Accessibility links

Шымкентте "лай су ішіп отырған" тұрғындар көшені жапты


Көшені бекіткен наразы тұрғындар. Шымкент, 28 шілде 2021 жыл.
Көшені бекіткен наразы тұрғындар. Шымкент, 28 шілде 2021 жыл.

29 шілдеге қараған түні Шымкенттегі Шымсити ықшам ауданының 50 шақты тұрғыны лай су ішіп отырғанын айтып, көшені жауып наразылық білдірді. Олар қала әкімі Мұрат Әйтеновтің келуін талап еткенімен, әкім келмеді.

Шымсити ықшам ауданының тұрғыны Ләззат Илясованың айтуынша, 10 күн бұрын краннан иісі бар лай аралас сары ауыз су аға бастаған. Тұрғындар әкімдікке "неге су бұлай ағып жатыр" деп шағымданып, ескерткен.

- Неге мұндай лас суды жібереді? Тұрғындармен неге санаспайды? Бұл жерде көп балалы аналар, жетім-жесірлер, мүгедектер тұрады. Судың тарифі өте жоғары. Коммуналдық төлемдер қымбаттап кеткен. Оны төлей алмай жүрген тұрғындар көп, - дейді ол.

Шымкент, 28 шілде 2021 жыл.
Шымкент, 28 шілде 2021 жыл.

Наразы топ лас судан бөлек жел тұрса өшіп қалатын жарықтың, жылудың проблемасын, 3 жыл бұрын пайдалануға берілгенімен жертөлесінен су жиналып, қабырғасы жарыла бастаған көпқабатты үйлердің мәселесіне әкімдіктің араласуын талап етті.

- Жертөледегі су екі жылдан бері кеппей тұр. Ол су қайдан келгенін ешкім анықтамай отыр. Жаңбыр жауса төбемізден су ағады, жел тұрса есік-тереземіз сақырлап, сынып кете жаздайды. Сөзіміз жоқ, - дейді наразылардың бірі Гүлмира Ешмұхамедова.

Наразыларды ондаған полиция қоршап тұрды. Тұрғындар әуелі жол жиегінде тұрып "Әйтенов келсін!" деп айқайлады. Содан кейін бір топ адам көшеге шығып, жолды жапты. Полиция оларды қоршап, күштеп жол жиегіне шығарды. Осы кезде Қаратау ауданының әкімі Абзал Әліқұлов пен қалалық басқарма басшылары келді. Әліқұлов тұрғындардың лай су ішіп отырғанын растады. Ол мұны ықшам ауданға жаңа су құбырына қосылғанымен байланыстырды. Әкім тұрғындарды 29 шілде күні күндіз жиналып, көтерген мәселелерін талқылауға шақырды. Лай су жіберген мекеме басшысына шара қолданылатынын, тұрғындар шағымына байланысты арнайы комиссия құрылатынына уәде бергеннен кейін жиналғандар тарады.

Тұрғындар наразылығынан соң ауыз су бұрынғы су құбырына қосылып, ықшамауданға таза су берілді.

Бұған дейін Алматы облысында да тұрғындар ауыз су мәселесінің шешілмегеніне шағымданып, жолды жапқан.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG