Қазақстандық ауыр атлет Зүлфия Чиншанло Токио олимпидасында 55 келіде сынға түсіп, үшінші нәтиже көрсетті. 2012 жылы Лондон олимпиадасында чемпион атанып, кейін допинг дауына байланысты алтын жүлдесін қайтарып берген атлет Токиодағы нәтижесі жайлы не деді? Допинг дауы туралы не айтты?
ЖҮЛДЕГЕ ТАЛАС
55 келіде жүлдеге талас қытай Ляо Цююнь, филиппиндік Хидилин Диаз, қазақстандық Зүлфия Чиншанло және өзбекстандық Муаттар Набиева арасында жүрді.
Жарысқа дейін ауыр атлетика өтіп жатқан Tokyo International Forum кешеніне келген қазақстандық журналистер "Чиншанло қола алса да жақсы болар еді" десті.
Қазақстандық атлет жұлқа көтеруде бірінші мүмкіндігінде 90 келіні еңсерді. Ал екінші және үшінші мүмкіндігінде 93 келіні басынан асырғанымен, төрешілер "зілтемір көтергенде шынтағы бүгілді" деп есептемеді. Қазақстандық бапкерлер де бұл шешіммен келісті.
Жұлқа көтеруде өзбекстандық Муаттар Набиева 98 келіні, қытай Ляо Цююнь мен филиппиндік Хидилин Диас 97 келіні еңсеріп, үздік үштікте болды. Чиншанло жұлқа көтеруде 90 келімен 7-орында тұрды.
Серпе көтеруде де негізгі бәсеке Чиншанло, Ляо Цююнь, Диас және Набиева арасында өтті. Бұл жаттығуда Набиева тек 114 келіні көтеріп, жүлдеге таластан шығып қалды. Оның қос жаттығудағы нәтижесі – 212 келі.
Ал Чиншанло бұл жаттығуда екінші мүмкіндігінде 123 келіні алды да, қос жаттығу бойынша Набиеваның алдына шықты – 213 келі. Осыдан соң ол үшінші мүмкіндігінде 125 келіге тапсырыс беріп, бірақ шығудан бас тартты.
Алтынға талас Филиппин және Қытай атлеті арасында жүріп, Диас 127 келіні, Ляо 126 келіні серпіді.
Қос жаттығу бойынша Диас 224 келі нәтижемен олимпиада чемпионы атанды. Қытай Ляо 223 келімен күміс жүлдеге ие болды. Филиппин спортшысы чемпион болғанына қатты қуанып, ұзақ жылады. Марапаттау рәсімінде де көзіне жас алды. Бұл – Филиппин тарихындағы алғашқы олимпиада алтыны.
Қытай Ляо журналистер алдына шыққанда сұрақтарға жауап бере алмай өкініштен ентіге жылап тұрды.
Чиншанло Қытайда туған, 2008 жылғы Пекин олимпиадасының алдында Қазақстан азаматтығын алған.
Токио ойындары Чиншанло үшін бұл екінші олимпиада. Ол 2012 жылы Лондон олимпиадасына қатысып, 58 келіде чемпион атанған еді. Бірақ 2016 жылы Халықаралық олимпиада комитеті Лондон ойындарында алынған допинг сынамаларын қайта тексеріп, Чиншанлоның анализінен рұқсат етілмеген препарат тапқан.
Осыдан соң ол Лондон ойындарының алтынын қайтарып берді әрі олимпиада чемпионы атағынан айырылған. Екі жыл спорттан шеттеліп, 2018 жылы жазасы біткен соң спортқа қайта оралды.
"2016 ЖЫЛДАН КЕЙІН БӘРІН ТАСТАҒЫМ КЕЛГЕН"
Токиодағы жарыстан соң Азаттық тілшісі Зүлфия Чиншанломен тілдесіп, жүлдесі жайлы пікірін білді.
- Қола медальға көңілім толады. Себебі 2014 жылы әлем чемпионатынан кейін менде жақсы нәтиже болмады. Токио олимпиадасына ұзақ дайындалдық. Бастысы нәтижеме көңілім толады.
- Серпе көтеруде неге үшінші мүмкіндікке, яғни 125 келіні көтеруге шықпадыңыз?
- Себебі 125 келіге шығудың мәні болмады.
- 2016 жылғы жағдайды бәріміз білеміз. Допинг дауы болып, Лондон олимпиадасының алтынын қайтарып бердіңіз. Осы жағдайдан кейін олимпиадаға қалай дайындалдыңыз?
- Ой, 2016 жылғы жағдай өте қиын болды. Көңіл күйім қатты түсіп кеткен. Бәрін тастағым келген. Кейін ойландым. Ол кезде 23 жаста едім, өзіме "әлі жассың, соңына дейін шыда" дедім. Токиода қола медаль алғаныма ризамын. Себебі мен қартайдым (күлді).
- 2024 жылы өтетін Париж олимпиадасына қатысу ойда бар ма? Әлі жассыз ғой.
- 28 жастамын ғой, жас деп ойлайсыз ба? (күлді). [Париж олимпиадасына қатысуға] тырысамын. Қазір сәл демалып, бір жылдан кейін болатын Азия ойындарына дайындаламын (Жазғы Азиада 2022 жылы өтеді – ред.). Екі жыл бұрын әлем чемпионатында жастау болдым, жағдайым басқа еді. 28 жастағы жағдай басқа екен. Тағы үш-төрт жылдан кейін жағдайым басқа болады.
- Зүлфия Чиншанло қандай да бір ірі жарыста соңғы рет жеті жыл бұрын алтын алған еді. Ол 2009, 2011 және 2014 жылғы әлем чемпионы, 2010 және 2014 жылғы Азия ойындарының күміс жүлдегері.
- Чиншанло Лондон олимпиадасының алтынынан айырылғанымен, Халықаралық ауыр атлетика федерациясы оның басқа жарыстардағы жүлдесіне тимеген.
- Қазақстан Токиоға тек екі ауыр атлет (бір ер, бір әйел) алып келген. Халықаралық олимпиада комитеті Қазақстанды ауыр атлетикадан допинг ережесін көп бұзғаны үшін жазалап, Токио олимпиадасына тек екі жолдама берген. Ереже бойынша, әр ел олимпиадаға төрт ер, төрт әйел атлет әкеле алады.
- 25 шілдеде ерлер арасында Игорь Сон қола медаль иеленген. Қазір Қазақстанда Токио олимпиадасының үш қола медалі бар. Сон мен Чиншанлодан бөлек дзюдошы Елдос Сметов те үшінші орын алды.
ПІКІРЛЕР