері істеп келе жатқан "БатысГеофизСервис" компаниясы "Өзенмұнайгаз" компаниясының ұңғымаларына геофизикалық зерттеу жүргізумен айналысады. Жұмысшылардың айтуынша, Жаңаөзенде 4 мұнай-газ өндіру басқармасы бар.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG