Алматыда Шыңжаңдағы туысын іздегендер жиыны үш жылдан бері өтіп келеді. Солардың көбінен орта бойлы, етжеңді егде әйел байқалатын. Ол биыл ақпаннан бері Қытай консулдығы алдында өтетін наразылықтан да қалмайды. Азаттық тілшісі Халида Ақытханның тұрмысымен танысып, әңгімесін тыңдады.
65 жастағы Халида Ақытхан Алматы облысы Қарасай ауданына қарасты Шамалған ауылының шетіндегі еңселі үйде жалғыз өзі тұрып жатыр. Едәуір жасқа келсе де ширақ қимылдайтын Халида қамыр жайып жатып та әңгімесін үзбеді. Кей-кейде екпіндей сөйлеп кетеді. Ондай кезде даусы да қатты шығады.
– Үйде жалғыз тұруға қорықпайсыз ба? – деп сұрадым.
– Үйрендім. Балаларым келсе, бәрі де ұмытылады ғой, – деді де көзіне келіп қалған жасты қолының сыртымен сүртіп тастады. Үйде жалғыз тұрғанымен Қазақстанда жалғыз емес. Кенже ұлы Фархат Алматыда тұрады.
Қытайдың Шыңжаң өлкесінде туып-өскен Халида жазу-сызудан хабарсыз. Мектеп табалдырығын мүлдем аттамаған. Тек өз атын жаза алады. 1-ден 10-ға дейінгі санды біледі. Марқұм күйеуі үйретіпті.
Халида қазақ екенін, жастайынан ұйғыр арасында өскенін айтады. Онысы сөз саптасынан да байқалады.
Халида Ақытханды ең алғаш рет осыдан үш жылдай бұрын, Қытайда қалған туысын іздегендер Алматыда өткізген жиыннан көрген едік. Қолына плакат ұстаған ол өзіне сөз кезегі тигенде ғана жағдайын айтып, журналистің микрофонына ұмтылмай, бір бұрышта тұрған. Әңгімеге тартқанымызда Халида Шыңжаңда қалған үш ұл, үш келіні саяси лагерьге қамалғанын, 14 немересінің қараусыз қалғанын айтып, көзіне жас алған еді. Күйеуі Рақымбайдың балаларының қайғысына шыдамай, жүрек талмасы ұстап бақилық болғанын да айтып берген.
– Шалым кеткеннен кейін жалғыз қалып, қиын болды. Екі жағымдағы көршілерім жақсы. Түнде шығып "Апа, қорықпай жата беріңіз" деп айғайлап қояды. Сөйтіп жүріп жалғыздыққа да үйрендім, – дейді Халида.
"ШЕШЕМНЕН ЕКІ ЖАСЫМДА ЖЕТІМ ҚАЛДЫМ"
Халида Ақытхан 1956 жылы Шыңжаң өлкесі Құлжа аймағына қарасты Күнес ауданы Талды ауылында туғанын айтады. Жастық шағын баяндаған кезде қайта-қайта булығып, кемсеңдей береді. "Өмірімнің алғашқы он сегіз жылы" жылаумен өтті" дейді ол.
Айтуынша, өзі құралыптас балалар мектепке барып жүргенде, ол отын шауып, су тасыған.
– Шешем екі жасымда қайтыс болды. Өгей шешенің де, нағашымның да қолына сыймадым. Негізінен әкемнің қарындасының қолында өстім, – дейді ол. – Төрт ағайынды едік, төрт жаққа шашылып кеттік, әкем бізді жинай алмай қалды.
Он сегіз жасында өзі секілді жетімдік пен жоқшылықтың теперішін көріп, 35 жасқа дейін бас құрай алмай жүрген Рақымбайдың етегінен ұстайды. Жарық дүниедегі шамшырағы жанғандай болады. Бірақ...
"ӨЗ ҰЛЫМДЫ ӨЗІМ САТЫП АЛДЫМ"
Өмірбаянын бірде жылап, бірде күліп әңгімелеген Халида тоғыз құрсақ көтергенін, оның төртеуі ғана өсіп-өнгенін айтып берді.
– Үлкенім қыз болды, бірақ туа сала шетінеп кетті. Екіншісі ұл еді, тоғыз айында о дүниелік болды. Содан кейін үшінші ұлды туа сала бір жақын ағайынға бердік те, бір аптадан кейін оны сатып алдық. Бір құшақ отын, көйлек-көншек, сабын апарып беріп, терезеден алдым. Бала тоқтамаған кезде жасайтын ырым екен. Атын содан кейін Сатыбалды қойдық, – дейді Халида.
Сатыбалды 1979 жылы туған. Одан кейін Оразжан, Ахметжан және қолындағы кенжесі Фархат дейтін ұлдары дүниеге келген.
– Фархаттан кейін тағы екі қыз тудым. Екеуі де тұрмады. Одан кейін тағы құрсақ көтерген едім, бірақ Қытай операция жасап алып тастады. Содан кейін құрсақ көтере алмадым, – дейді ол.
1991 жылы Қазақстан тәуелсіздігін жариялағанда Рақымбай ата-баба жеріне оралып, Қытайға барып-келіп жүрген. 2006 жылы жары Халида мен кенжесі Фархатты Қазақстанға көшіріп алған. Үлкен үшеуі бас құрап қалғандықтан, мұнда келгісі келмеген.
– Кенже ұлым да келгісі келмеген еді. "Қазақстандағы әкеңнің туыстары сені жоғарғы мектепте оқытқалы жатыр екен" деп алдап әкелдім. Келе салысымен әкесі оған айтпай Қазақстан азаматтығын алып берді, – дейді Халида.
Қазақстанға көшіп келген соң Халида Ақытхан 10 жыл Қытайдан тауар тасып, сауда жасаған. Құлжада тұратын үшінші ұлы Ахметжан анасына тауар дайындап қояды екен.
– Кейде айына үш ретке дейін баратынмын. Өзім хат танымаймын. Шалым атымды жазуды үйреткен болатын. Тауардың тізімін шал жазып қояды. Соны алып барамын. Тапқан табысыма Қытайдағы үш ұлыма да үй салып бердім. Осы жақтан үй алдық, – дейді Халида Ақытхан.
Қытайға соңғы рет 2016 жылы барған Халида содан бір жылдан кейін күйеуі Рақымбайға Қытайдан хат келгенін айтады.
– Келіп тіркеуден шығып кетсін депті. Шалым "осыларда бір гәп бар ғой деймін. 1991 жылдан бері бірде-бір рет шақырмап еді" деп бармай қойды. Содан кейін мен барып келейін деп жиналып жатыр едім, екінші ұлым қоңырау шалып, "Келіңіз деп те, келмеңіз деп те айтпаймын. Бірақ сізді "қытайша оқисың" деп саяси оқуға алып кетуі мүмкін" деді де телефонды қоя салды. Оған да назар аудармай жиналып жатыр едім, Фархат келіп "Апа, бармай-ақ қойсаңыз қайтеді. Ол жақта бәрін саяси оқуға деп қамап жатыр екен" деді. Сонда да сеніңкіремей отыр едім, ұлыммен бірге жұмыс істейтін бір жігіт хабарласып, Қытайдағы әке-шешесін алдырып алғанын, барған адамды шекарадан өткен бетте ұстап, қамап жатқанын айтты, – дейді Халида Ақытхан.
Бұл – Қытай билігінің Шыңжаң өлкесіндегі мұсылмандарды ұлты мен дініне бола ұстап жатқаны жайлы алғашқы хабарлар тарап жатқан кез еді. Кейінірек сол өлкеде тұратын қазақ, ұйғыр және өзге де мұсылман ұлттардың өкілдерін жаппай лагерьге қамап жатқаны, ол жерде зорлық-зомбылық көріп, азап шегіп жатқаны белгілі болды. Біреуі сақал өсіргені үшін, біреуі Қазақстан секілді "күмәнді" елге жиі барғаны үшін, енді бірі үйінде Құран кітап ұстағаны үшін қамалған.
Пекиннің бұл саясаты туралы алғаш рет Қазақстанға көшкен Қытай қазақтары айта бастады. Біршамасы Қытайға туыстарын көруге барып, сол жерден қамалған. Олардың арасында сол кезге дейін Қазақстан азаматтығын алып үлгерген Өмірбек Бекалы да бар еді.
2017 жылы Қазақстан ЭКСПО көрмесін өткізетін болып, көрме қонақтарын күту жөнінде тәжірибе жинау үшін Өмірбек Шыңжаң орталығы Үрімжі қаласына барған. Сол жақта тұратын ата-анасына барған Бекалыны Қытай полициясы ұстап әкеткен. Өз айтуынша, Қытай билігі Бекалыны "Қазақстаннан төрт адамға шақыру жібергенсің, олардың құжатын жасауға көмектесемін деп ақша алғансың" деп айыптаған.
Азаттыққа берген сұхбатында ол Қытайда қамауда отырған кезде күніне "бір уақыт қайнаған орамжапырақ пен буға пісірілген нан ғана жеп, 40 келі салмақ тастағанын" айтқан еді. Өмірбек уақытша қамау абақтысында жеті ай, он күн болғанын, одан кейін 20 күн саяси үйрену орталығында болғанын, ол жерде компартия туралы ән салып, Қытай президенті Си Цзиньпинді мадақтайтын сөз айтуды, қытай тілін үйретуді талап еткенін мәлімдеген.
2018 жылы сәуірде Қазақстанға шекарадан заңсыз өтіп келген Қытай қазағы Сайрагүл Сауытбай атышулы лагерьде жұмыс істегенін, ол жердегі ахуалдың нашарлығын айтып, әлем қауымдастығын Шыңжаңдағы жағдайдан хабардар етуге үлес қосты. Бірақ Қазақстан билігі оны қамап қойып, "шекараны заңсыз кесіп өтті" деген айып тақты. Сайрагүлдің басына депортация қаупі төнді. Халықаралық және жергілікті құқық қорғаушылардың қысымынан соң, қазақ билігі сол жылы тамызда Сайрагүлге шартты жаза кесіп, түрмеден босатты да, Қазақстанда қалуына рұқсат берді, бірақ босқын мәртебесін бермей, әбігерге салды. Келесі жылы Сайрагүл Сауытбай Швецияға көшіп кетті.
Қытайдағы қысым туралы айтқан қазақтар көбейіп, халықаралық басылымдар олармен сөйлесу үшін Қазақстанға жиі келе бастады. Осы тұста белсенді Серікжан Біләш бастаған "Атажұрт еріктілері" қозғалысы Шыңжаңдағы қазақ, ұйғыр және өзге ұлттарға қысым жасалып жатқанын жиі-жиі көтеріп, Қытайда хабарсыз кеткендердің аты-жөнін тізді. Бұл мәселеге назар аударып, шетелден арнайы іздеп келген журналистерді Қытайда қамауға отырған я хабарсыз кеткен туысын іздегендермен табыстырды. Мұндай жиындарға үш ұлының суретін ұстап, Халида Ақытхан да қатысатын.
ҰЛДАРДЫҢ ҚАМАЛҒАНЫН ЕСТІРТУ
2018 жылғы 23 ақпан, кешкі сағат 9 шамасы. Халида Ақытхан Қытайдағы ортаншы келіні Шарапатқа қоңырау шалады. Әңгіме барысында келіні енесіне Қытайдағы үш ұлын қатар ұстап әкеткенін айтады. Бірақ Халида бұл жайсыз хабарды шалынан жасырмақ болады.
– Ертесіне шал "Қытайдағы балалардан хабар бар ма?" деп сұрады. Мен "Аман-есен екен" деп едім, "Оларды оқуға алып кетіпті ғой. Түнде сен сөйлестің ғой, шыныңды айт!" деді. Сыртымнан тыңдап тұрған екен. "Қытай тілін оқыту үшін төрт айға алып кетіпті, күн жылына келеді" деп дедім. "Е, солай ма!" деді де санын бір салып қалды. Қайтіп үндемеді. Содан кейін үш күн өткенде құлады, – дейді Халида.
Оның сөзінше, жұбайы Рақымбай содан оңалмаған, жеті ай жатып, 9 қыркүйекте бақилық болған. Халида күйеуінің Қытайдағы балаларын уайымдап "құсадан қайтыс болғанын" айтады.
***
Қытайдағы келіндері Халидаға ұлдары Сатыбалды мен Оразжанның 22 жылға, Ахметжанның 10 жылға сотталғанын айтқан. Бірақ қандай айып тағылғаны белгісіз, ол туралы ешқандай ақпарат жоқ. Ұлдарынан бөлек келіндерін екі жылға "саяси үйрену лагеріне" жіберген, қазір олар үйқамақта отыр дейді енесі.
– Ол жақта 14 немерем бар. Алды 18 жасқа келді. Олардың дауысын 2017 жылдан бері естімедім. Келіндер қамауда болғанда, үлкен ұл мен үшінші ұлдың балаларын нағашылары алып кетіпті. Ал Құлжада тұратын екінші ұлымнан туған немерелерім балалар үйінде болыпты, – деп мұңаяды Халида.
Қытай консулдығы алдында 100 күн наразылыққа шыққандарды полиция ұстады (Алматы, 18 мамыр 2021 ж.)
2018 жылы БҰҰ Адам құқығы комитеті Қытай билігінің ұйғыр, қазақ секілді ислам дінін ұстанатын байырғы ұлттар арасында бір миллион адамды "саяси үйрену" лагеріне жібергенін мәлімдеді. Ресми Пекин бұл айыптарды мойындамай, ол лагерьлерді "экстремизммен күрес аясында құрылған кәсіп үйрену орталықтары" деп атаған. Бірақ Си Цзиньпин үкіметі тәуелсіз сарапшылар мен журналистерді Шыңжаңға кіргізбей, бар болғаны қатаң бақылаудағы санаулы баспасөз турын ғана өткізді.
Бірақ уақыт өте Шыңжаңдағы қысымды әшкере ететін дәлелдер арта түсті. Куәгерлер көбейді, журналистер зерттеуі жаңа айғақтарды анықтады. Мұсылман халықтарды діні мен ұлтына бола дискриминациялауды алпауыт елдер арасында алғаш болып ашық сынаған АҚШ Пекинге бірнеше санкция салды. Одан кейін тіпті Канада, Ұлыбритания үкіметтерімен бірге Шыңжаңдағы қысымды "геноцид" деп атады. Қытайды адам құқығын бұзғаны үшін санкциялауға Еуроодақ та қосылды.
Бірақ осындай халықаралық қысымға қарамастан Қытай мұсылмандарды қудалауды тоқтатқан жоқ. Былтыр күзде Австралия стратегиялық саясат институты (ASPI) Қытайда мұсылмандарды ұстайтын лагерьлердің 40 пайызға артып, 380-ге жеткенін мәлімдеген.
Санаулы аптадан соң, Қытай осы бір лагерьлердің жұмысын ақтайтын құжат жариялап, 2014-2019 жылдары "кәсіп үйрену орталықтарынан" 7,7 миллион шыңжаңдық өткенін хабарлады. Бұл – Шыңжаңдағы 22 миллион халықтың 35 пайызы.
Бұдан бөлек Қытай билігін мұсылман халықтарын күштеп жер аудартып, еркінен тыс жұмысқа жегіп, балаларын ата-анасынан айырып, әйелдерге аборт жасатып, ұрықсыздандыру жұмыстарын жүргізіп отыр деп айыптайды.
"КОНСУЛДЫҚ АЛДЫНА БАРЫП АЙҚАЛАСАМ, КҮШ АЛАМЫН, РУХТАНАМЫН"
Күйеуі дүние салып, ұл-келіндері мен немерелерінен тірідей айрылып пұшайман болған Халида Ақытханның денсаулығы сыр бере бастаған.
– Халін білейін деп үйіне бардым, – дейді тағы бір Шыңжаң қазағы Фарида Қабылбек. – Түнде үш ұлының суретін кеудесіне басып, таң атқанша жылап шығады екен. Жүрегім ауырды. Бұдан асқан қасірет бар ма?!
Фарида Қабылбек – күйеуін Қазақстанға қайтаруды талап етіп үш ай бойы Қытай консулдығы алдына пикетке шыққан белсенді. Халиданы консулдыққа алып келген де осы кісі.
– Әрең отырып, тұрады екен. "Үйде жатып өлгенше консулдықтың алдында өл, жүр. Мұңдастарыңды көріп, мұңыңды айт" дедім. "Алтын орда" базарынан күтіп алып, ары қарай жетектеп алып кететін едім. Басында тізесінен баса алмай жүрді. Бір аптадан кейін еңсесін тіктеп алды. Іштегі шерін консулдық алдына келіп шығарды, – дейді Қабылбек.
Халиданың өзі де "Консулдық алдына барып айқаласам, күш аламын, рухтанамын" дейді.
Халида Ақытхан Қытай консулдығына Алматыдан 50 шақырым қашықтағы Шамалған ауылынан күн сайын келеді. Ақпан айынан бері Шыңжаңда қамауда отырған ұлдарын босатуды талап етіп, пикетке шығып жүр.
– Қытай консулдығының алдына шыққалы үйден де тамақ ішпейтін болдым. Барып қайтқаныма 1000 теңге кетеді. Таңертең бір кесе қайнаған су ішемін де кетемін. Түсте әйелдермен отырып кейде тамақ ішемін, кейде ішпеймін. Қалтамдағы ақшаны жолға сақтаймын. Кешке шаршап, төсекке әрең жетіп жығыламын. Көп жағдайда Байболат көмектеседі. Бірде 5 мың теңге, бірде 2 мың теңге береді. Үйге де жеткізіп тастайды, – дейді Халида.
Байболат Күнболатұлы та Халида секілді бес айдан бері Алматыдағы консулдық алдында Қытай билігіне наразылық білдіріп, қамауда отырған інісін босатуды талап етіп жүр.
– Kaspi Gold-ыма (банк картасы – ред.) жан-жақтан әркім ақша аударып тұрады. Біреу 500 теңге, біреуі 5000 теңге дегендей. Сол ақша жиналып 20-30 мың болған кезде консулдық алдына шыққандарға бөліп беремін. Өйткені бұл кісілердің ешбірі жұмыс істемейді. Уақыты консулдық алдында өтіп жатыр, – дейді Байболат Күнболатұлы.
Шыңжаңдағы қазақтардың жағдайын сұрағандарға Қазақстан билігі Қытайдың ішкі ісіне араласа алмайтынын, Пекиннің ресми нұсқасына сенетінін айтады. Белсенділердің сөзінше, сөйте тұра ресми Нұр-Сұлтан Қытай қазақтарының мәселесін көтеретін қозғалысқа тітіркене қарайды: түрлі амалмен қудалап, қозғалыстың ұлғаюын тежеуге тырысып отыр.
Мәселен, 2019 жылдың басында билік тіркелмеген "Атажұрт еріктілері" қозғалысының лидері Серікжан Біләшті алдымен тіркелмеген ұйымға жетекшілік етті деп жауапқа тартып, айыппұл салды. Кейін "ұлтаралық араздық тудырды" деп үйқамаққа отырғызды. Бес айдан кейін сот оны үйқамақтан босатты, бірақ қоғамдық жұмыспен айналысуына жеті жылға тыйым салды. Осыдан соң, "Атажұрт еріктілері" екіге бөлініп кетті. Билік осы атаудағы ұйымды ресми түрде тіркеді, ал Серікжан Біләштің жақтастары өздерін "Нағыз Атажұрт еріктілері" деп атап, біріншісіне күдік келтірді. Халықаралық басылымдар Қазақстан билігі "Атажұртты" "зарарсыздандырып барып тіркеді" деп жазды.
Қылмыстық қудалаудан қауіптенген Серікжан Біләш 2020 жылы Түркияға көшіп кетті. Қазір АҚШ-та жүр.
Әйткенмен халықаралық және жергілікті құқық қорғаушылардың белсенділігі нәтижесіз қалмады. Билік былтыр қазанда Қытайдан қашып келген екі қазақ Мұрагер Әлімұлы мен Қастер Мұсаханұлына, биыл қаңтарда Қайша Ақан мен Бағашар Мәлікұлына уақытша босқын мәртебесін берді.
Бірақ мұнымен қысым тоқтай қоймаған. Биыл 21 қаңтар күні бір түнде Қазақстанның екі бөлек аймағында тұратын Мұрагер Әлімұлы мен Қайша Ақанға шабуыл жасалды. Әлімұлына тіпті пышақ сұққан. Халықаралық басылымдар мұны да қысым көрсету әрекетіне балады.
Ал осы тұста Қытайдағы туысын босатуды талап еткен Қазақстан азаматтарының наразылығы күшейе берді. Байболат Күнболатұлы бастаған азаматтар Алматыдағы Қытай консулдығы алдына күнде дерлік барып, наразылық пикетін өткізіп жүр. Полиция мен консулдық қызметкерлері оларға қарсы түрлі әдіс қолданды. Билік органдары келіп пикеттің заңсыз екенін айтып қорқытып кетеді, консулдық күзетшілері байланысты тұншықтыратын арнайы құрылғы қолданады, полиция консулдыққа апарар жолды бөгеп, белсенділерді өткізбей қояды. Осы мәселеде белсенділік танытып жүрген Байболат Күнболатұлын әкімшілік қамауға алады.
"Бұл Қытайдың ішкі ісі емес". Акцияны қолдағандарға неге "ескерту" жасалды? 2 сәуір 2021 ж.
***
29 маусым, кешкі сағат 8:00 шамасы. Алматыдағы Лобачевский көшесі, 10-үйдегі уақытша ұстау изоляторының алды. Қытай консулдығының алдына шыққаны үшін әкімшілік кодекстің 488-бабы (бейбіт жиын өткізу тәртібін бұзу) бойынша екінші рет айыпталып, қамауға алынған Байболат Күнболатұлын қарсы алуға барған топтың ішінде Халида Ақытхан да жүр.
– Тым кеш болып кеткен жоқ па? Үйге қалай жетесіз? – деп сұрадым.
– Байболатты мен үшін, мені ары-бері тасығаны үшін қамапты. Ол мен үшін қамалды. Мен де бүгін Байболатты қолдауға келдім. Бізге тиісуді тоқтатсын! – дейді Халида ашынып.
Қазақстан құқық қорғау органы өкілдері Қытай консулдығы алдында пикет өткізіп жүрген әйелдерді межелі жерге жеткізбеуге тырысады. Кейде қолын қайырып, күшпен көлікке салып, алып кетеді. Халида сондай бір сәтте әлдебір полицияның өзін теуіп жібергенін айтады. Кезекті бір ұстау кезінде полиция наразылықты қуғында жүрген банкир, оппозициялық саясаткер Мұхтар Әблязовпен байланыстыруға да әрекет жасаған. Одан "Әблязовпен сөйлесіп тұрасыз ба? деп сұраған. Бірақ Халиданың әңгімесінен полиция өкілдерінің бәрі бірдей емес екенін аңғаруға болады.
– Консулдық алдында тұрғанда кейбір балалар бізге көмектескісі келеді. Бір күні бір полиция бала құлағыма сыбырлап "Қазір мен ана әйелдерге жүгіремін. Сол кезде сіз қолыңыздағы суретті алып камераға қарай жүгіріңіз" дейді. Орындық әкеліп, "мына жерге отырыңыз" дейтіндер де бар. "Балаларыңыз келсе той жасайсыз ғой. Сонда бізді шақырыңыз" дейді. Қайтсін, олар да нан үшін, бала-шағасының күні үшін жүр ғой, – дейді Халида Ақытхан.
Халида Қазақстанға көшіп келген кенже ұлы Фархаттың Алматыдағы "Алтын орда" базарында саудамен айналысатынын, үй салып бастағанын, бірақ пандемияға байланысты саудасы тоқтап, құрылысын аяқтай алмай отырғанын айтады.
– Осы балаларымды ойлап жылай-жылай көзім көруден қалды. Сол жақ көзімнің еті өсіп кетті. Етін алдырайын десем, 500 мың теңге кетеді екен. Оған шамам келмеді, – дейді Халида. – 40 мың теңге зейнетақы аламын. Қыста 20 мың теңгені газға төлеймін. Жазда 6-7 мың теңге шығады. 6 мың теңге жарықтың ақшасы, 3 мың теңге суға төлеймін. Сонда өзіме көп ештеңе қалмайды. Тіпті консулдықтан қайта алмай қалған күндерім де болды. Бірде Фарида 1000 теңге беріп, үйге сонымен жетіп алдым.
Халида Алматыда тұратын кенжесі Фархаттың қолында тұруға шақырғанын, бірақ өзі бармай қойғанын айтады:
"Бала "алып кетейін" дейді. "Бармаймын" дедім. "Егер мына үйді сатсаң, соған лайық пәтер немесе жер үй алып бер. Сонда отырамын. Балаларым келіп қалса, біреуі отырар. Егер келе алмай жатса, сенің балаларыңа қалар" дедім".
Тұрмыс тауқыметін айтқан Халида Ақытхан наразылық жиындарына қатысудан бас тартатын емес. Ұлдарының босап шығуына септігі тиіп қалар деп үміттенеді. Консулдық алдындағы наразылықтың табандылығынан болса керек, биыл сәуірде жалғыз кісілік пикетке де, топ наразылығына да шығып жүрген Фарида Қабылбектің талабы орындалып, Қытай түрмесінде 13 жыл, лагерінде 1,5 жылы отырып шыққан күйеуі Рақыжан Зейнолла Қазақстанға оралды.
Осы бір оқиға Халиданың да үмітін күшейткендей.
– Егер үш балам келсе қуаныштан жүрегім жарылып кететін шығар, – дейді ол. – Әкелеріне бір уыс топырақ бұйырмады. Маған бұйыра ма, бұйырмай ма, білмеймін (жылады). Егер балаларым мен немерелерімнің бетінен бір-бір иіскеп өліп кетсем, еш арманым болмас еді.
ПІКІРЛЕР