Accessibility links

Сот азаматтық белсенді Жәнібек Жүнісовтің бостандығын екі жылға шектеп, қамаудан босатты


Көрнекі сурет.
Көрнекі сурет.

26 шілдеде Нұр-Сұлтанның №2 Сарыарқа аудандық соты Faсebook желісіндегі жазбалары үшін "тыйым салынған ұйымның жұмысына араласты" деп айыпталып, бес айға жуық абақтыда болған азаматтық белсенді Жәнібек Жүнісовке үкім оқыды. Сот белсендінің бостандығын екі жылға шектеп, түрмеден босатты. Сот үкімімен оған үш жылға дейін азаматтық белсенділікпен айналысуға, әлеуметтік желіде пост жазуға тыйым салынды.

35 жастағы Жәнібек Жүнісов сотта өзіне тағылған айыпты мойындамады. Ол соңғы сөзінде қолына Қазақстан Конституциясы мен Қылмыстық кодексті алып, ондағы баптардан үзінді келтірді.

– Мені толық ақтауды және маған келтірген материалдық-моральдық шығын үшін жалпы көлемі 8 миллион теңге компенсация төлеуді талап етемін. Мен саяси көзқарасым үшін қудаландым, жұмыссыз қалдым, денсаулығымды жоғалттым. Ресейдің Самара қаласына барып, денсаулығымды түзегім келген. Түрмеде болған кезімде бронхит пен бүйрек ауруына тап болдым. Егер мына қолымдағы Конституция мен Қылмыстық кодекске сүйенсек, мен түрмеде отыруға мүлдем тиіс емеспін. Мен өзімді кінәлі деп санамаймын, - деді ол соттағы соңғы сөзінде.

Прокурор Ахат Расул бұған дейін сотта "Жәнібек Жүнісовтің Әблязов идеяларын қолдап, таратқаны екені толық дәлелденді" деп айтқан. Ол азаматтық белсендінің бостандығын екі жылға шектеп, үш жылға дейін әлеуметтік желідегі белсенділікке тыйым салуды ұсынған.

Істі жүргізген судья Ибрагим Әлкенов прокурор ұсынысын толық қолдап, шешім шығарды. Бұған қоса, судья Жүнісовті зардап шеккендер қорына 10 айлық есептік көрсеткіш (27 780 теңге) көлемінде ақша төлеуді міндеттеді, ешқайда кетпеу туралы қағазға қол қойып, пробациялық бақылауда тұруы керектігін ескертті.

Жәнібек Жүнісов – "тыйым салынған ұйымның ісіне араласқаны үшін" ("Көше партиясы" қозғалысы) үстінен қылмыстық іс қозғалып, қоғамдық белсенділігі үшін бірнеше рет әкімшілік жауапқа тартылған. Ол 2021 жылдың ақпан айынан бері қамауда отырған.

13 мамырда тағы бір белсенді Айбек Сәбитов те осы бап бойынша айыпты деп танылып, бас бостандығы 1 жыл 10 айға шектелген. Сот оған үш жылға дейін қоғамдық-саяси жұмыстармен айналысуға тыйым салған.

3 маусымда Нұр-Сұлтандағы №2 Cарыарқа аудандық соты азаматтық белсенді Айдар Сыздықовты да "экстремистік ұйымның жұмысын ұйымдастырды, қатысты" деп айыптап, бас бостандығын үш жылға шектеген. Бұдан бөлек оған 5 жылға дейін қоғамдық-саяси жұмыстармен айналысуға, митингілерге, жиындарға қатысуға, әлеуметік желілерде жазба жазуға тыйым салынған.

Қазір Нұр-Сұлтанда тағы он шақты адамның үстінен "экстремистік ұйымның жұмысына араласты" деген айыппен қылмыстық іс қозғалып жатыр.

Қазақстан соты "Қазақстанның демократиялық таңдауы" (ҚДТ) мен "Көше партиясы" қозғалыстарын 2018 және 2020 жылдары "экстремистік ұйым" деп танып, қызметіне тыйым салған. Бірақ Еуропарламент екі ұйымды "бейбіт оппозициялық ұйымдар" деп атаған.

Шілде айының басында халықаралық Human Rights Watch (HRW) құқық қорғау ұйымы Нұр-Сұлтанды Қылмыстық кодекстегі "Экстремизм" бабын билік сыншылары мен белсенділерді қудалауға қолданады деп айыптаған.

Қазақстанда жоғарыда аталған екі ұйымға қатысты қанша адамның қылмыстық жауапкершілікке тартылғаны белгісіз. Кейбір құқық қорғаушылар кейінгі бірнеше жылда 300-ге тарта адамның жазаланғанын айтады.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG