Өткен сенбіде Ақтауда полиция ұстаған азаматтық белсенді Ұлболсын Тұрдиеваның наразылық білдіріп, қолының тамырын кескені хабарланды. Содан бері бес күн өтсе де адвокаты не туыстары одан хабар ала алмай отыр.
Полиция Ұлболсын Тұрдиеваны 17 шілдеде Мұнайлы ауданынан Ақтауға қарай бара жатқан жолда ұстаған. Сол күні Маңғыстау облысы Мұнайлы аудандық сотының судьясы Гүлнар Шелпекова Ұлболсын Тұрдиеваны Әкімшілік құқықбұзушылық кодекстің 73-3-бабының 2-тармағымен ("Жала жабу") кінәлі деп тауып, 20 күнге қамаған. Ақпаратқа қарағанда, ол "Facebook арқылы Маңғыстау аудандық полиция бөлімшесінің қызметкеріне жала жауып, ар-намысына тиген, оны "Қарабет" атады" деп айыпталған.
Кейін әлеуметтік желіде полицияның күш көрсетуіне наразылық ретінде Ұлболсын Тұрдиеваның өзіне қол жұмсағаны туралы ақпарат тарады. Адвокат Айгүл Айжарықованың айтуынша, содан бері не өзі, не туыстары белсендіден хабар ала алмай келеді.
- Үш күннен бері Тұрдиеваға кіруге рұқсат күтіп отырмын. Ол арнайы рұқсат алатындай қылмыстық жазаға тартылған жоқ қой. Бірақ әкімшілік жазаға тартылғандар үшін рұқсатты облыстық полиция департаменті басшылығынан сұрауға тура келіп отыр. Маған "карантин" , "қызыл аймақ" тәрізді сылтауларды кесе көлденең тартады. Тіпті онымен телефонмен де сөйлестірмей отыр, - деді Айгүл Айжарықова.
Адвокаттың сөзіне қарағанда, полиция қызметкерлері "антисанитария туралы арызды қайтарсаң, Тұрдиевамен кездестіреміз" деп оған шарт қойған. Ол арызын кері қайтарғанмен полицияның уәдесінде тұрмағанын айтады.
21 шілдеде Азаттық тілшісі Ақтаудағы уақытша қамау изоляторына хабарласқан еді. Өзін кезекші Ибрагимовпын деп таныстырған адам Ұлболсын Тұрдиеваның "жағдайы жақсы" екенін айтып, мекеме басшысы Аман Сәрсеновтың орнында жоқ екенін жеткізді.
- Басшы құрам Аман Сәрсенов жұмыста ертең болады. Тұрдиеваның жағдайы жақсы, егер оған қажет болса, жедел жәрдем шақырылады,- деп қысқа қайырды.
39 жастағы Ұлболсын Тұрдиева биыл осымен бесінші рет әкімшілік жауапқа тартылып отыр. Белсенді жыл басынан бері барлығы 75 күнге қамалған. Оған жалпы сомасы миллион теңгеден астам айыппұл салынған.
ПІКІРЛЕР