Accessibility links

"Халық қалаған кандидаты бар ауылдарда сайлаушылар белсенді болды". Бақылаушымен сұхбат


"Тәуелсіз бақылаушылар" қоғамдық бірлестігінің төрайымы Арайлым Назарова.
"Тәуелсіз бақылаушылар" қоғамдық бірлестігінің төрайымы Арайлым Назарова.

Алматы қаласындағы "Тәуелсіз бақылаушылар" қоғамдық бірлестігінің мүшелері 25 шілдеде Алматы облысы Еңбекшіқазақ ауданындағы бес ауылдық округте өткен сайлау барысын бақылап қайтты. Қоғамдық бірлестік төрайымы Арайлым Назарова бақылау барысында көрген-білгенімен бөлісті.

Азаттық: Сіз жетекшілік ететін бақылаушылар ұйымы не себепті Алматы облысы Еңбекшіқазақ ауданын таңдады?

Арайлым Назарова: Біздің ұйымның бақылаушылары 2019 жылғы президент сайлауын, биыл қаңтардағы парламент сайлауын бақылады. Бірақ тәуелсіз бақылаушылардың аздығына байланысты бүкіл сайлау учаскелерін толық қамти алмадық. Сондықтан сайлау нәтижесіне байланысты қолымызда толық картина болмайтын. Осы жолы кем дегенде бір ауданда өтетін сайлауды толық бақылап, округтердің бәрі қамтылған кезде сайлау нәтижесі қандай болатынын көргіміз келді. Ұйымымыз Алматы қаласы бойынша ғана жұмыс істейтіндіктен, облыстық "Жетісу тәуелсіз бақылаушылары" қоғамдық бірлестігімен келісіп, Еңбекшіқазақ ауданындағы Бәйтерек, Ташкенсаз, Бәйдібек би, Ақши, Қазақстан ауылдық округтеріне сол ұйымның атынан бардық. Өйткені Алматы облысындағы ең көп сайлау осы ауданда өтетін еді. Аудандағы бес ауылдық округте 17 бақылаушымыз отырды. Яғни бір аудандағы сайлау учаскелерін 100 пайыз қамтыдық, сайлауды бастан-аяқ толық бақыладық деп айта аламыз. Осы арқылы белгілі бір деңгейде әрі қарай республикадағы жағдайға да салыстырмалы түрде баға беруге болады.

Азаттық: Бақылаушылар ауыл адамдары ма?

Арайлым Назарова: Бәрі Алматыдан барған, жеке өзінің энтузиазмымен ғана жүрген адамдар. Бізді сырттан қаржыландырып жатқан ешкім жоқ. Ешқандай грант та алған емеспіз. ПТР тест, жүріс-тұрыс шығынының бәрін өз қалтамыздан төлейміз.

Бос жәшік, қаңыраған учаске, селқос сайлаушы. Қазақстандағы әкім сайлауы қалай өтті?
please wait

No media source currently available

0:00 0:05:41 0:00

Азаттық: Сайлауға дейін бұл ауылдарды барып көрдіңіздер ме?

Арайлым Назарова: Бақылайтын ауылдарымызды аралап, сайлау алдындағы көңіл-күйімен, елдің ынтасымен танысқанбыз. Сайлаудан кейінгі қорытындыны шығару үшін сайлауға дейінгі көңіл-күйді де білу керек. Ауыл адамдары әкім сайлауды қажет ете ме? Әкім сайлауға сенімі қандай? Халық қалаған кандидаттар бар ма, олар сайлауға қатыса ала ма деген сұрақтарға жауап іздедік. Мәселен, Ташкенсаз ауылында халық өзі таңдап ұсынған кандидат барын сол кезде білдік. Сондықтан айрықша назар аудардық. Кей округтерде үміткерлер түрлі себептермен тіркелмеген. Ондай ауылдардың арасында "сайлауға бойкот жариялаймыз" дегендер де болды. Кей округтерде кандидаттар өз еркімен додадан бас тартқан. Қарап отырсаңыз, шағын ауылдардың сайлау алдындағы көңіл үлкен сайлаулардағы көңіл-күйге қатты ұқсайды.

Азаттық: Бойкот жариялаған ауылдар болды ма?

Арайлым Назарова: Арнайы бойкот жариялаған жоқ. Бірақ сайлаушылардың қатысуына қарап, пассив бойкот жасалғанын көруге болады. Мысалы, Бәйдібек би ауылындағы бір учаскеде сайлаушыларының 3,6 пайызы, екіншісінде 5,61 пайызы дауыс берген. Үшіншісінде бұл көрсеткіш күрт көтеріліп, 48,2 пайыз болған. Орта есеппен бәрібір аз. Әрине, мұнда да "сайлау өтті" деп саналады, бірақ сайлаушылардың келмегені көрініп тұр емес пе?

Азаттық: Өте аз сияқты.

Арайлым Назарова: Шынайы көрсеткіш осы. Менің ойымша, бүкіл Қазақстан бойынша дәл осылай жаппай бақылайтын болсақ, осыған ұқсас нәтижелерді көп көруіміз мүмкін. Түске дейін сайлаушылар белсенділігі өте төмен болды. Түскі сағат 12-де ақпарат жинағанымызда, әр учаскеде 23, 30, 60, 70 адам ғана дауыс берді. Соған байланысты кешке қарай бақылаушыларға қысым жасайтын шығар деп ойладық. Өйткені парламент сайлауы кезінде де дәл осылай түске қарай бәсең болды да, түстен кейін бақылаушыларға күш көрсетіп, түрлі арандату әрекетерін жасап шығарып жібермекші болған еді. Осы жолы да сөйте ме деп қауіптендік. Бірақ өйтпеді.

Мысалы, кей учаскеде комиссия мүшелері "бюллетенді топтап салып, дауыс берген сайлаушылардың пайызын көбейтейік" деп өтініш айтқан кездері де болды. Олар "дауыс бергендер 50 пайызға жетпесе сайлау қайта өтеді" деп ойлайды екен. Сайлаушылардың қанша пайызы дауыс берсе де сайлау өтті деп саналатынын білмейді екен. Бақылаушымыз оған келіспеді, кешке санағанда сайлаушының небәрі 10 пайызы дауыс берген болып шықты.

Билік "сайлауда заң бұзылмады" дейді, бақылаушылар жоққа шығарады
please wait

No media source currently available

0:00 0:02:31 0:00

Азаттық: Ресми орындар Қазақстан облыстарының басым бөлігінде сайлауға қатысу белсенділігі 50 пайыздан жоғары екенін хабарлады. Алматы облысында 53 пайыз дауыс берген көрінеді...

Арайлым Назарова: Әңгімеміздің басында айтқанымдай, біз бес ауылдың мысалы арқылы басқа өңірлердегі сайлау қорытындыларына баға беріп көрейік дедік емес пе? Ал біз есептеген бес ауылдағы сайлаушылар белсенділігі 27,19 пайыз болды. Ресми есеп пен біздің есебіміздің айырмасы тым алшақ болғаны күмән тудырады.

Азаттық: Сайлаушылар неге белсенді болмады деп ойлайсыз?

Арайлым Назарова: Біріншіден, халық бұған дейін талай үлкен сайлауды көрді. Белсенді қатысып та байқады. Нәтиже бәрібір бұрмаланатынына әбден көзі жетті. Сондықтан сайлаудан көңілі қалды. Тағы бір себеп, бәсекелестер арасында ауыл халқы қалап отырған кандидат жоқ.

Азаттық: Осы жолы халыққа өзі қалаған кандидатты ұсынуға мүмкіндік берді емес пе?

Арайлым Назарова: Әкім қызметіне кандидаттарға қойылатын талаптар мен шектеулер көп. Ауыл адамдары өзін-өзі ұсынғысы келгенімен, мемлекеттік қызметте істеген болуы немесе үкіметтік емес ұйымды басқарған болуы керек деген секілді талаптардан аса алмайды. Ауылда ондай қызмет санаулы ғана. Ал ол талаптарға сай келетін адамдарды ауыл ұнатпауы мүмкін. Шынайы бәсеке болу үшін әкім болғысы келетін кандидаттарға қойылатын талапты біраз жеңілдету керек сияқты. Сол кезде мотивация болады. Сонда біз сияқты бақылаушылардың керегі де болмайды. Ауыл өзі үшін бақылайды. Басқалармен салыстырғанда, өзі қалаған кандидаты тіркелген ауылдар сайлауға әлдеқайда белсенді қатысты. Мысалы Ташкенсаз ауылында сайлаушылардың 70-76 пайызына дейін дауыс берді.

Ақши ауылдық округі сайлаушыларының белсенділігі де ортадан жоғары болды. 16,8 - 44,3 пайызы дауыс берді. Бұл ауылда кандидаттардың бірі 48 пайыз, екіншісі 42 пайыз дауыс алды. Өйткені бәсеке күшті болатыны алдын ала белгілі еді. Яғни шынайы бәсеке болса, халық сайлауға баратыны осыдан-ақ көрініп тұр.

Бұл тұста бір жайтқа назар аудару керек. Сайлаушылар ең көп келген ауылда ұлттық мәселе де рөл ойнаған сияқты. Өйткені бәсекелес кандидаттардың ұлты әртүрлі. Әр ұлт өз кандидатына дауыс беруге ұмтылғаны байқалды.

Азаттық: Әкімшілік ресурс пайдаланылды ма?

Арайлым Назарова: Бір учаскеде көпе-көрнеу дауыс артық саналды, басқаларда ондай болған жоқ. Аудан әкімі "Сіздер отырғаннан кейін бүкіл Қазақстан бойынша Еңбекшіқазақ ауданы сайлаушыларының белсенділігі ең төмені болды" деп әзілге сүйеп айтқаны есімде қалды. Меніңше бұл әзілдің атында шындық бар. Менің тәжірибемде ешқашан ешқандай сайлау учаскесінде сайлаушылардың 6-7 пайыз ғана дауыс бергені хаттамаға түскен емес. Шын мәнінде солай дауыс берсе де хаттамада өзгеріп кететін еді.

Біз екі сайлау учаскесінде бұрмалау болды деп сотқа берейін деп отырмыз. Қалған округтердегі қорытынды хаттама дұрыс. Жеңген адам таза жеңді. Сайлаушылардың 3,6 пайызының көпшілік дауысын алды.

Азаттық: Парламент сайлауынан кейін де заңсыздықтарды көрсетіп, сотқа берген едіңіздер. Нәтиже шықты ма?

Арайлым Назарова: Парламент сайлауынан соң сотқа 23 арыз түсірдік. Сот істі қарады, бірақ талабымызды қанағаттандырмады. Солай болатынын сезгенбіз.

Азаттық: Осы жолы ше?

Арайлым Назарова: Заңсыздықты көрген соң сотқа арыз түсіру – біздің міндетіміз. Қалай шешім шығаратынын сот біледі. Әрине біздің пайдамызға шешіле қояды деп сеніп отырғанымыз жоқ.

Азаттық: Сұхбатыңызға рақмет.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG